ҚАЗАНЫҢ ОТТАН ТҮСПЕСІН

Алпысты алқымдаған Оңғар байдың жалғыз ұлы үйленіп қуанышында шек жоқ. Енді бой жетіп отырған қызын құтты жеріне қондырса, көңілін бір демдейді.
Байдың ақыл ойына, құдай пайым-парасатын тең қылған. Бір ауылдың берекесін келтіріп отырған Оңғар бай, бала күнінде қой бағып жүріп Қызыр ғалиссаламды кездестірген дейді. Содан басына бақ қонып, малынан береке дарыпты -деген аңыз ел ішінде бұрыннан жүр.
Кешкі шәйді ішіп бола берген тұста, келіні енесіне қарап, мана “Ерке қыз” екеуміз бұлақтың басына су алуға бардық. Қайынсіңілім, бұтақтың басында отырған екі шымшықты көріп, жеңеше мына отырған құстардың еркек ұрғашысын ажырата аласыз ба?-деді.
Қайдан, ажыратайын мен-деп ауыз жиғанымша болмады. Анау сыртқы жүнін қампайтып, жәйбарақат отырғаны еркегі, қасында тынымсыз шықылықтап, жанында жабысып отырғаны ұрғашысы. “ Жаман ерді, жақсы әйел адам қылады”- жеңеше-ау деп “Ерке қыз” есті әңгіме айтты-маған дейді, жас келін.
Бай, келінінің мына сөзінен кейін біраз ойға шомады. Кейін қызын сынамақ болып, сүт кенжесін шақыртады. “Айналайын қызым, қайтқан адамды жерлеуге, бойжеткен қызды ұзатуға асық-деген ата-бабамыз”. Батамды беріп Дәулетбайдың баласы, Жаманқараға сені ұзатамын-дейді. Жаманқара аты, затына сай момын, ынжық жігіт. Қыздың әкесінің мыңғырған қойын бағады.
Үстіне бүтін киім кимеген, топқа түсіп елге тұщымды әңгіме айтпаған жігіт. Әйтеуір әке-шешесіне қарап отыр-демесең. Ауыз толтырып айтар ерлігі жоқ. Әкесінің бар ойы: “Жаман ерді, жақсы әйел адам қылады”-деген қызын, ауызынан шыққан сөзі үшін сынау еді. Ақылды қыз оны бірден сезеді.
Әке ләббәй-дейді. Айтқаныңа көнем. Бірақ үш шартым бар. Соны орындасаң, Жаманқараға ұзатуыңа қарсы емеспін. Ол қандай шарттар-дейді әкесі. Малмен дүние бер-деп міндет қылмаймын әке сізге. “Ептеп адам бай болмас, маңдайға құдай бермесе”. Алла маңдайыма бермесе, Сіздің бергеніңіз не болады маған.
Қояр үш шартым мынау әке:”Үш күнге дейін тауығың шақырмасын, ошағыңның астында от жанбасын. Қазаның көтерілмесін, ішінде ас қайнамасын”-дейді.
Сол да сөз болып па? Шартыңмен толық қосыламын қызым-деп. Бойжеткен қызын әлгі жаман жігітке ұзатады. Көп дүниесі жоқ жас келіншек, бір өгізге үйін артып, бір жаман өгізін жетектеп, ата-енесін арбаға отырғызып, екі қыр асып барып, бұлақтың басына үйлерін тігеді.
Қой сойып, қазан көтеріп, ошақтың астына от салады. Ал құдай қосқан қосағым, сіздің жұмысыңыз үш күнге дейін ошақтың астынан от үзбейсіз, самаурынды суалтпайсыз. Ал мен болсам бір қазанға ет асып, бір қазанға бауырсақ пісірем. Қадірлі ата-енем, сіздер келген қонақтарды жақсылап күтіп алып, төрге шығарыңыздар-деп, үйдің ішіндегі, дастарханын жайнатып қояды.
Қырдың басында жатқан Қызыр ғалиссалам қасындағы Бақпен, Берекеге қарап айтыпты-дейді. “Мынау Оңғарбайдың ауылына не болған? Үш күннен бері тауықтары шақырмайды, ошақтарының астарында от жағылмайды, қазандары қайнамайды. Үш күннен бері анау қырдың астындағы жалғыз үйдің ошағынан, жалындап от үзілмеді. Буы бұрқырап қазанынан ас кетпеді”-ғой. Бұлар кімдер екен?
Барып көріп келейінші-деп алдымен Қызыр кетеді. Келмеген соң не болды екен-деп артынан Бақ кетеді. Бұлар кешікті ғой-деп соңынан Береке кетеді. Барса Қызырмен Бақ үйдің төрінде отыр. Берекенің есікті аттап кіргені сол еді, Жаманқараның табалдырығынан мыңғырған мал шығады.
Жас келіншек жұбайымен ата-енесіне қарап, мен қонақтарды жақсылап күте берейін. Сіздер мына мыңғырған малға ен салып үлгеріңіздер. Ені бар малдың бәрі, құдай бұйыртса, бізге бұйырады-дейді. “Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан”-деген қазақ әулие ғой.
Малға ен салу сол байдың қызынан қалған үрдіс екен. Ен салу, еншілеген өз малым-деген белгі болыпты. Оңғар бай ақылды қызының:”Кім бай болғысы келмейді, құдайы қаламайды. Кім би болғысы келмейді, халқы қаламайды. Кім батыр болғысы келмейді, жүрегі дауаламайды-деген сөздеріне тәнті болып, ел ішінде жиі қайталап жүреді екен.
“Бақ ауысады, ырыс жұғады”-деп әжем осы әңгімені көп айтушы еді-дейді әйелім. Ұлы қазақ халқы әрбір әпсанадан ғибрат алған емес пе?
Соңғы уақыттарда обедін кафеден, ужинын рестораннан ішетін қандас бауырларымыз көбейіп кетіп еді. Қазаны қайнамаған үйде, қайдан береке болсын?
Құдіреті күшті құдай соңғы күндері бәрімізді тарының қауызындай бір жерге, шаңырағымызға жинап, қазанымызды оттан түсірмей, дастархан басына бәрімізді бірге жинап, отбасымыздың берекесін келтірді. Жардың жақсылығын, жанұяның жылуын сездірді. Шайқалып бара жатқан шаңырағымызды, қайтадан шаттыққа толтырды.
Қызыр ғалиссалам шылауымызда болып, басымыздан бақ, отбасымыздан береке кетпесін десек.Ошағымыздан от, қазанымыздан ас кетпесін ағайын.