ҚОРАҒА АЙНАЛҒАН СТАДИОН ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛУДЕ
Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы @erlan_qydyralyuly Айшабибі ауылындағы орталық стадионның бүгінгі жай-күйін көрді.
Уақытысында сәні мен кескіні, дүбірі мен қызығы қатар қайнаған алаң бүгінде төрт-түліктің қорасына айналған. Нысанның келбеті де уақыт ағысымен бірге өзгеріске ұшыраған.
Әйтсе де, еліне жанашырлық танытатын азаматтар баршылық.
«Super Pharm» фармацевтикалық зауыты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Қаймолдаев аталған орталықты қалыпқа келтіруді өз қолына алған.
— Ауыл маңынан өрімдей жастарды көріп, болашағына алаңдайсың. Жұмыссыздықтың соңы адасушылыққа, ішімдікке салынуға әкеліп соғады. Ауыл орталығындағы орталық стадионды жастардың келешегі үшін ретке келтіруді жөн деп ұйғардым. Бүгінде орталық маңындағы диспетчерлік нысанның есік-терезелерін бүтіндеп, іші-сыртын қалыпқа келтірудеміз. Нысанда күрес, бокс залдары, би үйірмесі, ал үлкен алаңда футбол, ат спортын дамытуға мүмкіндік жасаймыз, — деді Қ.Қаймолдаев.
Әйтсе де, кәсіпкер аудан басшысына жұмысты жүйелеуге кедергі болып жатқан бірқатар мәселелерді жеткізді.
— Бүгін ауылда жүр дегеніңізді естіп, арнайы келдім. Маған бұл жер жеке өзіме ешқандай қажеттігі жоқ. Әкімдік теңгеріміне алсын. Аталған стадион аумағының жер учаскесін заңдастыру жұмыстары 8 айға созылды. Жұмысқа қолбайлау болды.
Сондай-ақ трансформатор, жарық, ауыз су жеткізу қажет. Осы жұмыстардың екпін алуына қолдау білдірсеңіз,-деді кәсіпкер.
Кәсіпкердің елге деген жанашырлығына риза көңіл танытқан Ерлан Қыдыралыұлы келесі айда құжаттарды толықтай заңдастыру бойынша сала басшыларына нақты тапсырма жүктеп, бюжеттік нақтылауда жарыққа қаржы бөлуге ықпал ететін алға тартты.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі