ЖАМБЫЛДАҒЫ МЕДИЦИНА САЛАСЫНА ЖҮЗГЕ ТАРТА ЖАС МАМАН ТАРТЫЛДЫ

Жамбыл облысында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. COVID-19 пандемиясының күрделілігіне қарамастан, медициналық ұйымдар белгілі бір оң жетістіктерге қол жеткізді.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аймақтағы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев айтты. Ол жалпы медико-демографиялық көрсеткіштердің жағдайына тоқталып, табиғи өсім көрсеткіші 3 %-ға, туу көрсеткіші 7,6%-ға өскенін мәлімдеді. Бала өлімі төмендеп, 1000 нәрестеге шаққанда 8,1 промильді құраған.
©️©️©️
«Өңірде әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша жағдай тұрақты. Туберкулездің өлім-жітім көрсеткіші 30%-ға, қатерлі ісіктікі 6,7%-ға азайды. Қан айналым жүйесінің аурушаңдық көрсеткіші 6,5%-ға төмендеді. Халыққа сапалы, қолжетімді медициналық қызмет көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 2,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, 144 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Одан басқа, 2 млрд. теңге көлеміндегі қаржыға 1 «Сызықты үдеткіш» алдық. Нәтижесінде, аймақтың медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы 88%-дан асты», — деді Әсет Әскерұлы.
Спикер кадр тапшылығын азайту бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Бүгінде облысқа 97 жас маман келсе, 2020 жылы 196 кадрмен толыққан.
©️
Өңірлік коммуникациялар қызметі