Тұрғындар өз таңдауларын жасауда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жүйесін енгізу керектігін айтқан болатын. Мұндағы басты мақсат — жергілікті тұрғындардың билікке деген сенімін арттыру, ауыл халқының тікелей таңдау жасауына мүмкіндік беру болып табылады. Дәл осы сайлау жүйесімен бүгінде ауданымыздағы Өндіріс, Қорағаты, Жаңақоғам ауылдық округтерінің әкімдері сайланса, өткен жылдың соңында ғана Шу қаласының тұрғындары қала әкімінің сайлады.
Енді міне, аудан орталығының іргесінде орналасқан Бірлік ауылдық округі әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты ауылдықтар өз әкімдерін сайлауда. Өз жұмысын таңғы 7.00-де бастаған №461 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасаған ауыл тұрғындарының қарасы қалың. Жалпы, ауыл әкімінің сайлауына 6 кандидат өзін-өзі ұсынса, олардың барлығы дерлік саяси науқан алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізді.
Бірлік ауылдық округі бойынша 1764 сайлаушы бар болса, қазіргі уақытқа дейін 400-ден аса тұрғын дауыс беріп үлгерді. Бүгінгі саяси науқан бастала салысымен 8 сенімді өкіл мен бірнеше тәуелсіз бақылаушы тіркелген. Олар сайлау комиссиясындағы 9 адаммен бірге сайлаудың әділ өтуін қатаң қадағалайтын болады.
Шу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі