» Шарана шайқау»
Халқымызда ана мен балаға арналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың өзі 40-қа жақын. Кейбіріне олар ерсі көрінуі мүмкін. Алайда қазақ ешбір жөн-жоралғыны, дәстүрді себепсіз қалыптастырып, ғасырдан ғасырға жеткізбеген. Әрбірі өзіндік мәнге ие. Келіншекке түрлі бұйымдар беруінде үлкен даналық бар. Мұндай бұйымдарды «жас келін тезірек бала сүю бақытына ие болып, балақайды шомылдыратын күнге жетсін» деген ниетпен ырымдап, тарту еткен. Келіннің аяғы ауырлап, дүниеге бала әкелгенде оны шаранасынан шайқап, жуады. Су құйылған ыдыстың ішіне жүктілік кезінде берілген әсем бұйымдар салынады.
Осы тұста шілде суына неліктен күміс әшекей бұйымдары салынады деген сұрақ туады. Ата-бабамыз сонау ықылым заманнан бастап алтыннан қарағанда күмісті көбірек қолданған. Себебі: күмістің адам денсаулығына пайдасы мол.
Нәрестені жуындырған алғашқы суды «шарана суы» немесе «шілде суы» деп атайды. Бір топ әйел бөбекті бірге шомылдырады. Балдырғанды кейбірі кіндігі түскенге дейін, екінші біреулері кіндігі түспей тұрып-ақ шомылдыруды бастап кетеді. Соңында судағы дүниелерге барлығы таласып, шайқап алады. Яғни басқа келіншектерге де жұғысты болсын деп ырымдайды. «Шарана шайқау» деген осыдан қалған.
Шақалақты шомылдырған алғашқы шарана суы көптеген ауруға: аллергиялық, инфекциялық жаралар мен тері ауруларына дауа. Мәселен, баланың құлағы, қолтығы немесе тамағы ауырып, асты қызарғанда, шілде суымен сүртіп жіберсе, тез қайтады. Қазақ мұны ертеден біліп, судың аузын мықтап жауып, сақтап қоятын болған. Осылайша ертеректе, дәрілік заттарға адамның қолы жете бермейтін уақыттарда шілде суын кәдеге жаратқан.