“Ақ кимешек астынан сені көрем…”

Ісмер А.Телібаева «Киелі кимешек» тігіншілер байқауының жүлдегері атанды

Жуырда облыс орталығындағы «Анаға тағзым» орталығының ұйымдастыруымен тұңғыш рет облыста «Киелі кимешек» тігіншілер байқауы өтті.

Байқауға өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер әйелдер қатысып, барлығы 12 үміткер бақ сынасты. Қатысушылардың бәрі де өз ісінің шеберлері екенін көрсетіп, бірінен-бірі өтетін туындыларын көпшіліктің назарына ұсынды. Оның ішінде жерлесіміз, жуалылық ісмер Айгүл Телібаева тобымен бірге қатысып, екінші орынды иеленген болатын. Ол сайыста үш буынға арналған кимешек тігіп, жоғары белсенділік танытты.
Тігінші Айгүл Телібаева көбіне қыз жасауына, бесік жасауына, ұлттық киім тігуге, киімді өңдеуге тапсырыс алады. Оның қолынан шыққан көрпе-төсекті Тараз және ауданға қарасты ауылдардан арнайы келіп сатып алып кетіп жатады.
Иә, ұлттық дәстүрге сай тұрмысқа шыққан қыз балаға төсек-орнын дайындау, дүниесін беру – ата-ананың міндеті. Бұрын қыздың анасы өз қолымен жасауын жасап беретін болса, қазіргі заман ағымына сай оны арнайы шебер дайындайды. Ақшаң болса болды, тапсырыс беріп, қыз жасауын көздің жауын алатындай етіп тігіп беретін шеберлер бар. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Б.Момышұлы ауылының тұрғыны тігінші Айгүл Телібаеваның да қыз жасауының шебері атанғанына біршама уақыт болған.
Оның айтуынша, тігін тігу ісін марқұм енесінен үйренген. Енесі өз заманында мықты тігінші болған екен. Бар ынта-ықыласымен енесінің жанында отырып, құрақ құрап, әдемі көрпе-көрпешелерді тігуге машықтанған Айгүл Айтжанқызы болашақта кәнігі шебер атануды алдына мақсат етіп қояды. Тігін тігуге деген қызығушылығы осы кезден бастап оянады.Осылайша тігінші келіншек көп ойланбастан жұмыссыздарға берілетін мүмкіндікті пайдалануға бел буады.
Сөйтіп, АйгүлТелібаева 2020 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» жобасы бойынша өз жобасын қорғап, қайтарымсыз грант негізіндегі 555 мың 600 теңге қаржыға қол жеткізеді. Осы қаржыға кестелеп тігетін тігін машинасын сатып алады. Бүгінде осы тігін машинасымен түрлі тігістерді жылдам әрі әдемі етіп тігіп, кәсібін өрге домалатып отыр.
Айта кету керек, тігінші 2019 жылы “Алтын Орда” авторлық дизайн үйінің басшысы Ырза Тұрсынзадақызының Тараз қаласында өткізген шеберлік сыныбына қатысып, сертификат иеленген.
– Құрақ құрау оңай жұмыс емес. Оның математика жағын білу керексің. Өлшемі жақсы шығу үшін бәрін дұрыс есептей білу керек. Кейбір тігіншілер дұрыс есептей білмегендіктен, оюдың бір ұшы кем түсіп, қисық болып кетіп жатады. Бұйымды тігіп жатқанда оның әр бөлшегінің ұсақ-түйегіне дейін өлшеммен, әдемі үйлесімде болуына мән беремін. Егер бірдеңесі дұрыс болмаса ол адамды тартпайды. Егер сатып алушылар сын ескертпе айтып жатса, оны ескеруге тырысамын. Ол неге олай айтты екен деп, өзімді қамшылай түсемін. Түс таңдауға да үлкен мән беремін. Яғни, қандай зат жасасам да оның түсі, технологиясы, дизайны, орындауының сапалы болуын қадағалаймын. Соңында әдемі етіп фотоға түсіремін. Оны әлеуметтік желіде пост жазғанға пайдаланамын.
Ойыма неше түрлі сәнді ою-өрнектер келеді. Оны қиыстыра қиып, пішіп, осындай әдемі бұйымдар жасаймын. Тапсырыс та аз емес, барлығына үлгеруім керек, – дейді ісмер Айгүл Айтжанқызы.
Кейіпкеріміз Тараз қаласындағы Абай атындағы гуманитарлық колледжін мектепке дейінгі білім беру ісі мамандығы бойынша тамамдаған. Алайда, мамандығы бойынша жұмыс істеу бұйырмай, 2000 жылы Дүйсембаевтар әулетіне келін болып түседі.
Отағасы Қуаныш Дүйсембаев ауыл шаруашылық техникаларымен жұмыс істеп, жеке кәсіппен айналысады. Бүгінде екеуі екі ұл, екі қызды тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы мен қызы жоғары оқу орындарында оқыса, кейінгі балалары мектеп қабырғасында білім алуда.
Айгүл Телібаева ендігі кезекте ағымдағы жылы мемлекеттен бөлінетін инновациялық грантқа керекті құжат өтізіп,үлкен көрпе қабитын станок алуды және бизнес жобасы іріктеуден өтсе, үлкен тігін цехын ашып, қолынан іс келетін екі-үш қыз-келіншекті жұмысқа алуды жоспарлап отыр.
Осылайша ол өз күшімен бастаған кәсіптің игілігін көріп, ел алғысына бөленіп, өзін өзі жұмыспен қамтып, әрі табыс тауып келеді.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір» Жуалы ауданы