«Жұмысқа салғырт қарамау керек»

Комиссия отырысын консультативтік кеңесші органының төрайымы Анар Ахметова жүргізді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандармен атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Қуат Сарғалтақов баяндама жасады. Ол алдымен аудан бойынша 60 адам сотталған азаматтардың есебінде тұрғанын және ағымдағы жылдың үш айында пробация қызметінің есебінен өткендердің барлығы 86 сотталған азамат екенін айтты. Одан бөлек, сотталған азаматтармен өткізілетін шаралар мен оларға көрсетілетін көмектер туралы да кеңінен баяндады. Жиын барысында аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Зиядхан Бүрлібаев пробация қызметінде тірк елген және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмыспен қамтуда атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова жауапты бөлім басшыларына және ауылдық округ әкімдеріне пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу – басты міндет екенін және осы мақсаттағы жұмысқа салғырт қарамауды қатаң ескертті. Сонымен қатар, істеген жұмыстардың нәтижесіз болмауы үшін әрбір жұмыс жоспарсыз болмау керектігін тілге тиек етті. Отырыстың соңында аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова консультативті кеңесші органының күн тәртібіндегі мәселелерін зерделей келе, бірқатар жұмыстарды уақтылы және жоспарлы түрде орындауды тапсырып, шешім қабылданды. Атап айтар болсақ, аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Қ.Сарғалтақовқа пробациялық бақылауға тіркелген және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандардың тізімін және мекенжайларын көрсете отырып, ауылдық округтер бөлінісіндегі ақпаратты ЖҚ және ӘБ бөліміне жолдауды тапсырды. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Зиядхан Бүрлібаевқа пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамтуды ұйымдастыруды жүктеді. Ал, ЖҚ және ӘБ бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловқа бірқатар тапсырмаларды орындауды қатаң тапсырды. Айта кету керек, комиссия отырысында Анар Садыққызы істі болғандарды бірінші кезекте тұрақты жұмыс орындарына орналастыруды немесе қоғамдық жұмыстарға тарту жұмыстарын жандандыруды басты назарға алды.
Жуалы ауданы