Алма бағына қалай күтім жасау қажет?
Күн ұзарып, жылы маусымның келуімен алма бақтарында келешек өнімнің қамы үшін қарбалас басталады. Сонымен алма ағашын өсіремін деген болашақ бағбанның нені білуі шарт?
Ең әуелі, алманың көшетін таңдамас бұрын, оның сортына ерекше көңіл бөлу қажет. Сорттың аса маңызды сапа қасиеттеріне: қысқа төзімділігі, жеміс беру кезеңі қолайлы, өнімділігі мен жемісі тұрқының ірілі-ұсақтығына, түсіне, дәміне, тасуға жарамдылығына, сақталғыштығына мән берген жөн.
Жеміс ағашы бауларында жеміс ағаштарының аурулармен залалданған қурап қалған бұтақтарды кесіп, ескірген қабықтарды, қыналарды тазартып, қалдықтарды жағып жіберу, ағаш діңінің айналасын қопсытып, арамшөптерден және өсімдік қалдықтарынан толық тазарту қажет.
Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылының тұрғыны Дәурен Бозтайұлы үй іргесіндегі жерді алма баққа айналдырған. Бауда бүгінде алманың бірнеше сорттарын қамтитын 1000-ға тарта түп жайқалып өсіп, жемісін беріп тұр. Тәжірибелі бағбан бауды агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптау керек деп есептейді.
– Күзде алмалар теріліп болғаннан кейін баудың күтіміне кірісеміз. Бұл жұмыс көктемге дейін жалғасады. Ауырған, қураған бұтақтар бұталады. Бұталар тым қатты өсіп кетсе де, болмайды. Сондықтан, олардың ұштарын мезгілімен қысқартып отырамыз. Бақ зиянкестеріне қарсы жыл он екі ай күрес тынбайды. Жапыраққа түскен құрт жемістен бір-ақ шығады. Оларды химиялық жолмен өңдеп, арнайы ерітінділер бүркіп отырамыз, – дейді ол бағбандық тәжірибесімен бөлісіп.
Әлсіз көшеттерді діңі жуан, күштілеріне телу арқылы сапасын арттыруға болады. Бір түп алма шамамен 250 келіге дейін жеміс береді. Ересек адамның қос жұдырығындай бір алма 700 грамға дейін салмақ тартқан кезі болады.
– Алма өсіру дегеніңіз – тұтас ғылым. Бақ жақсы өнім беруі үшін оған тиісті күтім қажет. Алма егуде арақашықтыққа емес, қыста және күзде қырқу жағына мән беріледі. Өнім беретін бұтақты қалдырып, қатты өсіп кетеді дегендерді қырқып отырамыз.
Ағашты жаңа маусымға дайындауға ерте бастан кірісеміз. Күзде ағаштың өсуіне қарай алма ағашының бөрікбасын қалыптастырып, қысқартып қияды. Егер қырықпаса, ағаш жақсы өспейді. Жас өркендерін кескеннен кейін олардың бойлай өсуі бәсеңдеп, жанама өркендердің өсуі артады. Алма ағаштарының жас өркендері жаз бойы 1-1,5 метрге ұзарып өседі.
Жеміс ағаштарын қалай өңдеу керектігін білген маңызды. Бақ зиянкестерімен күреске арнайы дәрілерді қолданамыз. Алма ағашы ауруларының алдын алу мен емдеу де қажетті шара. Піскен жемісті дер кезінде үзіп алмаса, келесі жылға гүлдейтін бүршіктер нашар болып қалуы мүмкін. Бір жағынан ағаш демалады. Әрі бұтақтарының қабықтары қалыңдап, қысқы суыққа төзімді болады, – дейді «Дархан» шаруа қожалығының агрономы Әбдіхалил Гүлмешов.
Маманның айтуынша, егер жас алма ағашының төбе өркендері ұзын болып өсіп кетсе, бойлап өсуін тоқтату үшін және жанама өркендер дамуы үшін бұтақтың ұшын кеседі. Соның нәтижесінде өсімдіктің қоректенуі жақсарып, түсімділігі артады. Ал егер ағаштың бұтақтары өте жиіленіп, бірін-бірі көлеңкелесе, онда ағаштың діңіне қарай бағытталып өскен өркендерін шырпиды.
Сонымен бірге, ағаш ауырмай жақсы өсуі үшін жіңішке, қисық, әлсіз, зақымданған және қураған өркендерін де шырпып тастайды.
– Ағаш діңінің айналасын айналдыра жылма-жыл қопсытып қазып, ағаш түбіне органикалық және минералды тыңайтқыштар шашып отырамыз. Сонда түптенген діңнің өсуі, тыныс алуы жақсарады.
Алма зиянкестері алма ағашының жапырағын ширатып, гүлін, жапырағын жейді. Олардың дернәсілдері жас өскіндердің тамырын қорек етеді. Жеміс бағына орасан зиян келтіреді. Бұлардан құтылу үшін жеміс ағаштарының түбін ағарту, төңірегіндегі топырақты қопсытып отырамыз.
Бақты мерзімінде суарып отырған маңызды. Жеміс бағын сынған бұтақтардан, түскен жапырақтардан тазартудың маңызы зор. Тазартылған аумақты қабықжегі, зерқоңыз, сүген тәрізді зиянкестер паналай алмайтын болады. Алма кенелерін жеміс ағашы гүлдеп болған соң және жапырақта кененің 2-4 дарағы байқалған жағдайда дәрілеу арқылы жояды, – деп әңгімесін жалғастырады агроном.
Алма өсірушілердің бақ зиянкестерімен қатар алма ағашының аурулары туралы да білгені абзал. Қазіргі таңда өңірімізде кеңінен таралып бара жатқан карантиндік ауру түрі – жеміс ағаштарының бактериалдық күйігі. Бұл ауру алма және алмұрт бақтарына үлкен қауіп төндіреді. Жеміс ағаштарының басқа ауруларымен салыстырғанда бактериялы күйік ауруы өте үлкен зиян келтіреді.
ҚР АШМ Жуалы аудандық аумақтық инспекциясының мамандары өңірде жеміс ағашының бактериялық күйік ауруы осыдан 7-8 жыл бұрын алма және алмұрт бақтарында тіркелгенін айтады.
Бәлкім, мұндай ауру түрі тұрғындардың жекелеген бақтарында, үй іргесіндегі бақшаларда әлі де кездесуі мүмкін.
Ауру әсіресе, жеке секторлардағы алмұрт ағаштарында байқалған. Өсімдіктің жер бетіндегі орналасқан бөлікдерінің барлығы зақымдалады. Алғашқы белгілерін өсімдік гүлдеген кезде анықтауға болады. Жас, жасыл өскіндердің ұштары бүгіліп (доғаланып) солады. Ағашта инфекция жоғарыдан төмен қарай, яғни біржылдық өскіндерінен бұталарға, ары қарай діңіне таралады.
Аурудың дамуына ағаштың гүлдеу кезеңіндегі 70% жоғары ылғалдылық және ауа температурасының +18ºС-тан жоғары болуы өте ыңғайлы. Күйіктің дамуына ауаның ылғалдылығы, температура әсер етеді. Аурудың дамуы ауа температурасы +16-29ºС болған кезде жақсы жүреді. Қолайлы температура +25-30ºС, төменгі шегі + 3ºС. Ауа температурасы +43-50ºС болғанда бактерия өледі. Үлкен ара қашықтыққа негізінен залалданған екпе ағаштармен таралады. Сонымен қатар жәндіктер, құстар арқылы, жауын-шашын және ауамен таралады.
Бактериялық күйік ауруымен күресудің тиімді әдістері бар. Бақтарда аурудың әсерінен екпе ағаштардың қурауы 30% немесе одан жоғары болса, оларды орнынан алып, өртеу қажет. Ағаштар әлсіз залалданған жағдайда, залалданған жерді 20-40 см сау жерлерді қоса кесіп алып, аурудың таралуын тоқтатуға болады. Кесу құралын міндетті түрде 10%, мыс тотыяйыны ерітіндісімен, 70% метил спиртімен зарарсыздандыру қажет, ағаштың кесілген жерін де 1% мыс тотыяйыны ерітіндісімен немесе эмульсиялы бояумен дезинфекциялау қажет.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»
Жуалы ауданы