АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАЛАРЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Бүгін «Qyzylsha» ЖШС-нің Ескі Шу ауылдық округіндегі қант қызылшасы алқабында «Eurasia Group» компаниясының ауылшаруашылығы техникаларының таныстырылымы өтті. Айта кету керек, швейцариялық компания еліміздегі «John Deere», JCB, Grimme сынды маркалы техникалардың ресми дилері болып табылады.

 

 

Семинар барысында аталған компанияның Жамбыл облысындағы филиалының менеджері Альтаир Досымбеков ауданымыздағы ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық жетекшілеріне ең соңғы қондырғылармен жабдықталған ауылшаруашылығы мақсатындағы техникаларды жан-жақты таныстырды. Мәселен, жер аударуға, ұрық себуге және жүк тасуға арналған шетелдік техникалардың бұрынғы техникалардан айырмашылығы мен тиімділігін атап өтті. «Компанияға шаруа қожалықтардан тапсырыс түссе, біз аз уақыттың ішінде қажеттілігіне орай АҚШ, Германия және Франция елдерінен жеткізіп береміз. Сондай-ақ, биыл дәл осындай техникаларға мемлекет тарапынан 50 пайыз субсидия жүріп жатыр. Ол үшін бірнеше шаруа қожалық бірігіп, кооператив құруы қажет. Сонда техника құнының 25 пайызын республикалық бюджет төлесе, 25 пайызы жергілікті жердегі бюджеттен субсидияланады» дейді компания менеджері.

 

Мұндағы техникалар қазіргі заманның талаптары мен үрдістеріне толық жауап береді. Қазақстан бойынша қосалқы бөлшектердің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар техникаларды күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру мүмкіндіктерін де қарастырған. Қазіргі таңда кез келген шаруа адамының алдында еңбек өнімділігін арттыру міндеті тұрғаны сөзсіз. Ал дәл осындай заманауи техникаларды қолданысқа енгізбей және менеджментті жақсартпай оған қол жеткізу мүмкін емес. Сол себепті де ауданымыздағы шаруалар бұл мүмкіндікті мүлт жібермеуі тиіс.