МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІҢ ТИІМДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Аудан әкімі Сәкен Арубаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-ның аудан орталығындағы ғимаратында болып, мұндағы мекемелердің жұмысымен танысты. Бұл нысан мемлекет тарапынан көрсетілетін бірнеше қызмет берушілерді бір нүктеге топтастырып отыр. Мысалы ғимараттың бірінші қабатында орналасқан аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мен Халыққа қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ екінші қабаттағы Төле би ауылдық округі әкімінің аппараты мен жер кадастры аудан тұрғындарына бір нүктеден қызмет етіп келеді. Оның тиімділігі сол, аудан тұрғындарының бір ғана нысаннан бір мезетте жүздеген мемлекеттік қызметке жүгінуіне жол ашылып отыр.

 

Айталық, бір ғана Халыққа қызмет көрсету орталығының өзінде тәулігіне мыңға жуық қызмет көрсетіледі екен. Жалпы алғанда, сәні мен сәулеті келіскен нысан халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге біріктіріп отыр. Бұл өз кезегінде жүз мыңнан аса тұрғыны бар шулықтардың уақытын үнемдеп, жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге септігін тигізетіні айдан анық.