Рамазан 2 сәуірде басталады, 2 мамыр – Ораза айт
Жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – ерекше ай. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Осы айда мейлінше қайырымдылық іс-шараларды көбірек атқаруға шақырамын» деді.
Төралқа мәжілісінде наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуірден басталатынын, Өзбекстан, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, осындай ортақ шешім қабылданғанын атап өтті. Мәжілісте «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Қанат Қыдырмин қасиетті айда атқарылатын қайырымдылық іс-шаралар туралы Бас мүфтиге баяндады.
Айта кетсек, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.