Рухани саяхат
«Екінші Мекке» атанған қасиетті өлке
аудан ардагерлері Түркістан қаласына және облыс аумағындағы киелі орындарға саяхат жасады
Киелі Түркістан қаласы десе, ең алдымен ойымызға ақын-жазушы Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой», — деп жырлаған өлең жолдары еріксіз ойға оралады.
Түркістан – күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен. Бұл ең алдымен Ислам дінін таратушыларының бірі, сопылық ілімнің негізін қалаушы, ғұлама діндар, әулие тарихатшы, ақын, философ Қожа Ахмет Ясауи бабамыз жерленген өңір. Тарихи деректерге сүйенсек, Түркістан «Екінші Мекке» атанған қасиетті өлке. Түркістанда жүздеген хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен ақындарымыздың, әулие-әнбиелеріміздің мазарлары бар. Бабалар сөзімен айтқанда, Түркістан – түмен баб жатқан киелі қабірстан.
Осы ретте өткен аптаның сенбі-жексенбі күндері аудан әкімдігінің ардагерлер кеңесімен әлеуметтік әріптестік қағидаты аясында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымымен аудандық құрылымы бірлесе отырып, аудан ардагерлері, басым бөлігі білім саласында қызмет еткен ұстаздардан құрылған топты Түркістан облысының қасиетті орындарына рухани сапарға Сейітхан Жұмашев бастап барып, қайтты.
Сенбі күні ауыл ақсақалдары мен әжелер таңғы сағат жетілер шамасында аудан әкімдігі ғимаратының алдына жиналып, «Ikarus» автобусына жайғастырылды. Автобусқа жайғасқаннан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және Қазақстан Республикасының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков саяхатшыларға ақ жол тілесе, «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, батагөй қария Аманжол Дүрәліұлы сапардың оң болуы үшін алақанын жайып, бата берді.
Көп ұзамай жолға да шықтық. Жолда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлнұр Қадырбек саяхаттап бара жатқан киелі орындар мен кесенелер туралы қызықты әңгімелер мен тарихи деректерге шолу жасады. Сонымен қатар, Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев және ақын Әлия Жақсыбекова жүрекжарды өлеңдерін оқыса, қолөнерші әже Дарихан Сыдықова өзбек әнін шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жол бойы қариялар өз өнерлерін ортаға салып, жолдың жүгін жеңілдетті.
Экспедициялық топтың алғашқы тоқтаған орны Түркістан облысының аумағындағы Сайрам ауданындағы Ибрахим ата кесенесі болды. Содан кейін жолаушылар ХІХ ғасыр сәулетінің тарихи ескерткіші саналатын Сайрам ауылындағы ескі зират аумағының негізгі екі көшесі қиылысына жақын жерде орналасқан Қарашаш ана кесенесіне атбасын тіреді. Мұндағы шырақшы Шынәлі Әбдіғаниевтің айтуынша, кесене ұлы уағызшы-сопы Қожа Ахмет Ясауидің анасына арнап салынған. Ясауидің анасы Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. Шашы ұзын және қап-қара болғандықтан Қарашаш атанып кеткен екен. Ол текті адам, Сайрамдағы танымал Мұса шейхының қызы болған деседі. Ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысқан. Аңыздар бойынша Қарашаш сырқатты емдеп, түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды.
Одан кейінгі қасиетті, ең танымал туристік орындардың бірі – Адам ата мен Хауа ана жартасы. Ол Қазығұрт ауданында орналасқан. Мұндағы жол кешеннің қақпасына дейін өте тегіс. Біз қасиетті өңір Қазақстанның оңтүстігіндегі Түркістан облысына барған күні көктен Алланың нұры сияқтанып, жаңбыр төпелеп жауып тұрды. Саяхатшылардың жартасқа дәретсіз кіруіне рұқсат жоқ. Шырақшы осыны міндеттеді, сондай-ақ, бас киімсіз тауға шығуға қатаң тыйым салды.
Бізге шырақшы Нұрғали Смағұлов жол көрсетіп жүрді. Саяхатшылар жоғарыға көтерілді. Шыңға шықпас бұрын, шырақшы фото мен видеоға түсіруге болмайды деп ескерту жасады. Айтпақшы, шырақшының сөзіне сүйенсек, бұл тас алқабы «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» немесе «көзге көрінбейтін қырық періште» деп аталады. Аңыз бойынша, олар адамдарға Адам мен Хауаның қиын сынақтарынан өтуге көмектесетін, сондай-ақ бұл жерді ерекше күш пен қуатқа толтыратын қасиетті рухтар.
Тасқа барар жолдағы алғашқы белгі – бұл «қақпалар», қақпа тәріздес екі тас. Оларды тек оң аяқпен «бісміллә» сөзін айтып, аттау қажет. Әр адам жоғарыға бір-бірден көтерілді. Туристер үшін басты міндет – бұл Адам ата мен Хауа ананың жартасына көтерілу. Бұл алып қылышпен кесілгендей биіктігі бес метр болатын үлкен тас. Жартас таңғажайып аңыздарға толы. Аңыздарға сүйенсек, алыптар Адам ата мен Хауа ананың жартастарының жанында орналасқан қасиетті Қазығұрт тауының даңқының асқақтағанын көре алмады және оны жермен-жексен етпек болды. Олар үлкен тастарды жоғары қарай лақтыра бастады, бірақ тау барлық соққыларға төтеп берді. Тастардың біреуі жарылып, алысқа ұшып, Адам мен Хауа тұрған шыңға жетті. Адам ата Хауа ананы арқасымен жауып үлгереді, сондықтан оның жартас бөлігінде шұңқырлар бар да, ал Хауа ананың жартасы шыныдай тегіс.
Тағы бір назар аударатын нәрсе – сәлемдесу орны. Мұнда ер адамдар саусақ іздерін тигізіп, Адам атаға сәлем бере алады. Әйелдер иіліп тағзым етуі керек. Межелі жерге жеткен соң онда жартастан 30 метрлік саяхат басталады. Мұнда шырақшы топ мүшелеріне асықпауды және демалып алуға кеңес беріп, отырып құран оқып, саяхатшылар іштей дұға-тілектерін тіледі. Шырақшының айтуынша, мұнда алғаш рет келген адам екі тастың ортасымен емес, Адам атаның қолтығынан өтеді. Адамның бойындағы бар ауыртпалық осында қалады деген де деректер келтіре кетті. Бірақ мұнымен саяхатымыз аяқталмайды. Сәл арыда – тағы бір жартас бар. Ол ана құрсағын бейнелейді. Ол жерден 13 жасқа толмаған балаларға өтуге рұқсат етілген. Егер бала қорықпай, сынақтан өтсе, оны сау және бақытты өмір күтеді деп саналады.
Одан әрі шырақшы тас жануарлардың галереясымен таныстырды. Олардың барлығы аңыз бойынша, киелі Қазығұрт тауына тоқтаған Нұх пайғамбардың кемесімен келген. Жануарлар дөңгелек тас үстелге жиналғандай. Мұнда туристер өз үйіне амандық сұрайды және өздері алып келген нәрселерді жағымды энергиямен қуаттайтын көрінеді. Жартастың төменгі жағында қасиетті бұлақ суынан жолаушылар шөлдерін қандырып, қайтадан жолға шығып, түскі ас ішкен соң, Бәйдібек ауданында орналасқан Домалақ ана кесенесіне аялдадық. Дұға етіп келген кез келген жанның ниеті қабыл болатын жер, дейді киелі жердің шырақшысы.
Бәйдібек ауданындағы Кеңестөбе ауылынан бес шақырымдық жерде Ақмешіт үңгірі орналасқан. Үңгірге түскен адамның тынысы кеңейіп, ерекше күшке ие болады, қан қысымы қалпына келетіндігін айтады шырақшы Асқар Рүстембекұлы.
Одан кейін саяхатшылар Арыстан баб кесенесі маңындағы қонақүйлердің біріне тоқтап, осында түнеп, демалды. Ертеңіне таңғы астан соң Арыстан баб кесенесімен және оның жанында орналасқан мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесіне кіріп құран оқып, қол жайып, дұға жасады.
Саяхатымыз әрі қарай Түркістандағы жаңа қалашықпен танысумен жалғасын тапты. Мұндағы жаңа қалалар мен Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне дейінгі аралықта орналасқан университеттерді, зәулім ғимараттарды жергілікті экскурсовод Гаухар Жүзбаева таныстырды.Түркі жұртының рухани астанасы саналатын Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болған үш-төрт жылдың ішінде жаңа сипатқа ие болды. Бүгінде қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді. Ол жерге Керуен сарай, Тұңғыш Президент саябағы, Елбасы аллеясы, бес жұлдызды қонақүйлер және халықаралық туризм және спорт университеті, неке сарайы, драма театр құрылыстары толығымен аяқталған.«Ұлы дала елі» және «Қожа Ахмет Ясауи» музейі де қала орталығына көрік беріп тұр. Саяхатшылар өз кезегінде алдымен қонақтары жиі келіп жатқан тағы бір ғимарат – «Visit centre» қабылдау орталығының ішіне еніп, мұражай, қолөнер бұйымдарын сататын дүкендер мен ұлттық киіммен фотоға түсуге арналған кабинеттермен және «Ұлы дала елі» музейіне кіріп, ондағы құнды жәдігерлермен танысты.
Әрі қарай әлемнің сегізінші кереметі атанған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи деректерімен сусындап, Ясауидың жерасты мұражайымен және XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басында салынған монша туралы да қызықты мәліметтермен қанықты.
Айта кету керек, мәдени-рухани орталық аумағындағы ғимараттардың басым бөлігі шығыс стилінде жасалған. Осылайша саяхаттан кереметтей әсер алған біздің аталар мен әжелер ауылға көтеріңкі көңіл күймен келді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»