Ән-ғұмыр
Қазақтың ән өнерін бүкіл әлемге танытқан, 70 жыл сахнаның гүлі, ұлттың үні болған ән падишасы, халық қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қазалы қаласында туған. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «2022 жылдың бірінші қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның, КСРО-ның халық артисі, Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Роза Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шет елдердегі әнсүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін іс-шаралар қабылдауды тапсырдым» деген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес қазір игі істер мен ізгі шаралар басталып кетті.
Роза апамыздың әкесі Тәжібай сауатты, көп тіл білген, жоғары шенді офицер екен. Анасы Ақкүріш әп-әдемі ән салған. Оған қазақтың халық әндерін үйреткен әжесі Күндей. Журналист Торғын Нұрсейітоваға 2006 жылы берген сұхбатында Роза апамыз: «Төрт жасымнан ән айтып, би биледім. Тұңғыш рет алты жасымда ән сайысына қатысып, бірінші орын алдым. Оқушы кезімде де жүлделі орындарды иеленетінмін. Мектеп бітіргесін Қызылорда педагогикалық институтына түсіп оқыдым. Әкем қайтыс болып, тұрмыс ауырлады. Тағдырдың жазуы шығар, үшінші курс оқып жүргенде Ташкентке кеттік. Сонда туысымыз бар еді. Ән салмай жүре алмадым. Аула сыпырып жүріп те ән айтатынмын. Бірде менің дауысымды естіп, бір кісі қақпадан ішке енеді. Қарасам, ұзын бойлы, қара костюм киген үлкен адам келіп тұр. Ол: «Ертең сағат 10-да филармонияға кел, мен сол филармонияның директоры Кары Якуповпын» деді.
Ертесіне бардым. Өзбек филармониясының барлық артистері жиналып отыр екен. Маған ән салғызды. Тыңдап отырғандар алақандарын аямай соғып жатты. Әншілік жолым осылай басталған. Ташкенттің үлкен театрында өткен бір мерекелік концертке сол жылдардағы Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Осман Юсупов қатысып, менің өнеріме үлкен ықылас білдірді. Көп ұзамай қала орталығынан бес бөлмелі үй берді. Жайлы қонысқа орналасып алдық.
Мәскеу консерваториясына барайын деп жатқанымда соғыс басталып кетті. Соғыс кезінде майданның алдыңғы шебінде оқ пен оттың ортасында жүріп, ән айтқаным көпке аян. Қазақ, өзбек әндерімен қоса «Темная ночь», «Катюша» «Огонек», т.б. әндерді орындап, шабуылға шығатын әскерлердің рухын көтердім. Кеңес Одағының маршалдары Коневпен 1943 жылдың көктемінде, Рокоссовскиймен 1945 жылдың 22 ақпанында кездестім.
Кезекті концерттен соң бізді, ансамбль мүшелерін Рокоссовский қабылдады. Маған қарап: «Әдемісіз, әлі жассыз, уақыты келеді сонда сіз Кеңес мемлекеті өнерінің мақтанышы боласыз» деген. Маршалдың айтқаны келіп, 1949 жылы Будапешт қаласында өткен дүниежүзілік ән фестивалінде лауреат атандым. Екі рет Сталиннің қабылдауында болдым. Бұл туралы хабардар боларсыздар» деген.
Аңызға айналған әнші дүние жүзінің 54 мемлекетінде өнер көрсетіп, 30-ға жуық тілде әндер орындаған. Атақты композитор Соловьев-Седой Роза Бағланованың дауысына арнап «Толянушка» әнін жазған.
Өзбекстаннан Мәскеуге ән салуға келген Розаны Одақ астанасының Жоғарғы партия мектебінде оқып жатқан ақын Жұбан Молдағалиев іздеп тауып: « …Елге қайт, сендей өнерлі қазақ қызының өзге елдің әншісі болғаны жөнді емес. Мен республика басшылығына хабарлаймын» дейді. Жұбан ақынның дегені болып, сол жылдардағы Қазақстанның Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов Роза Бағланованы елге алдырады. Бұл 1947 жыл болса керек.
Оның келістіріп салған әндерін жастайымыздан тыңдап өстік. 1954 жылы ауылдағы әрбір үйге радио желісін тартқан. Небәрі 4 сом тұратын кішкене радиоқорапшадан Жамал Омарованың, Рабиға Есімжанованың және Роза Бағланованың орындауындағы қазақ әндерін отбасымыз болып, жібермей тыңдайтынбыз. Әкем жырау кісі еді. Анамның шыққан тегі Қармақшының сүлейлер елінен болатын. Әсіресе, өнерге жақын, өзі домбыра тарта білетін әжем Рәбиға Құдайбергенқызы әншілердің аттары аталса, дереу құлағын тоса қоятын. Мен де соған қалыптасқам.
1958 жылдың аяғында «Ақмаңдайлым» әні шықты:
– Көк майса Алатаудың бөктерінде,
Гүл тердік жастық шақтың көктемінде.
Алдымнан арманымдай жарқ етіп ең,
Қолымды жеткізгендей көкте күнге, – деп басталып,
Айналдым ақмаңдайлым
Ақылдым бал таңдайлым
Жалынды жас дәуренде,
Ұялма жан сәулем де.
Жақсылықтың жоқ сәулем ерте- кеші,
Жадырашы, назданшы, еркелеші, – деп қайырылатын Қалдаяқовтың осы әні қазақ даласын дүр сілкіндірді. Сөзін жазған ақын Мұзафар Әлімбаевтың айтуынша бұл – жігіттің қызға арнап салған әні. «Ақмаңдайлымды» ақын мен композитор Роза Бағлановаға апарып тыңдатқанда, бірден ұнатып, ертесіне Қазақ радиосына жаздырған ғой. Көп ұзамай қыздың жігітке арнаған жауап әні де дайын болады. Мұзафар ақын енді «Ақсұңқарымның» сөзін, Шәмші әнін жазады. Оқып көрейік:
– Есімде гүл терген кез көктем еді,
Есті қыз ер жігітті шет көре ме?!
Қапысыз қайрылмастай құлай сүйсең,
Құрбыжан құр бекерге өкпелеме.
Батырым, баяндым,
Дархан той базарлым,
Ақ көңіл – аяулым, Ақсұңқарым!
Аяла гүліңді
Ұмытпан үніңді,
Бір жырла жырыңды, Ақсұңқарым!
Екі дос қаздай,
Жадырап жаздай,
Жұбыңды жазбай, жақсы жар
Тыңда да бірге,
Шыңда да бірге,
Сында да бірге Ақсұңқар! – деп шарықтайды.
Тәптіштеп жазып отырған себебім, екі әнді де жүрегімен орындап, тыңдаушысына жеткізген Роза апамыз болатын. Радиодан тыңдап, үйреніп алған жастар «Ақмаңдайлым» мен «Ақсұңқарымның» шырайын шығарды. Екі ән бірінен соң бірі жұптасып шықса, осы әндер арқылы баянды болашаққа жұптасқандардың да куәсіміз. Сол жылдардағы жастардың әнқұмар, сезімге берілгіш, сосын сертке берік, уәдеге кәміл болғанын да айта кету артық болмас.
Бағланованың әнін тыңдап өскеніміз бір ғанибет болса, ол кісімен кездескен күнді бақытты сәт деп есептеймін. Мен ол кісімен екі рет кездескен адаммын. Ұмытпасам, 1978 жылдың жазы болатын. Жалағаш ауданының «Таң» ауылындағы №118 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болатынмын. «Роза Бағланова концерт беріп келе жатыр» деген хабар ауылға тез тарады. Кеңшар мен мектеп басшылары болып дереу дайындала бастадық. Ертесіне таңертең «Қазақконцерттен» админстратор келді. «Клубтарыңыз тар екен, халық сия ма, қалай болады?» деп екіұдай кейіп танытты. Ауыл басшылары концертке тек ересек адамдар ғана келетінін айтқасын ғана «мақұл» деген.
Қаладан гүл әкелуге кеткендер ұлы бесінде шаң берді. Гүлдердің түбіртектеріндегі тікеншелерін алып тастап, тас түйін етіп 5 гүлдесте дайындадық. Концерт басталуға екі сағаттай қалғанда әнші бірнеше өнерпазбен келіп жетті. Мектептің жас мұғалімдеріне сахнаға қарай шығатын жердегі дайындық бөлмесіне жұмсақ диван, аяғымен тұратын үлкен айна, үстел, бірнеше орындық кіргіздіріп, дайындап қойғанымыз абырой болды. Ауыл еңбеккерлері жезтаңдай әншіні тыңдауға түгел жиналды. Содан концерт басталды. Сахнаға Роза Бағланова шыққанда клуб іші жайнап, құлпырып кеткендей болды. Алақанымызды дуылдата соқтық. Әнші халық әндері «Ахау, керім», «Екі жиреннен» бастап, қазақ композиторларының бірнеше керемет әндерін әуелетті. «Сәулем-айды» орындап болғасын алғашқы гүлді апарып ұсынғанмын.
Арада 14 жыл өткенде, яғни 1992 жылы әнші апамызбен екінші рет кездесудің сәті түсті. Қазан айының басы болатын. Күрішті жинап алып, қырманға әкеліп тазартып жатқанбыз. Тұқым шаруашылығы болғандықтан «Ақмаржанның» көбірек бөлігін Жалағаш ауданының барлық күріш егетін шаруашылықтарына келер жылдың тұқымы ретінде кондицияға жеткізіп берудеміз. Біршамасын аударыстыра кептіріп, өзіміздегі жабық қоймаға күн-түн демей жеделдете кіргізіп жаттық. Себебі, екі күн бұрын жаңбыр жауған. Күздің күніне сенім бар ма? Ылғал – күріштің жауы. Тайлы-таяғымыз қалмай жабыла кірісудің мәні осында.
Аудан әкімі телефон соғып: «Кешке Роза Бағланова барып концерт қояды, ол кісі сенің ауылыңа баруды өзі қалап отыр, дайындал» деді. Мен қуана қарсы алатынымды айттым. Әлемге атын әнмен жазған, дүние жүзіне әйгілі, ғажайып әншінің алтын күзде қазақ елінің бір кішкене ғана бөлшегі «Таң» ауылына бет түзеуін іштей Жаратушының бізге жіберген сыйы деп есептедім. «Жақсы келді дегенше, жарық келді десейші, дүниенің байлығын алып келді десейші» дегендей Роза Бағланованы көріп, оның әнін тыңдауға келген жұрт кеңшардың 400 орындық мәдениет үйіне сыймай кетті.
Ауыл еңбеккерлерінің әншіге деген ықыласы ерекше болды. Әнші де шабыттана түсті білем, қазақтың халық әндерінен соң, Әбілахат Еспаевтың, Шәмші Қалдаяқов пен Ескендір Хасанғалиевтің сазды әндерін келістіре шырқады. Алдыңғы қатарға Ұлы Отан соғысы ардагерлерін отырғызғанбыз, енді бір сәтте майдан әндері «Темная ночь», «Синий платочек», «Толянушка» сонан соң, «Ах, Самара городокты» әуелетті. Бір ардагер сахнаға шығып, гүл ұсынған. Концерт соңында елдің басшысы ретінде халықтың атынан рахметімді айтып, қадірлі апамызды дастарханға шақырдым. Бұл бір естен кетпес кеш еді. Үйге кіріп, дастарханға отыра бергенде қазанға жабылған нанды көріп: «Біздің Қазалының қазанжаппайы ғой», деп қуанып, шетінен үзіп аузына салды. Аудан әкіміне еріп келген, бізге жезделігі бар ақын Қомшабай Сүйеніш: «Осы үйдің хозяйкасы қазалылық, сіңіліңіз болады» деген. Сіңлісімен танысқасын Роза апасы: «Азаматыңды ардақтай біл, бақытты бол! Қазір ел басқару дегенің оңай болып тұрған жоқ ғой» деді.
Бір жағы қысылыңқырап қалсам да, асыл апамыздың мына сөзі мені іштей ризашылық сезімге бөледі. Ертесіне аудан орталығы Жалағаш кентінде концерт беретінін білсе де, әнші біршама уақыт отырды. Сөз арасында: «Сыр бойындағы елді ойлап, ырзық-несібе мол болса қуанамын. Сонау Алматыда отырып, егіндерің бітік шығып, малдарыңның шығынсыз болғанын тілеймін, өткен күндері жаңбыр жауғанда, күріштерін толық жинап-теріп алса етті деп қиналдым» деді. Қоштасар сәтте маған бұрылып:
– Айналайын, жұртыңды жұмылдыр, астығыңды толық тазалап аласың, ойдағың орындалады. Алла біледі деп айтайын, 4-қарашаға дейін жаңбыр жауа қоймас, – демесі бар ма?! «Жақсыдан шарапат» дегендей апамыз нағыз Қыдырдың өзі екен, айтқаны келді. «Таң» кеңшары аудан шаруашылықтарына 33000 центнер «Ақмаржан» күрішінің тұқымын сатып, бір миллион сомға жуық таза пайдамен шықты. (Ол жылы әлі өзіміздің төл теңгеміз шықпаған, рубль өте құнды. Бұл кеңшар үшін аз қаражат емес. Т.Е.) Еңбек адамдары қосымша ақы алды. Бүкіл ғұмырын әнге арнап, 70 жыл елінің ыстық ықыласына бөленген Роза Тәжібайқызымен кездескен осы сәттер ұмытылмайды.
…Енді Роза Бағлановамен өнерде бір жүрген әнші-композиторлар және баласы Тәжен мен келіні Маралдың айтқан естеліктерін тауып алып, оқырман қауымға қысқартып ұсынғанды жөн көріп отырмын.
Төлеген Мұхамеджанов композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Роза Тәжібайқызы бірде маған: «Керемет сөз бар, «Іңкәрім», «Іңкәрім-ай» деген. Әншіні бірден түсіндім. Шамалы күннен соң, ақын Бәкір Тәжібаевты ертіп апамыздың үйіне бардым. Бәкеңнің ән мәтінін тез жазатынын білемін. Мазмұнын апамыз өзі айтып берген. Дереу іске кірістік. Мен фортепианода отырдым. Бәкір Тәжібаевтың қолы қаламсапта. «Екеуің көре беріңдер мен сендерге керемет палау басып беремін» деп апамыз ас бөлмеге кіріп кетті. Бас-аяғы бір сағатқа жетер-жетпесте ән дайын болып, әншіні шақырдық. Ол кісі алғашқы аккордты бергеннен-ақ ықыластана кетті. Біз орындай бастадық:
– Бұл өмірде сен маған серік едің,
Құрбан етіп антыңды беріп едің,
Көңіліме көктемдей көрік едің,
Іңкәрім-ай, іңкәрім, іңкәрім-ай…
Мені сағындың ба?
Жүрмін жалын мұңда.
Іңкәрім-ай, іңкәрім, іңкәрім-ай.
Осы бір шумақ пен қайырмасынан соң-ақ, апамыз қосылып кете барды. Ән сондай ұнады білем, қайта-қайта айтты. Жаңа әнге жан-дүниесімен беріліп отырғанда ас үйдегі палау ұмытылып, күріш күйіп кетіпті.
Бибігүл Төлегенова, КСРО Халық артисі, Еңбек Ері:
– Халқы Розаны еркелететін. Өзі де халқына еркелей білді. Кең байтақ Қазақстанымызда Бағланова барып ән салмаған жер жоқ та шығар, бәлкім?!
Швецияда, Венгрияда, т.б. жерлерде бірге концерт қойдық. Қонақ үйлерде бір бөлмеде жаттық. Апамыздың алдынан ешкім кесіп өткен жоқ. Сыйлайтынбыз, құрмет тұтатынбыз. Кейінірек шетелдерге гастрольдік сапарлармен барсам, «Ах, Самара городок» қайда деп сұрайтын. Шындығында осы ән Роза Бағланованың төлқұжатына айналып кеткендей еді.
Құдайберген Бекіш, әнші: «Бір жылдары «Қазақконцерт» әкімшілігі мені Роза Тәжібайқызы Бағланованың концерт жүргізушісі әрі администраторы еткен. Әлі есімде, әйгілі әншімен алғашқы гастрольдік сапарым Ұзынағаштан басталған. Сол концертті «Республикам менің» атты көркемсөзбен ашқанмын. Әлемдегі ең әйгілі әйелдердің қатарынан орын алған қасиетті Сыр бойының перзенті, Роза Бағланова сахнаның гүлі, әннің падишасы еді ғой.
Баласы Тәжен: – Анам өте еңбекқор адам еді. Шаршадым деп айтқанын бірде-бір рет естігенім жоқ. Жас күнімде мені қатты еркелететін, өзімен бірге алып та жүрді… Үйде қалсам, концерттік сапардан келгенше қатты сағынатынмын…
Алтынбек Қоразбаев, композитор, Қазақстанның Халық артисі: – 1969 жылы консерваторияның бірінші курс студенті болатынмын. Роза Бағланованың ансамбліне домбырашы керек болып мені алып кетті. Ансамбльде алты ғана сүйемелдеуші аспап, оның екеуі домбыра еді. Кішкентай ғана қате ойнасаң апай біле қояды. Ол кісі өте сезімтал, аңғарғыш, естігіш. Екі ай дайындалып, Арменияға гастрольдік сапарға кеттік. Мені еркелетіп «Сарыбала» дейтін. 1979 жылы Жамбыл облыстық филармониясына директор болып келгенімде Роза Тәжібайқызы қатты қуанды. Әншілік қызметінің жолына тоқталар болсақ: 1947-1949 жылдары Қазақтың Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында әнші болған. 1949 жылы Жамбыл атамыздың атындағы филармонияға келді. «Қазақконцерт» филармониядан бөлініп шыққаннан кейін әншілік ғұмыры осы өнер ұжымында өтті.
Келіні Марал: – Апамнан көп тәрбие алдым. Ауылда ата-әженің қолында өскен қызбын ғой, көп нәрсені үйретті. Тағылымды әңгімелер айтатын. Сондай балажан еді. Гастрольдік сапардан келіп, демалып жатса: «Әжелерің жолсапардан шаршап келді, шуламаңдар» деп балаларды тыныштандырып қоятынбыз. Ондайда: «Балалардың неғып дауыстары шықпай жатыр?» дейтін. Шындығымды айтсам, «шуласын, ойнасын, олардың маған сонысы керек ғой» дейтін. 11 жыл бірге тұрдық. Өмірінің соңғы жылы маған дәптер арнатты. Қажет болады дегендерін түгел жаздырды. «Азан шақырып қойған атым Үрбибі, жаназамды солай деп шығарсын» деді.
Қайталанбас тұлға туралы жазбамызды «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айгүл Аханбайқызының «Ұлттың үні» атты мақаласындағы мына жолдармен аяқтағым келеді: «Тарихи тұлғалардың ұлылығын әр кезеңнің ұрпағы өз көзқарасымен танығанда ғана тұғыры бұрынғыдан да биіктеп, салмағы арта түседі екен. Жақында жарқын мысалын көрдік. Ән мен әдемілікті басына тәж етіп қондырып, үстіне қынама бел жарасымды қамзолдары мен бүрмелі көйлектерін, басынан үлпілдеген үкілі тақияларын тастамай ұлттық дәстүрді серік еткен Алаштың ай маңдайлы аруы Роза Бағланованың Аралға араша сұрап, бозторғайдай шырылдаған азаматтық үнін естіп, бүкіл қоғам «шын батыр екен» дестік… Роза Бағланованың әлдебір жиынның мінбесінде тұрып, Арал теңізінің қасіреті туралы өр рухпен айтқан өткір сөзі жазылған бейнетаспа соңғы бір жыл бойы әлеуметтік желіде кеңінен тарады…
Туған жеріндегі шындықты шырылдап айтып тұрған әншінің сөзін ұйып тыңдап отырған адамдардың маңыздылығына қарағанда арнайы шақырылған ауқымды мәслихаттардың бірі. Өзіміз білетін белгілі қаламгерлер Мұхтар Шаханов, Рахманқұл Бердібаев, Сайын Мұратбеков және Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатов отыр. Жұрт алдына ән салуға шыққанда жадырап, жайнап кететін Роза Тәжібайқызы салмақты мінезбен сөйлегенімен мінбеге арнайы баяндама жазып әкеліп, әзірленіп шықпағаны байқалады. Алдына жайылған ақ қағазы жоқ, сонда да Аралына арнаған сөзін жүрегінен суырап алып, түйдек-түйдегімен сілтеп жатыр. Сондағы орыс-қазағы жым-жырт қалпы кірпік қақпастан көз алмай қадала қарап қалған.
Әншінің орыс тілінде сөйлеген сөзін дәлме-дәл аударып келтірсек, мәтіні былайша өріледі: «Мен соғысты көрдім. Соғысты тоқтатуға болады, атом бомбасын тоқтатуға болады, аспандағы ұшақты тоқтатуға болады, бірақ Аралда болып жатқан жағдайды тоқтату мүмкін емес. Біз мұнда айтып жатырмыз, ал анда табиғат өз дегенін жасап жатыр. Біздің «ұлы ғалымдарымыз» тұтас ұлтты жатырында өлтіріп жатыр. Басқа уақыт болса біз мұны зиянкестік дейтін едік, ал егер сол зиянкестер КСРО академиктері, Социалистік Еңбек Ерлері, екі-үш мәрте лауреаттары болса не дейміз. Қараңызшы, қазақ елінің жерінде не бар: Семейде – полигон, Байқоңырда – космодром, Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Бұл не сұмдық? Тұтас ұлттың жан азабын, қайғысын, қасіретін естірту үшін, бізді тыңдау үшін қандай тиісті орындарға дейін баруымыз керек?!» Бұл 1988 жыл еді. Жетпіс жыл мызғымаған Кеңес Одағының сірескен сүңгі мұзы мен тоңының ептеп жібіп келе жатқан жылымық шағы болса да, әлі толықтай ерімеген кезі. Жаннан безбей жеңбек жоқ. Түгел дүниені уысында ұстап, темірдей тәртібімен тітіренткен Кеңес Одағының кезінде атақ-даңқы мен абырой-беделін жиып қойып, ұлтының басындағы ауыр ахуалды шымбайға бататындай шырқыратып айтып жатыр апамыз. Қолына жарамды киім түссе, жалаңаштың иығына жауып жылытқан жомарт қасиетіне батырлық мінезінің жарасым тапқанын әйгілі Желтоқсан оқиғасы да бір түйіндеп кеткен. Желтоқсанның аязында «жастар алаңға жиналып жатыр» дегенді естіп, талай белгілі тұлғалар бұғып қалғанда, «кеше фашистен де қорыққан жоқпын, таяқталып жатқан балалардан жаным артық емес» деп асыққаннан етігін аяғына қоңылтаяқ кие салып, алаңға келіп тоқтау салуы – көкөрім жастар арандап, ажал құшпасын деген жанашырлығынан туғаны анық.
Аумалы-төкпелі кезеңдердің ызғарына арқасын беріп, құрыш қайсарлығымен қарсы тұрған Бағланованың батырлық істері тарихтың белестерінен әлі талай көрінетіні хақ».
Иә, әлем көгіне қазақ әнін асқақтатқан Алаштың ардақтысы Роза Тәжібайқызын 100 жылдығында қалай жазсақ та, қалай дәріптесек те еш артықтық етпейді. Оның әншілік және азаматтық тұлғасы жылдар өткен сайын даралана берері сөзсіз. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деп бекер айтылмаған болар?!
Темірбек ЕСЖАНОВ,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі