Зұлымдықтың үлкен-кішісі жоқ
13-14 жастағы жеткіншек мектепке барар жолда көше бойынан әмиян тауып алды. Жүрегі кірленбеген бозбала затты лезде полиция бөлімшесіне апарып табыстады. Полиция қызметкері әмиянды ашып, зат қаладағы ең бай кісілердің біріне тиесілі екенін анықтады. Телефонына хабарласып, жоғалған затын полиция бөлімшесінен алып кетуіне болатынын айтты. Бай бөлімшеге кірер-кірмес қаһарын төгіп ақша түгел емес, мынау ұрлаған, деп баланы жер-жебіріне жеткізіп, алғыс айтудың орнына түгін қалдырмай балағаттады.
Байғұс бозбала: Ағатай, мен әмияныңызды ашқаным да жоқ. Тапқан бойда бөлімшеге алып келдім, — деп ақталды. Кісі баланың сөзін құлақ асар емес. Баланы сілкілеп қалтасындағы бір лирасын да қағып алады. Оқушы бала: Ағатай, бұл менің төрт күндік түскі асымның ақшасы, алма!,-деп өксіді. Полиция да қаланың танымал тұлғасынан мұндайды күтпесе керек: Жарайды, мырза! Затыңыз табылды сіздер бара беріңіздер. Қажет болса шақыртамыз,-деп екеуін шығарып салудан басқа амалы қалмады.
Рахмет естімек тұрмақ жала жабылып, қалтасындағы бар ақшасынан айырылған бала еңсесі түсіп мектепке жүріп кетті. Сабаққа да кешігіп келді. Тәрбие бойынша директор орынбасары да оқушының басынан сипай қоймады. Бұл балаға жығылған үстіне жұдырық болды. Жақсылық жасаймын деп жазаға тартылды. Сабақ бітіп, бозбала үйіне қайтты.
Көше бойында келе жатқан. Кенет қарсы алдында біреудің жаназасы оқылып жатыр екен. Бала күтіп тұрып қалды. Кенет полиция бөлімшесінің қызметкері анадайдан баланы байқап жанына шақырып:
-Келе ғой, мына кімнің жаназасы екенін білесің бе?
-Жоқ, танымаймын,-деді бала.
-Таңертең сенімен тартысқан әмиян иесінің жаназасы,-деді.
Неден қайтыс болды екен деп бала абдырап қалды. Жаназадан алшақтап бара жатып еріксіз екі кісінің әңгімесін құлағы шалды. Бірі серігіне: Шіркін, байлығының есебі жоқ бай адам еді. Құдайдың құдыреті осыншама, дәулеті бола тұра, ажалы бір лиралық кофеден болды. Кофеге шашалып өлгенін қарашы!,-деді.
Ата-бабамыз кісінің ала жібін аттама деуші еді. Алла Тағала ешбір адамның ақысын біреуге жегізіп қоймайды.