Жамбыл облысында 19 жүргізуші 7 жылға дейінгі мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды
Ағымдағы жылдың 14-20 наурызы аралығында Жамбыл облысының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауға, қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы басталғаннан бері тіркелген 24 қылмыстың 13-і ізін суытпай ашылды. Сонымен қатар, тіркелмеген қару мен түрлі калибрлі 125 патронды сақтаудың 12 дерегі анықталды.
— Сондай-ақ, мас күйін анықтау мақсатында медициналық куәландыру жүргізу үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына 19 жүргізуші жеткізілді. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, олардың барлығы да мас күйінде болған. Мас жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК – нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, осыған қатысты 15 тәулікке қамауға және жеті жылға дейінгі мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылады , — деп атап көрсетті Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев.
Сондай-ақ облыс полицейлері 2600-ден астам тәртіп бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты.