Ерінбеген адамға үйде де жұмыс көп

– Əлемді әбігерге салып қойған пандемия кезінде ұлттық сусынның қадірі артып, бағасының шарықтап шыға келгені көпшілікке ауыр тигені рас. Оның иммунитетті көтеретін қабілетінің барын естіген жұрт саумал мен қымыз ішіп кетіп еді. Əрине, емдік қасиеті жоғары қымыздың көп дертке шипа екені де белгілі. Сол қасиеті болар, сұраныс төмендеген емес. Сұраныс болғандықтан да жыл он екі ай бие сауып, кəсібімізді тоқтатпай жұмыс істеп келеміз, – деді ол.

Биыл ол облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған қанатқақты жобаға қатысып жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейткен. Қазіргі Ттаңда өздері құрған «Беспай» шаруа қожалығының жұмысын жандандыруда.

Шаруашылықтағы қымыз ашыту, күбі пісу жұбайы Гүлмарал Артаеваның мойнында. Оның бұл кəсіппен айналысып келе жатқанына бірнеше жыл болыпты.

– Ауылдағы негізгі күнкөрісіміз – мал. Балаларымызды оқытып, нəсібімізді де сол қолға қараған төрт түліктен айырып отырмыз. Ерінбеген адамға үйде де жұмыс көп. Тек көзін тауып жұмыс істей алсаң болғаны. Жұбайым екеуміз ақылдаса келе, бие байлап, қымыз әзірлеуді қолға алған едік. Оны жыл он екі ай тоқтатпаймыз. Жаман болғанымыз жоқ, еңбегіміз ақталды. Қазір екі қысыр биені сауып отырмыз. Жазда бес бие сауамын. Өзімнің енемнен мұраға қалған күбім бар. Оны майлап, ыстап, үнемі тазалап, пайдаланудамын. Өйткені қымыз тазалықты жақсы көреді,– деді Гүлмарал Көпбосынқызы.

Кәсіп иелерінің тұрақты тапсырыс берушілері бар. Қымыздан бөлек, соңғы кезде саумалға сұраныс артып, көрші ауылдан да тұрақты келіп, алып-кетіп отыратын адамдар көбейіпті.

– Тəжірибе еңбекпен келеді. Қымыздың бабын келтіруді енемнен, көрші-қолаңнан сұрастыра жүріп үйреніп, жетілдіре түстім. Бүгінде көпшілік жұмсақ қымызды жөн көреді. Тапсырыс берушінің сұраныстарына қарай сүтті əртүрлі ашытамын, қымызын дайындап беремін. Қыстыгүні сүт аз болады. Сондықтан күнделікті сауылған сүтті күбіге жинап, әзірлеймін. Екі күнде 20 литрдей сүт жиналса, екі сағат күбіде піспекпен пісемін. Қымыздың дәмді болуы оның дұрыс пісілуіне байланысты. Егер пісілуі аз болса, онда қымыз қышқыл болып қалады, – дейді ол.

Күбідегі сүтті ашыту үшін оны Гүлмарал бес мың рет қолмен пісіп, екі сағат уақытын соған жұмсайды. Ол тұтынушылардың ойынан шығу үшін ерінбейді. Қымызы жақсы болу үшін оның қорын да үзбей келеді.

«Жазда қымызды әзірлеген оңай. Себебі күн жылы болғандықтан, күбіге құйылған сүт пен қымыз араласып, тез ашиды. Ал қыста керісінше, көп уақытты қажет етеді. Бірақ қыс айларында дайындалған қымыздың дәмі ерекше болады», дейді кәсіпкер.

– Жұбайым 2,5 пайыз жеңілдікпен несие алды. Алдағы уақытта тағы да сауынды биелер алып, олардың санын арттырып, қымыз өндірісін жолға қою ниетіміз бар.Сонымен бірге дертіне шипа іздеген жандарға ем болсын деп, саумал да дайындап береміз. Сондай-ақ бүгінде көпшілік арасында ұлттық сусынды той-томалаққа, жиындарға арнап көптеп алады. Қазір де Наурыз мейрамына тапсырыс беріп қойды. Біз бір жағынан отбасылық кәсіпті қолға алсақ, екінші жағынан ұлттық сусынымызды ұлықтап отырмыз, – дейді ол.

Айгүл ҚАЛМАҚАНҚЫЗЫ,
журналист.
Жуалы ауданы