Жамбыл қаласында Наурыз тұңғыш қашан тойланды?
Өткен ғасырдың 80 жылдардың аяғында мызғымастай көрінген Коммунистік партия шатқаяқтап, тоталитарлық режімнің сеңі сөгіліп, жылымық есті. Алып Одақтың шаңырағы шайқалып, уығы сына бастады. Бір шаңырақ астында 70 жылдай ғұмыр кешкен елдер егемендігін талап етіп, өз бетінше өмір сүруге ұмтылды. Қазақ қоғамында да тәуелсіздіктің арманы асқақтап, өз көшін түзеуге кірісті.
Хаттың қысқаша мазмұны мынадай: «Жамбыл қаласы – жер бетіндегі көне қалалардың бірі. Оның ХХ ғасыр басындағы кейпі әлі күнге менің көз алдымда. Жиырмасыншы жылдары қала халқы негзінен қазіргі Фурманов, Абай, Киров, Пушкин, Ленин, Карл Маркс, Коммунист, Промышленная, Наманган көшелерінің бойына шоғырланған еді. Бұл көшелердің қос өңірінде өскен миуалы талдарақтан күн сәулесі көрінбейтін. Олардың аумағы он гектардан жүз гектарға дейін созылып жататын. Жеміс баулары негізінен Золотарев, Смирнов, Давыдов, Ахмед, Кабир, Сайдалы сияқты байбағландардың иелігінде болатын. Ол кезде қазіргі Жамбыл проспектісі жоқ, Фурманов көшесінен Сүлейменов көшесіне дейін, «Сельхозтехника» мекемесі орналасқан тұстан отын базасына дейін Тәжіназар байдың 70 гектар алма бағы бар еді. 100-120 гектар бау-бақша химияшылар поселкесінде орналасқан болатын. Әулиеата уезінің бастығына қарасты үлкен бақ Орталық стадион, «Қазақстан» кинотеатры аймағында еді. Былғары аяқ-киім бірлестігінің шығыс жағынан теміржолға дейінгі 400 гектар жерді орман алқабы алып жататын. Одан әpi Талас өзенінің сол жақ өңірі Киров су қоймасына дейін ит мұрыны өтпес қалың қау ағаш өскен тоғай еді. Қант зауытынан Талас стансасына дейін Чукунов дегеннің жеміс бауы еді-дағы, одан әpi тау етегіне дейін созылған жасыл орман Дербіс болыстың иелігінде болатын.
…Ескі календарь бойынша жыл басы Наурыз айынан басталатын. Наурыз айының алғашқы күнін Наурыз тойы деп өткізетін. Отырықшы халық бұл күнді бүкіл жұртшылық болып талдарақ отырғызуға арнайтын еді. Сол жақсы дәстүрді неге ұмытамыз? Наурыз тойы – бірінші наурыз күні бүкіл қала халқы неге көшеге шықпасқа? Қаланың жан басына бip-бip түп ағаш отырғызылса, үш жүз мыңнан астам ағаш бой көтереді екен. Бұл дегенің келешек үшін игіліктің үлкені болмас па еді? Оның жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні де орасан зор болмақ екен. Үй ipгeciнe, немесе көше бойына отырғызған ағашты жас бүлдіршіндерге «Мынау сенің бәcipe ағашың, күнде су құйып, мәпелеп тұрасың» деп тапсырса, ол бала бойында мақтаныш сезімін тудырумен қабат, оны еңбекке баулудың тәлімді жолы болып шықпай ма?
«…Тағы бip ұмытылып жүрген мәселе – қала халқы үшін демалыс аймағын жабдықтау. Бip кезде мұндай аймақ үшін шалғайдағы Билікөл жағалауы таңдалып, онда бipнеше мекенжайлар да салынған болатын. Жердің шалғайлығынан, көлдің тартылып кету себебінен бұл шаруа ақыры аяқсыз қалды. Меніңше, демалыс аймағына ең лайықты жер – Таластың қос өңірі. Жамбыл – Алматы теміржолынан төмен карай Михайловка селосына дейін өзеннің eкi жағалауын тегістеп, жарты шақырым сайын тоспа қойып, судың деңгейін көтерер болса, таптырмайтын демалыс аймағы пайда болар еді». Жұп-жұмыр шағын мақаланың айтары зор еді. Қарапайым қария ел мен жұрттың көкейіндегісін дөп басқан. Бұл мақаланы қайта басып отырғанымыз бүгінгі Тараздың тарихынан сыр шерткен ойларымен оқырманды хабардар ету. Сол уақытта айтылған бұл ойлар күні бүгінге дейін өміршең. Соны еске салдық. Іле-шала қарияның Ашық хатына қала басшысы тарапынан жауап берілді. Мұнда Наурыз мейрамы жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Тек сенбіліктер ұйымдастырамыз, үш жүз мың түп ағаш отырғызамыз делінген сырғытпа жауап қана.
Сол жылдың көктемінде қаладағы Фурманов көшесі бойында Наурыз алғаш рет аталып өтілді. Оған мұрындық болған Акрам қарияның бастауымен сол маңдағы ұлты өзбек бауырлар көше бойына көшеттер екті. Келесі 1989 жылы Наурыз тойы қаланың Фурманов (қазіргі Көшеней) көшесі және Шорс көшелері қиылысында өтті. Іргелес «Дастархан» кафесінің алды абыр-сабыр қимыл. Қазандар көтеріліп тұрғындар ас қамына кіріскен. Күн құрық бойы көтеріле мұнда халық қаптап кетті. Әншілер ән салып той көрігін қыздырды. Дәл осы сәтте Мечников пен Коммунистік көшелерінің қиыслысындағы үнемі жәрмеңке өтіп жүрген алаңға да халық қаптап кетті. Мұнда да жұрттың көңіл күйі, ықыласы ерекше еді. Өшкені жанып, ұмыт болған жәдігерін қайта тапқан жамбылдықтар бірбіріне ашық-жарқын тілектерін арнап жатты. Облыс орталығының тұрғындары «Химик» стадионына қарай ағыла бастады. Түс әлетінде мұндағы той тамаша, ерекше әсерлі көрініс алды, ине шаншар бос орын болмады. Мерекелік шеруді ұлттық киім киіп шаңырақ, үстіне бір шоқ гүл көтерген ұл-қыздар бастады. Жұрт алдына композитор Алтынбек Қоразбаев бастаған, Есенбек Сәтбаев және Ы.Сүлейменов атындағы мектеп оқушысы Мейрамбек Беспаев сынды жас әншілер жырдан шашу шашты. Осында ақындар айтысы болып өтті. Ақындар Шорабек Айдаровтың, Серік Қалиевтің, Ертай Тазабековтің айшықты айтыстары жұрттың айызын қандырды.
1990 жылы Наурыз Жамбылда Ұлыстың ұлы күні «Шаңыраққа жан, өріске мал, көңілге қуаныш толсын» деген ақ тілекпен тойланды. Мереке Орталық алаңда өтті. Қызыл-жасылды ұлттық киім киген жұртқа қарап сүйсінгендейсің. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер той сәніндей, заман қанша қиын болғанмен халықтың көңіл күйі көтеріңкі еді. Бір-бірімен төс қағыстыра амандасып, мал-жанның амандығын сұрасып жатты. Олардың осынау ақ пейіліне табиғат та ризашылығын білдіріп, Жер-Ана да бар мейірімін төгіп тұрды. Аппақ киіз үйлердің маңайында дағарадай аппақ кимешекті аналар мен бөрікті аталарымыз атамыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін көрсетіп жатты. Бұл күн жұрттың есінде ұзақ уақыт сақталып Наурыз мерекесін сағынатындай әсерге бөледі.
Жалпы Наурыз мерекесі ортамызға қалай оралды? Оны ұмытуға болмайды.
Ақын Мұхтар Шаханов өзінің естелігінде: «1988 жылы Ұлыс мейрамын мемлекеттік дәрежеде тойлау мәселесімен сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бipiнші хатшысы Колбинге кірдім. Ол мені мұқият тыңдады. Бұл мәселені бюрода қарамай шеше алмайтынын жеткізді. Содан талқылау барысында бюро мүшелерінің eкeyi ғана мені колдапты. Олардың бipi – сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, eкіншісі – ОК-ның идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлi Жәнібеков екен. Ұсынысым өтпей калған соң бipiншi хатшының қабылдауына қайта бардым. Әpi-бepi ырғасып, ақыры оны көндірдім. Осы арада Колбин ақшаның жоқтығын алға тартып тағы қисайды. Міне, осы сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен азаматтық танытып, үкімет бюджетінен қағыстырып, қаржы тауып берді. Соның арқасында Алматыдағы Горький атындағы саябақта толағай той болды. Артынша бүкіл еліміз төл мерекесімен табысты», дейді.
Сөйтіп 1988 жылы республика көлемінде қадау-қадау жерлерде Наурыз мейрамы атап өтілсе, 1989 жылы жаппай халықтық мерекеге айналып, еліміздің барлық өңірінде тойланды. 1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығы шығып, «Наурыздың 22-ci – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды.
Иә, жыл басы Наурыз мерекесін халқымыз «Құл құрықтан құтылған күн» деп теңепті. «Самарқандтың көк тасы еріген күн» дейтіні де бар. Бар тіршіліктің тіні Жер-Ананың иіп, маужырап, тіршіліктің бастауынан хабардар ететіні бар. Дәл осы күннің ерекше екенін ата-бабаларымыз білген. Білгеннен соң «Жыл басы» деп атапты.Одан бері де талай жылдар өтті. Талай Наурызды қарсы алдық. Тойладық. Дегенмен сонау жылдары Акрам қария айтқан арман да ұмыт қалды. Сенбіліктен кенде емеспіз, бір ай түгілі бірнеше айды науқанмен өткізіп жатырмыз. Бұрын халық өзі шығатын сенбілікке сенбіліктен бұл күндері әбден ығырлары шыққан. Көктемнің соңынан «Пәлембай мың түк ағаш отырғыздық» деген шенеуніктердің өтірік есебіне селт етпейтін болды. Егер ол шенеуніктердің сөзіне сенсек Тараз қалың ағаштың құшағында тербеліп, маңайда алма ағашы тұнып тұрар еді.
Бір кездері қаланың іргесінде қалған Талас өзені әлі де ағып жатыр. Бүгін де ол қаланың орталығына таяу қалды. Өйткені «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген халық даналығы бар. Өсіп-өніп жатқан елміз, Таласқа жағалай қоныстанған елдің қарамынан көз тұнады. Осы өзеннің қос жағалауы әлі күнге бос жатыр. Жаз маусымында елдің демалыс орны осы емес пе? Осыны да ұқсата алмаймыз ба? Бұл да – ел көкейіндегі мәселе.