ШАРУАЛАР ЖАЙЫН ТЫҢДАДЫ
Нәсібін жерден айырған аудан шаруаларын мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге берілетін субсидияны алу мәселесі толғандырады. Олар қаржылай қолдау шын мәнінде лайықты адамдарға есеппен уақтылы берілуі керек деп пайымдайды. Қомақты қаражаттың жарты жолда талан-таражға салынатынына, «көз қысты, бармақ басты» әрекеттер әлі күнге дейін тыйылмай тұрғанына қынжылады. Төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесіне алаңдаулы. Жайылымдық жерлердің тиімсіз пайдаланылуы, мал жайылымының және суармалы судың тапшылығы да шамына тиеді.
Бұл жайында аудан әкімдігінің мәжіліс залында өңір шаруаларының қатысуымен өткен еркін форматтағы кездесуде айтылды. Жиынды алқалы топ жетекшісі Асхат Жұмашов ашып, алдағы уақытта ветеринария саласындағы проблемалық мәселелерге талдау жүргізілетінін, ветеринариялық іс-шараларды өткізудің тиімділігі зерттелетінін алға тартып, мән-жайды заң шеңберінде түсіндірді.
Басқосуда облыстық фермерлер қауымдастығының төрағасы Дулат Сұлтанбеков, аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы Аманалы Құрбанов, бірлесуеңбектік шаруа Жұмасейіт Нұрбаев жамбылдық әлеуметтің әлеуеті туралы, шаруалардың қазіргі жай-күйі, жағдайы жайлы салмақты сөз сабақтап, агроөнеркәсіпке қатысты түйткілдерді, оны шешу жолдарын тілге тиек етті.
Сонымен қатар қаңғыбас иттерді аулау мәселесіне де баса мән берілді. Аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков айтулы мәселені, сондай-ақ субсидия алу жайында айтылған түйткілдерді жіті назарға алатынын, аудандық прокуратура тарапынан жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Келелі кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Жомарт Телеуов шаруалар көкейде жүрген біраз жайтты ашып айтқанын, бүгінгі қалыптасқан жағдай туралы ой-пікірлері орынды екенін сөз етті.
Ильяс Қалыбеков, Жамбыл ауданы