Ел іші қарттарымен еңселі
Қарттары бар ел- бақытты ел, дейді даналарымыз. Өйткені, ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз ата-бабамыз мұра етіп қалдырған даналықтың, ата -салты мен дәстүрінің, әдет- ғұрпының кілтін жалғап келеді. «Қарттарымыз- асыл қазынамыз» деп айтуымыз да сондықтан.
«Қарттарым, жүректерің неткен дарқан,
Көтерген тұрмыс жүгін сенің арқаң.
Жолыңды жүріп өткен қарасам мен,
Оқитын келешекте бір-бір дастан»,- деп, ақын жырлағандай, қариялардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл- кеңестері, тәлім- тағылымдары жастар үшін бүгінде орны бөлек. Өйткені еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне, жеріміздің өсіп- өркендеуіне ардақты да аяулы қарияларымыздың қосқан үлестері мен еңбектері ерен.
Әр қазақтың шаңырағында арқа тұтар ата- әжелері баршылық. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріліп, көңіл аударылып, жан- жақты Үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Сондықтан да елімізде Халықаралық қарттар күнін кеңінен атап өтіп, ардақты ардагерлерімізге, аяулы қарияларымызға ерекше көңіл бөлініп, оларға барлық жағдай жасалынып, құрмет көрсетіледі. Осындай қамқорлықты біздің ауданның қариялары да көріп отыр. Атап айтсақ, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тарапынан жалғыз басты, ауру немесе қолында күтушісі жоқ қарияларға әлеуметтік қызметкерлер бөлініп, олардың тұрмыс жағдайы, денсаулығы қоғамның назарында.
Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары Ниязбек пен Қанымкүл Тұрғынбаевтардың есімі жуалылықтарға жақсы мәлім, олар аудан тұрғындары арасында сыйлы, құрметке бөленіп жүрген жандар. Алайда кейінгі ұрпақ ол кісілердің қадір- қасиеттерін, кезінде еңбегімен елеулі азаматтар болып, аудан еңбеккерлерінің алдыңғы қатарында жүргенін де біле бермейді. Ниязбек ата 1938 жылы Боралдай ауылдық кеңеске қарасты Васильевка деген шағын ауылда дүниеге келген.
– Мен төрт жасқа келгенде,яғни, 1942 жылы әкемді соғысқа алып кетті, ол қайта оралмады. Ал анам болса мені тастап кетіп, басқа отбасы құрған. Осылайша мен жетім қалдым,-деп өз өмірі туралы қария әңгімесін бастады.- Жастайымнан еңбекке араластым, ерте есейдім, өйткені еркелейтін ешкімім жоқ. Колхозға жұмысқа шықтым, 10 жыл трактор айдадым, жүгері ектім. Сол жылы өнім өте жоғары болды. 22 партсъезд атындағы колхоздың үшінші бөлімшесінде еңбек еттім. Жиырма жасымда Кантемировка ауылында туып-өскен Қанымкүл есімді қызға үйлендім. Міне, апаң екеуіміз үйленгелі де 61 жыл өтті. 1960 жылы Некрасовка, қазіргі атауы Ақтасты ауылына көшіп келдік. Күндіз-түні колхоздың жұмысында жүріп, аянбай еңбек еттік. Бір күн жұмыстан қалмаймын, жоспарды 300% -ға дейін орындаймын.
1967 жылы ауданнан бір адамды Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлау керек болды. Оның ұлты қазақ, жәй жұмысшы болу керек екен. Бірақ үш жыл тұтас еңбек етіп, көрсеткіші өте жоғары болу керек еді. Ары іздеп, бері іздеп, әйтеуір, аудан басшылығы менің кандидатурама тоқталды. Солай мен Нұрлыкенттен №155 сайлау округінен Қазақ ССР- дың Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайландым. Жылына екі рет сессияға қатысамын, мені облыс басшылары өздері апарып, әкеледі. Құрметке бөленіп, еңбек еттім. Әсіресе, Алматыға Жоғарғы кеңестің бірінші сессиясына барған сапарымды ұмытпаймын. Киетін ақ көйлек пен костюмым жоқ. Іздеп жүріп көрші ауылдағы бір азаматтан таптым, сұрап алып, киіп бардым. Одан кейін жалғыз сиырымды сатып, сол ақшаға киіндім.
Әңгіме барысында Ниязбек ата сол кездегі көрген-білгенін, өмірден түйгенін айтып, марқайды. Сол жылдары СССР-ды басқарып отырған Л.И.Брежнев, Қазақ ССР -ды Д.Қонаев, Жамбыл облысын- А.Асқаров және ауданның бірінші хатшысы Л.Ремезбен бірге бір дастарқан басында банкетте отырғаны, олардың батасын алғаны – қария үшін бүгінде үлкен мәртебе. Қарияның есінде тағы бір оқиға кешегідей есінде сақталып қалған. Ол 1969 жыл еді. ХХІІ партсъезд атындағы колхозды ол кезде ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Т. Қожаниязов басқаратын . Бидай жоғары өнім берген екен. Сол кезде Қошқаратаға Д.Қонаевтың өзі келді.
– Бидайдың ең биік өскен бір егіске келгенде мемлекет басшысы колхоз басшымызға қарап: ” Мына бидай қаншадан өнім береді?”. Т.Қожаниязов “20-25 центнерден”,- деп жалтақтап жауап берді. Ал сен депутат не айтасың?” ,-деп менен сұрады. Бастығымыз өте қатал мінезді еді, мен одан оза алмадым, мен де солай деп жауап бердім. “Сендер түкте білмейсіңдер, бұл жер 40-45 центнерден кем бермейді”, -деді Дінмұхамед Ахметұлы. Мен біліп тұрсам да басшыны ыңғайсыз жағдайға қалдырмайын дедім. Айтқандай -ақ, сол жерден 40-45- тен өнім алдық.
Одан кейін Ниязбек Тұрғынбайұлы шаруашылықта учетчик болып, тауарлы сүт ферма меңгерушісі, ал 1981-1995 жылдары- өндірістік учаске менгерушісі болып қызметтер атқарады. Ал арасында 1975-1978 жылдары сырттай Луговой ауданындағы зооветеринарлық техникумды тәмамдап, зоотехник мамандығын меңгереді. Ал 1995-2000 жылдары аралығында Ниязбек ата агроном болып та жұмыс істеген.
Тынымсыз, өз- өзін аямай еңбек етіп жүріп, Ниязбек ата денсаулығын да бұзып алған. Ол, әрине, оның өміріне өз ізін қалдырды, жүрегіне батып тұрады. Бүгінде қариялардың денсаулығы сыр беріп қалды.
Ал Қанымкүл апа бала тәрбиесінен басқа колхоздың әртүрлі жұмысында, ауылдық ауруханада жұмысшы болып, қырман басында аспазшы болып та жұмыс істеген. Қариялар қай салада еңбек істесе, сол ұжым арасында, жерлестері арасында да беделді, сыйлы болды.
Адал еңбектің бейнетін көрген қариялардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Ширек ғасыр атқарған еңбектері бағаланған. Ол кезде ешкім медаль, орден сұрамаған, тек еңбек кітапшасына Алғыс жариялап колхоз басшысы жазып қойса, соған мәз бола салатын еді. Құрмет грамотаның дәрежесі орден мен медальға тең еді. Ең бастысы- жерлестері мен аудан тұрғындары олардың таза, адал еңбектеріне куә.
Ниязбек ата мен Қанымкүл апа бірге бір ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеп, солардан бес немере көрген жайлары бар. Қариялардың үй шаруашылығын жүргізуге әлеуметтік қызметкер Бейбіт Әбдікерімов аптасына үш күн келіп, көмектеседі. Ол барлық даласындағы жұмысын атқарып, өзінің көлігімен базарға азық- түлікке, дәріханаға, дүкенге барып, қажетінің бәрін жеткізіп отырады. Қанымкүл апаның қызы Гүлмира шалғайдан келіп тұрады, бауырлары аптасына немесе екі аптада бір рет келіп, үй ішін жуып, тазалап, басқа да жұмыстарын тындырып береді.
-Мемлекеттің қамқорлығына ризамыз. Осылай бізге көмекші бөліп, қамқорлығына алғаны үшін рақмет!,- дейді қариялар.
… Қариялар- біздің асыл қазынамыз! Саналы ғұмырларыңызды Отан деп тынымсыз еңбекпен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, балаларыңыз бен немерелеріңіздің тек жақсылығы мен рақатын көруге тілектеспіз!
Гүлмира Дембаева.
Сурет автордікі,
“Жаңа өмір”