Мен сіздің ұлыңызбын, сізге ұқсасам жаман ба…
Әлемдердің Раббысы Алланың атымен бастаймын!
Жаратушы иеміз Алланың кітабы Құранда бұлтартпас дәлелдермен келтірілген шараптың харамдығы жайлы аятты есітіп білсе де нәпсі құрғырдың жетегінде жүріп, лағнет атқан шайтанның тізгінінен шыға алмай жүрген адамдар қандай аянышты десеңші. Қуанышта Аллаға мадақтармен шүкіршілік , қайғыда иесінен сабырмен медет сұрайтын мұсылман қауымның ішінде қайғымен қуанышын харам етілген арақ шараппен бөліскен қазақтың саны аз еместігі, жүрегіңді ауыртып, қабырғаңды қайыстырады. Азық-түлік сатып алуға дүкен барсаң төріне сыңсытып қойған тағы сол харам су. Құрмет тұтып қонағын сыйлағанда дастархан арақсыз болмайтынын өз көзімізбен көріп жүрміз.
Бір тақуа діндар жас жігіт күнделікті 5 уақыт намазын мешітте оқиды екен. Әлгі жігіттің мешітке барар жолында бір байдың үйі тұратын. Байдың әйелі түрі келіскен тақуа жігітке құмартып жүреді екен. Бір күні жігіт намаз оқу үшін мешітке кетіп бара жатса бай үйінен «Көмектесіңдер!»,- деген бір дауыс есітіледі. Жігіт көмек бермекші болып үйдің ауласына кірген де бай әйелінің қызметшісі есікті бекітіп алады. Жігіт есікті ашуға әрекет етіп көреді. Болмайды. Сонда байдың әйелі: «Сен менің айтқанымды істемесең айғай салып, мені зорлауға келді деп күйеуіме айтамын, содан соң сенің жағдайың не боларын кім білсін»,- дейді. Жігітке, «Менімен зина жасайсың немесе мына арақты ішесің немесе мына баланы өлтіресің»,- деп өгей баласын көрсетеді. Жігіт біраз тұрып, «Адам өлтірумен зина жасау ауыр күнә жеңілдеу болған арақты ішейін де кете салайын»,- деп ойлап арақты ішеді. Арақты ішіп мас болған соң зина да жасайды, баланы да өлтіреді.
Міне сондай тақуа жігітті де кісі өлтірумен зинаға апарған аты өшкір харам арақ. Елімізде қаншама жастар харам ішкіліктің кесірінен кісі өлтіріп, зина жасап жетім балаларды арттырып, өздерінің келешегімен болашағына балта шауып жатыр. Алла Тағала пендесіне ненің жақсы ненің жаман екенін білетін Жаратушы емес пе, неге біз оған қарсы келеміз.
Өз ұрпағын ойлаған саналы адам арақтың маңына жоламай бала шағасында одан қорғайды. Тағы бір мысалды келтіре кетейін.
Бір жігіт достарын қонаққа шақырып, дастарханын түрлі тағамдармен жасап арақ шарапты үйіп төгіп қойыпты. Бір сәтте әлгі жігіттің жеті- сегіз жастағы баласы келіп, шөлмектің бірін алып: «Әке мынау арақ қой я, сіз бұны ішесіз ғой , достарыңызда ішеді ғой , кейін мас боласыздар ғой а?»-депті.
Әке үндемепті.
«Үлкен болған кезімде менде ішемін ғой, иә»-, депті бала.
«Сен неге ішесің?»,- деп ашулана сұрапты әке.
Бала, бал тілімен: «Қазір емес үлкен болғанда менде сіз сияқты арақ ішіп, атамның сақалынан тартып, ұрып жылататыныңыздай менде сізді ұрып жылататын боламын. Мен сіздің ұлыңызбын ғой сізге ұқсасам жаман ба»,- депті. Сода әке біраз оланып тұрып:
«Тоқта балам! Менің соқыр көзімді аштың. Бұдан былай бұл уды ішпегенім болсын»,- депті де, шөлмектерді бір-бірлеп сындыра бастапты.
Нұрсейіт Омаров
Павлодар қалалық «Қасым қажы» мешітінің бас имамы