Қарағандыда Орталық Қазақстандағы 30-шы жылдардағы ашаршылық туралы кітап таныстырылды
Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары «Орталық Қазақстандағы ашаршылық 1931–1933: архивтік құжаттар мен естеліктер жинағы» атты кітабын таныстырды. Басылымда бұрын жарияланбаған мұрағат материалдары мен ашаршылық куәгерлерінің естеліктері жинақталған.
Кітап тарихшылар мен филологтар бір жылдан астам уақыт жұмыс істеген ғылыми жобаның нәтижесі болды.
– Жобаның мақсаты мұрағаттық құжаттарды, сондай-ақ сол қайғылы кезеңдер туралы әңгімелер сақталған отбасылардың естеліктері мен сұхбаттарын жинау болды, – дейді басылымды құрастырушылардың бірі филология ғылымдарының кандидаты Лариса Харитонова. – Жиналған материалдар Қарағанды облысындағы сталиндік ұжымдастыру салдарының толық көрінісін ұсынады.
Мұндай үлкен зерттеу алғаш рет аймақтық бөлімде жүргізілді. Тарихшылардың қажырлы еңбегінің арқасында 90-нан астам мұрағаттық құжаттар табылды. Олардың 80%-дан астамы бұрын жарияланбаған.
Өз кезегінде филологтар далалық іздеумен айналысты. Бұл міндет оңай болған жоқ. Оқиғалардың тікелей куәгерлері дүниеден озған. Бірақ ғалымдар олардың балаларымен және немерелерімен сөйлесе алды. Жинаққа ашаршылықты бастан кешкен 100 отбасының тарихы кірді.
Кітап қазақ және орыс тілдерінде 100 дана таралыммен шықты. Басылым ғалымдарға және Қазақстан тарихына қызығушылық танытқандарға арналған. Республика кітапханаларына тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ жинақты ҚарУ баспасынан сатып алуға болады.
Жомарт Шаймұрат