Жамбыл облысында борышкерлерден 22 миллионнан астам теңге өндірілді

 

Әкімшілік полиция қызметкерлері прокуратура өкілдері мен жеке сот орындаушыларын тарта отырып, әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуға бағытталған жұмыстар атқарды.

 

Жолдардағы рейдтер барысында полиция қызметкерлері арнайы автокөліктерде орнатылған тиісті мәліметтер базасы бойынша көлік жүргізушілерді тексерді. Көлік құралына қатысты салынған айыппұл анықталған жағдайда борышкердің автомобилі айып тұрағына қойылады.

 

«Үш күн ішінде мемлекет бюджетіне 22 миллион 777 мың теңге өндірілді. Иелерінің төленбеген айыппұлдары бар 175 автокөлік мамандандырылған автотұраққа орналастырылды. Халық арасында әкімшілік айыппұлдарды төлеу тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 1293 үй мен борышкерлердің пәтерлерін аралау жүзеге асырылды», — деді Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының  бастығы полиция подполковнигі Жайдарбек Құттыбаев.

 

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері облыс орталығында  жылдамдықты асырғаны үшін «Автоураган» аппараттық-бағдарламалық кешенімен автоматты режимде тіркелген 5-тен астам төленбеген ұйғарымы бар екендігі  анықталған  «Тойота» маркалы көлікті тоқтатты. Борышкердің автокөлігі айыппұлдарды толық өтегенге дейін мамандандырылған тұраққа қойылды.

 

Жамбыл облысының Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды  салынған әкімшілік айыппұлдарды мерзімінде төлеуге шақырады. Сондай-ақ, Сіз жеті тәулік ішінде  көрсетілген айыппұл сомасының 50% — ын төлеуге құқығыңыз бар екенін ескертеміз. Осы мерзім өткеннен кейін әкімшілік айыппұл толық көлемде  салынады.