Сабыр Адай

Біз төменде өрт мінезді дауылпаз ақынның «Алтынзер» кітабынан біраз өлеңдерін топтастырып оқырман назарына ұсынып отырмыз
*
Өмір — өзен, құлашыңды сермеңіз,
Не қайран бар: ермек те біз, ер де біз.
Доп үстінде домаланып жүгіріп,
Жол үстінде жоқ іздеген пендеміз.
( Шама келсе қу тірлікке келмеңіз,
Келдің екен — ұлттың арын бермеңіз).
*
Құл байғұстың көзіндегі үмітті,
Үрей сүртіп тастайды.
Сен қайтарма «Елім!» деген жігітті,
Аласарып бастайды.
Құлдық сана — буындағы сары су,
Күн бұлттасса бірге сыздап қақсайды.
*
Асыл болса сөз — жүректің кілті еді,
Шаян сөзден шайтандар да үркеді.
Жылан тілін көз орнына құлданып,
Сөз орнына — у мен зәрін бүркеді.
*
Би сөйлесе — билікке барып тынар,
Көзіне құм, тілге шоқ қарып тынар.
Тәж кимекке лайық шекеңізді
Хан байқаса — ақыры жарып тынар.
*
Тау зілденді, қыс қытымыр құрысып,
Жалғыз қарға жан сауғалап жүр ұшып.
Қара түннің құрсағында ай жатыр,
Шала туған шаранадай бүрісіп.
*
Өлең жазсаң өз көңілің ашылар,
Қу тірліктің басқа қандай бәсі бар.
Адамзаттың Хаққа аян болмысы,
Өз-өзінен бар білгенін жасырар.
Өз күнәсын ұмытқан боп күледі,
Өз-өзінен қашып өмір сүреді.
Санасының сансыз қағып қақпасын,
Тыным бермес иман тілеп жүрегі.
*
Алқа көлде жан берсе де ақ табан,
Атам Қазақ тегін біліп жаттаған.
Жеті ата,бабаларын ұмытпай,
Жұлын бойы, омыртқаға сақтаған.
*
Қорасында төрт түлігі төлдеген,
Қазақ едім қайта туып өлмеген.
Менің халқым -табиғаттың баласы,
Бір жусанды бекер басып көрмеген.
*
Өлі жебеп, тірі сыйлап жайылған,
Ұшқан құсқа ән сабақтап қайырған.
Амал келсе қаймақ қатып,сүт құйған,
Қара жерді ҚАЗАҒЫНАН айырмаң.
*
Ұлы дала — жоқ жаһанда мұндай жер,
Бал қурайға баян етсін, сырнай бер.
Қазақ жайлы бетегеден сұрап көр,
Не жусанның тілін біл де,тыңдай бер.
*
Ұлт пен салтқа құрмет қыл,сенім бер,
Сертті күні:»Ерім менен Елім»дер.
Өз еріне тізе бүккен»Пірім!..» деп,
Өз еліне сәлем етпек келіндер.
*
Ерлер барда -елге тірек айбын бар,
Ерсіз болсаң — қанды бұлау қайғың бар.
Аруларға көз қуаныш ерлердің,
Көңілінде Ай шомылған айдын бар.
*
Жабы құрсақ жабыспасын сорың боп,
Шырыл,торғай,шырмау тағдыр торың боп.
Ер бағасын білмейтұғын қатынның
Маңдайында бақ қонатын орын жоқ.
*
Ерге тірек- анау аспан жер деген,
Ері сыйсыз елге бақыт бермеген.
Ердің құнын ару білер тектіден,
Құрсағымен тұлпар баптап,тербеген.
*
…Барды — жоқ, жоқты — бар деп бағаң аспас,
Шын қазақ шындық туын ала қашпас.
Тарихты өтірік сөз өзгертпейді,
Алтынға құм  қосқанмен араласпас.
*
Сазбен салып рухымды үрледі,
Санам сосын қауыз жарды,бүрледі.
Кеудем толған сағыныш пен кеңістік,
Дүниенің жүрегімде жүр демі.
*
Жан кеудеде жалғыз-жалғыз шыдап жүр,
Мыңсан сұрақ,екі әлем,бір-ақ жыр.
Көңіл шіркін -көгендеулі қозыдай,
Жетім бұлттар тау басында жылап жүр.
(Қайдан келіп,неге кетпек?!..Сұрап жүр).
*
Мендік жүрек — сәуле  шашқан мына күн,
Әрбір қазақ — менің өшпес шырағым.
Жақсы сөзде — жұпары бар жәннаттың,
Менің елім — менің алтын тұмарым.
(Өз мекенім — өлең төсек, жұмағым).
*
Шөлдегенде кәусар бұлақ — қазағым,
Ел дегенде — еске түсер, аза -мұң.
Кездесерміз қауызында пейіштің,
Менің елім — менің мәңгі ғазалым.
( Жаным -парақ,жүрегіммен жазамын).
*
Ұят тербеп,намыс қозғар сананы,
Ес танымақ ескі менен жаңаны.
Мойындату — Хақтың берген қуаты,
Ал мойындау — ақтың ісі,амалы.
*
Қонақ қылды, төрге шықтық,шаттандық,
Бас сыйлады,мақтап — мақтап батпан ғып.
Жалғаншы да — дәл сондай бір дастарқан,
Бірге отырдық,ішіп-жедік,аттандық.
*
Сен — уақытсың,не уақытқа шоқпарсың,
Өз шекеңді өзің жарып  соққансың.
Тарих саған кезек берді, сөз сөйле,
Табыт саған «Тоқта!» десе, тоқтарсың.
*
Көріндің бе жарық сәуле,жамалым,
Күн-көңілім, Ай- қауырсын қаламым.
Шаттанайық,келші құрбым,күлелік,
Шілтер қылып сағыныштың самалын.
*
Қайран сезім,халал жүрек дәрі ме?
Қайтем енді бара беріп әріге.
Жырдан шәрбат құйып қойып қалқама,
Күйден көрпе жауып кеттім сәріде.
*
Гүл болған соң көзге түспей тұрмайды,
Сұлулықты сұғанақ көз ұрлайды.
Көресің бе, иесі жоқ болған соң,
Арғымақтың құйрық жалын тұлдайды.
*
Талай асқар, асулардан асыппыз,
Өртеніппіз, өксіп кейде жасыппыз.
Сұлулықты сүйе білмес жандардың
Ауласына өскен гүлдер бақытсыз.
*
Тасқын сезім – көктемгі бір сең еді,
Уақыт бірақ жуасытып жеңеді.
Қайран сұлу – мөлдір бұлақ секілді,
Үнсіз қарап тұра бергің келеді.
*
Орынды сөз – тас секілді қыналы,
Орынсыз сөз сыр алдырып тынады.
Тәтті сөзге жүрек үйір, жанменен,
Қатты сөзден қабырғаң да сынады.
*
Сөз дегенің – бір сайрауық құсың ба?
Сөйлеп жүріп – бақыт құсын ұшырма.
Ойлы сөздің оймағы бар қолыңда,
Қалқаны бар қабырғаңның тұсында.
*
Шама-шарық, шекті білу – шеберлік,
Кім біліпті қайдан – қаһар, неден – құт?!
Болымсыздан бас тарту да – батырлық,
Кесір жанмен кектеспеу де – кемелдік.
*
Сөз ішінде – әдіп пенен сырмақ бар,
Әсем әуен, күймелі саз, ырғақ бар.
Құйма құлақ – құрыш сынды бекінер,
Қима құлақ – не десең де ыржақтар.
*
Қызғалдақ қыздан сұлу, гүлден ерек,
Білмесе қадіріңді кімге керек.
Бар еді көңіліңнің бір айнасы,
Ол қайда?!..Сіз байғұстан жүр ме бөлек.
*
Не сұрайсың?..Нені білгің келеді?
Өлең емес,өзен тектес сел еді.
Менің жаным -ұлы дала,шексіздік,
Менің жырым — бірде дауыл, жел еді.
Не сұрайсың?..Қалай айтсам сенесің.
Өрге тарттым өлеңімнің кемесін.
Жағалауда ескегіме сүйеніп,
Есіңе алып әлі талай келесің.
*
Өмір өтер, бір хабарын жер берер,
Кезің көпшіл,сезім сертшіл сенделер.
Білген басқа — күйген ауыз жолдас боп,
Ой мен сана — опынар да, шерленер.
*
Көкжал көрсең ит қосақтап қайырма,
Ит ұстасаң итаяқтан айырма.
Өгей жанға қамшы ұстатып, тізгін бер,
Ал содан соң жон арқаңды дайында.
*
Адал ердің халық тартар азасын,
Қарақшы мен қарау білер қазасын.
Болар ұлды рәсуа қылған ел,
Хақтан тартар ақыр түбі жазасын.
*
Төрге сақ бол: құл өтпесін, ұл тұрып,
«Шүу»дегеннен жабы шабар бұлқынып.
Отқа түсіп,қара қазан қайнаса,
Көбік шығар:
«Мен бармын!..» — деп, жұлқынып.
*
Көз ішінде -көзің бар,
Көрмесіңді көретін.
Сөз ішінде -сөзің бар,
Серт үстінде өлетін.
Өз ішіңде -өзің бар,
«Өлдім!..» десең өлмейтін.
Өмір менен өлімді,
Қарсы қойып бөлмейтін.
Сен жаураған жалғаннан,
Шындық іздеп шөлдейтін.
*
Боз ботаның боздауы-
Боз даланың наласы.
Қайран елдің көз жасына қарашы.
Ит тістесе -атасы да ит оның,
Неге иттік жасайды,
Ал,адамның баласы?!..
*
Акулалар — бір-бір патша,дүр дейді,
Мұхиттарға ие болып жүр дейді.
Балықсыз да мұхит өмір сүреді,
Ал,мұхитсыз балық өмір сүрмейді.
( Халық — Мұхит, оны патша білмейді).
*
«Құлдық»атты — саналарда табыт бар,
«Қорлық»атты — мойындарда қамыт бар.
Бірін-бірі түртіп қашып, жауласып,
Аквариумде айқасып жүр балықтар.
*
Ойласаңыз ұлы мұхит — ұлт деген,
Ер айбынды — қалың қауым, жұртпенен.
Акулалар — суда жүрсе акула,
Су тартылса — өлі балық құрт жеген.
*
Саясат па?!..Ойбай менің не теңім,
Білдім,білем!..Онсыз қоғам бекерін.
Аквариумға қарап тұрып кей кезде,
Адамзатты үнсіз ойлап кетемін.
(…Ойыншының у қосылған шекерін).
*
Көл ашыса көмерсің,
Жау басынса жеңерсің.
Хан алжыса ауысар,
Қара жермен қауышар.
Дін мен дәстүр, ділі жоқ,
Салт пен сана, тілі жоқ,
Халық өлсе не дерсің?!
Қақ суындай кеберсің.
*
Хан жаңылар менсінбесе халықты,
Талай мансап таңқылығын танытты.
Ұлы көште ұмыт болған ұлттардан,
Көмусіз көп сүйек қана қалыпты.
*
Надан байғұс өзін ғана ойлайды,
Өз ниетін, өз көңілін тойлайды.
Төрден орын бергенменен мысыққа,
Тышқан аулап сүмеңдеуін қоймайды.
*
Демеймін сөзге дес бердік,
Жармасып, жатты ес көрдік.
Қиғаштың бойы қызғыш құс,
Қайсымыз тыңдап ескердік.
*
Қарулы жауда қан кетті,
Қараусыз елден сән кетті.
Тақ етер таңдай жарылды,
Сақ етер тиді – сан кетті.
*
Төле би айтты – тергедік,
Қазыбек айтты – сенбедік.
Әйтеке айтты – ермедік,
Ақылға, міне, келмедік.
(Білгенге мән бермедік.
Ақиқат көрсек – аш қойып,
Шайтанның бәрін жемдедік).
*
Ақыл жоқ – бойда даңғыра,
Шашылып кетті бар мұра.
Бабамның тілі – бастаңғы,
Атажұрт қайда, қалды ма?!
*
Мақтан бар жерді – төр ұғып,
Бөріктім жүрді, бөрігіп.
Қазаққа қазақ бай болып,
Көз ақы алмақ көрініп.
*
Жау төніп тұр, жағалас,
Топан суменен шамалас.
Қылғытып алса – жоқсың сен,
Қылқаныңа қарамас.
*
Тойған өгіз өз астауын сүзгілер,
Таңқы тұмсық тана ғой ол, біз білер.
Көрт үлекке құтырынған қаймалша,
Елден бұрын елпең қағып үздігер.
(Тойғандарға тоқаш болды – біздің ел).
*
Елпең-елпең ездерім,
Балпаң-балпаң батпаным.
Қойыныңда бәріңнің
Білем бір-бір тас барын.
Сана – соқыр, кеуде – қоқыс,
Жан – дертті,
Ашып қара, болмысыңның қақпағын.
*
Елі болса қайғылы
Ердің болмас айбыны.
Мөр астында ақ парақ,
Заң мен заман айдыны.
Кімнен қалмас, қай күні.
*
Дән езілді – ұн болды,
Базар барды – құн болды.
Қайғы қатты – шер болды,
Өзек толы – мұң болды.
Соның бәрі – көрген түс,
Кепкен кесек – құм болды.
Аз күн жалған – сын болды.
(Өлді, өшті, жым болды).
*
Алақанда – айып бар,
Алып-беріп сыналған.
Айыр төсте – зайық бар,
Арулардан құн алған.
Қалған сарқыт – бұл өмір,
Қанағатсыз құмардан.
Қоныс іздеп қор болма,
Ауып көшкен мұнардан.
Көшкен мұнар – шығар жан.
*
Жалын жанса өзің біл,
Қалған күлден сыр ұққын,
Бүгін мөлдір тұнықсың,
Ертең мәнсіз тұлыпсың.
Бәрі жақсы ғұмырдың,
Бәрі жаман заясың,
Ертең жансыз сүйексің,
Бүгін,бәлкім, ұлықсың.
*
Айлы түннен жаттым қанша жыр құрап,
Қалқам,менен хабар алып тұр бірақ.
Нағыз сұлу қайғырса да әрленер,
Бұлтты күнгі гүл сияқты тұнжырап.
Қанша сұлу жер бетінде жүр жылап.
*
Әлемге сәуле шашып бақ таратқан,
Қош айтты қоңыр кеште ақ тамақ таң.
Жүрегім не іздейді күні-түні,
Өлеңнің қаны тамған ақ парақтан.
*
Шаршадым,шалғай қонып тірлігіңнен,
Байланып өлең саған кіндігімнен.
Мен жазған өлеңдерді қайырма ғып,
Бір күнім көріседі бір күніммен.
*
Маңдайыңнан сүйіп жүрер арайлап,
Ана -уыз, әкең бар да бар айбат.
Екеуі де Ай мен Күндей қоштасар,
Алыс барып, ғайып болар қарайлап.
Сәбилерге сен де көңіл бұларсың,
Сәби күнді еске алып құларсың.
«Айналайын» деген сөзді сағынып,
Ай мен Күнге жалғыз қарап тұрарсың.
*
Кер үлек бұлттар күркіреп,
Көрінген тауға жүр түнеп.
Ақ бөкен тағдыр — аз ғұмыр,
Барады қашып дүркіреп.
(Көзінің жасы сіркіреп).
*
Күн өтеді,көңілді кір етеді,
Көр ішінде болмыстың бір есебі.
Қыс келгесін қатқан мұз, өлі табыт,
Қалай қойсаң, дәл солай сіреседі.
(Тірісінде бәрі де тіреседі).
*
Сағынған көздің шарасын,
Сарқылған көңіл жарасын,
Аралап шықсаң шипа жоқ,
Аспан мен жердің арасын.
Жүректің шексіз әлемі,
Өзекті пенде дәмелі.
Атадан бала ауысып,
Ақырын салған ән еді.
*
Саған аян сенің сырлы ғұмырың,
Қыла көрме жұмбақ жанға мұны мін.
Жан сандығын аралама өзгенің,
Лайлама мөлдірі мен тұнығын.
*
Түсім шығар мынау аз күн тірлігің,
Бәсін сұра,білер екен кім құнын?
Тағдырымның қобдишасын ақтарып,
Уақыт,міне, жасап жатыр ұрлығын.
*
Ер жолында тәуекел мен тәубе бар,
Ез жолында әзәзіл мен әуре бар.
Руханият сарайында алтын жоқ,
Бірақ одан шексіз қымбат сәуле бар.
*
Қайғылыға қайыр қыл,
Ақиқат пен шын сұлуға орын бер.
Бұл тірліктің үнсіз ұғып, жайын біл,
Жолаушыға жолын бер.
Сексеуілдің өзегінде -сұлулық,
Қабығында қайғы бар.
Жалынына жаныңменен жылын да,
Анығында шоғын көр.
*
Жасыл орман, жасыл бақша, желегің,
Жастық дәурен — желкеніндей кеменің.
Сұлу көрсең — құрмет қыл, аяла,
Ару сүймей — өмір сүрдім демегін.
*
Күміс маңдай күннің асыл нұрындай,
Аққан өзен — арқадағы бұрымдай.
Қас сұлудың иман-әдеп лебізі —
Жарық күннің өлшемі мен құнындай.
*
Жүрек болса кеудеңізде — ермін де,
Ару туып, өсірмейді ел күнде.
Жарды сүйіп, жұпар жұтып өтпесең,
Бұл өмірге келмедің не, келдің не?!
*
Сигектеп қаны шыңғырды,
Аранға айдап тұрғызды.
Бостандық сүйген халықтың
Маңдайын тасқа ұрғызды.
«Кеңесшіл» заман қызыл-ды,
Кері толғап бұзылды.
Запыран құсып тұншықты,
Зауалдың қолы ұзын-ды.
Шырайы кетіп шың қалды,
Мұнар да көшіп, мұң қалды.
Айтып-айтпай не керек,
Ақиқат, шындық тұл қалды.
Кешегі кеткен ерлердің,
Көзін де көрген кім қалды?!
*
Өткен-өтті, өкіндік,
Өртеніп жүріп жетілдік.
Бір Аллаға қол жайып,
Әулие-Пірге бекіндік.
Бізде қандай арман бар,
Ел болып кетсе есіл жұрт!
Тобықтан шырмап тор жатты,
Толғай жұтып ор жатты.
Тәуелсіз Қазақ болдық па?..
Болмасақ, кімдер сорлатты?!..
Айттырса бізден керім жоқ.
(Аяусыз ерде не мін жоқ).
Тебінгі, терлік, төс айыл,
Қан тимеген жерім жоқ.
*
Хақтың адал құлдары,
Қарап көктен тұр бәрі.
Қас алтынның сынығы,
Қас болаттың ұшқыны,
Қас алаштың ұлдары!
Ар-намыстың ақ туы,
Ақиқаттың құрбаны
Өшірілген тарихтың,
Өңі кеткен сырлары.
Ұлға күйік, ерге сор,
Ұлтқа обал бұл-дағы.
*
Қағанатпын – құрлықтарда ізім бар,
Тарих куә: бүгін жоқпын, бұрын бар.
Мен Қазақпын – жартысымын жаһанның,
Бір беймәлім өрт ішінде ғұмыр бар.
Көкбөрілер, көкке қарап ұлыңдар.
Сынған орман – сыңсып қайта тұрыңдар!
Тұран-Түркі – біздің алтын тұғырлар!
*
Қорқыт күйін тыңдадың,
Өмір сарнап қамықты.
Көп шөлдедім,құрғадым,
Қанды өзек талыпты.
Жүрек бар деп жүр едік біз,
Күлі ғана қалыпты.
Ошағында жалғаншының,
Ол бейшара жаныпты.
*
Көңілдердің бірі -тас та,бірі-шар.
Бірі — терең, бірі — көкке тырысар.
Туған халқын менсінбейтін тексізден,
Тезек жақсы отқа салсаң жылытар.
*
Туған елмен туа бітті бір демің,
Онсыз – көрге тірі жүріп кіргенің.
Атажұртта аяқ басып күлгенің
Шындығында жұмақ кешіп жүргенің.
*
Оған куә, ой менен қыр, атырап,
Сүйегімді жинап қойған сатылап.
Шетте жүрген – қазақ емес, қаның Ол:
Төрт тарапқа атқылаған шашырап.
*
Ғазиз жанды тілегіңмен шайқарсың,
Бауырың ғой, сөз жылысын айтарсың.
Шетте өскен қазақ көрсең – мұң менен
Саған деген сағыныш бар, байқарсың.
*
Шексіздікті мойындаған санамыз,
Ой түбіне сүңгіп кетіп барамыз.
Өнер деген -өлшеуі жоқ кеңістік,
Кеңістіктің өзі де — өнер,қараңыз.
*
Неткен заман?!.. Не жауласу, не күйік?!
Адамзатқа жетпей қойды жерұйық.
Қайда барсаң Ұлтан құлдар алдыңнан
Қос танауы шыға келер делиіп.
Берендіміз, бек сауытты батырмыз,
Бірде көлміз, бірде шөлміз, тақырмыз.
Балағында бір ит тістер орын жоқ,
Жалғаншыны кешіп келе жатырмыз.
Сабыр Адай
«Нәзира» кітабы.
ЗАМАННЫҢ ЖҮЗІ САЛҚЫН-ДЫ
Жассың ғой жаным жап-жасыл терек секілді.
Балапан езу кекілді.
Мастана көрме,
Мақтана көрме ұрынып,
Жылата көрме жетімді.
Құдайы бар ғой жыртық үйдің де қарағым,
Қайыра көрме талабын.
Жеңінде жүрер көз жасын сүртіп періште,
Жазықсыз жетім баланың.
Жетімді көрсең жебей жүр балам тастама!..
Мейірім берген тасқа да.
Көзінен сүйіп
Көңілін тауып жұбатқын,
Көңілден көрпе, ниеттен жастық жаста да.
Жылынсын жаны жетімді қыдыр бағады,
Жолына шырақ жағады.
Жетімін сатып,
Жесірін жауға берген ел,
Құдайдан бір күн табады.
Бауырмал елміз баяғы салтым антым-ды,
Антына берік халқым-ды.
Жетімді көрсең жебей жүр қалқам не дейін,
…Заманның жүзі салқын-ды.
БҰРЫШТАҒЫ САМАУРЫН
Жез самаурын шоқтан түсіп қамықты,
Анам кетті, жетімегін таныпты.
Жан ұстайтын жері қалмай бұл жолы,
Тұтқасынан жаныпты.
Кім ұстасын иесі жоқ, анашым,
Жаңа дәуір, жаңа сын.
Жез самаурын бір бұрыштан қарсы алды,
Бір кемпірдің жетім қалған баласын.
Сандығыма салып жүрмін қорғалап
Жез самаурын болма жат.
Жаңа көрсе ескісіне бұрылмас,
Сәл ұмытшақ, шәйға құмар сол қазақ.
Жез самаурын енді сенің иең кім?!
Бұрышқа кеп сүйендім.
Өзегіңе от салып ем шоқ болды,
Жыр арнадым, күй өрдім.
*
Көкектердің көмейінде сұмдық бар,
Бір-біріне сыбырлайды сыр ғып тал.
Безгек тілдің
Берен қылыш кескегі,
Бейкүнәні қылғытты ал.
Қалтыратып буындарын қарағай,
Құлап түсті жарамай.
Көкектерге ол да қызық айтарға,
Шулап кетті обалына қарамай.
Қарқылдады қарға құзғын жиналды,
Жинап қойды обал-сауап иманды.
Патшасы да тым «ақ көңіл» орманның,
Көкек айтса болды соған иланды.
*
Мертілді тұлпар шабыстан,
Жүрегін жеді ауыр мұң.
Езілді жаны намыстан,
Ермегі болды ауылдың.
Ел ұмытты күн өтті,
Жабымен бірге байланды.
Қорада қоймен түнетті,
Аптада менен ай қалды.
Ет боларлық жөні жоқ,
Таралған сымдай көк сіңір.
Айдаған үйір төлі жоқ,
Кермеде өтті көп ғұмыр.
Қаншыр да қатын қақаңдап,
Қайырсыз мал деп сынады.
Қасынан өтсе бақандап,
Көк сау шал үнсіз жылады.
*
Қырға шықсаң қызыл алма бақтары,
Ойға түссең қара мейіз,қақтары.
«Аға,алшы,шырын-шекер,балмын»-деп,
Арулардың құрғамайды жақтары.
Таңдап көрдім,шырынын да,балын да,
Жиырмаға жаңа шыққан шағымда.
Базаршылап бағбан келді көрдің бе,
Алдынан шық моншағыңды тағын да.
Мен бағбаны көп жемістің,шырынның,
Өтеуін бер базаршы қыз жырымның.
Жүзің-жүзім,төсің-алма, бойың-тал,
«Алшы?!..»-дедің,құшақ аштым,жығылдың!
*
Өлең іздер,
Өлең іздер өзгеше,
Бұл қазақтың ауруы бар сөз десе.
Өлең іздер жан біткеннен түңіліп,
Қу тірліктен қурап көңіл,төзбесе.
Өлең іздер,
Жыр жазайын, соларға,
Өлең өлсе,оның орны толар ма?!
Өмір деген жылатпайды кімдерді,
Жалғыз қалған жолаушыдай боранда.
Өлең іздер,
Өртін басып көрмекке,
Өлең өлсе, тірлік болмас жер-көкте.
Төрт құбыла түгел болмас ешқашан,
Мың күн тұрып,бір күн сынар шөлмек те.
Осы жырды,
Жастанып жат, тілекшің,
Жыр ішінде бүлкілдеген жүрекпін.
Тәңірімнен тілегіңді тілейін,
Сен өзің де бақытыңды күзеткін?!
ӨҢКЕЙ ШЫРЫН, БАЛ ЕДІК
Шат көңілмен нұрландық,
Жібермеді құрдан жұрт.
Үйірімен үш тоғыз
Күйден олжа, жырдан құт.
Шығасыға шырмалмай,
Кіресіге кірленбей,
Қатар-құрбы көп жүрдік
Баянсызын білгендей.
Таранғанда таң едік
Таң-тамаша жан едік.
Ат кекілі секілді
Аз ғана бір тал едік.
Өңкей шырын, бал едік.
Ала таңмен алыстық,
Ай құшақтап табыстық.
Бір зереңнен сүт ішіп
Тай-құлындай шабыстық.
Арман қашып алдап жүр,
Күнді түнге жалғап жүр.
Сүт пісірім дəурен ғой
Сосын бізден қалмақ жыр.
Өлім көктен самғасын
Өмір жерден алдасын
Намаздыгер, намазшам
Арасындай жап-жақын.
Өмір, өлім қос қанат,
Өрттей шалар бопсалап.
Қос дүлеймен алысып
Қайран жүрек тоқтамақ.
Сайран күнге жолықтыр,
Шерден көңіл толып тұр.
Құралайдың салқыны
Қыр төсінен соғып тұр.
Жабырқайды жан-құрсақ,
Жылап алсын ал, бір, сəт!
Айналайын туған жер
Қалды алыс балғын шақ.
Шындық іздеп шырғал мұң
Шың басына мың бардым.
Сахаршамның шəйімен
Түн жамылып жыр жаздым.
Бал берейін тосып ал,
У берейін қосып ал.
Құлқын сəрі-қара түн
Жырдан кетті шошып ал.
Сан кеудеден жан шықты
Сан жанардан қан шықты
Қызыл іңір, ымырттың
Құрсауынан таң шықты.
Таңмен бірге күлімдеп
Талай балғын жүгірмек.
Балаларды сүйдім мен
Менің жұпар гүлім деп!
Менің өткен күнім деп!
*
Сəлем саған, атқан таңның ақ жүзі,
Өткен түннің жүрегімде қалды ізі.
Сұлу кетті кеше түнде қош айтып,
Бір əулеттің жалғызы.
Қос бұрымы қосарланған даңғыл-ды,
Оны қанша бозбалалар əн қылды.
Сəнін алып, тəнін алып жөнелді,
Əнін бізге қалдырды.
Əттеген-ай, əттеген-ай, əй білгем,
Жат көріп ем… жан емес-ті жəй жүрген.
Жалғыз аққу ұшты кетті, жөнелді,
Қоңыр түнде қош айтысып айдынмен.
Таң күледі сенікі не, ақын деп,
Басу айтып əулетіне жатыр көп.
Маңдайымнан сүйді үнсіз жеңешем,
Ақын біткен аққуларға жақын деп.
*
Таныс көше, тар көшелер талаңғыр,
Кеңдік болмас саған бір.
Батпақтардан бас көтеріп тұра алмай,
Екі етек, бір жаға мен заман жүр.
Бағаналар бəрі таныс үңілді,
Алмақ менен бір үлгі.
Мен байғұс та білмей келгем қай тұсқа,
Қойсам екен жүгімді.
Шал болыпты анау ағам ер еді,
Бір ауылдың сүйеніші, терегі.
Қаласынан моласы көп мекен бұл,
Жолға шықсаң қабаттасып ереді.
Сонау аула мына кемпір жеңешем,
Енді бұған не десем?!..
Аққу еді, сыры да жоқ, сыны да
Енді сені қандай құсқа теңесем!?
…Жеңешем!
Қайран өмір болар екен не десем!?..
СҮРІНБЕ
Əкем жоқ қой сүрінбейін, сүрінбе.
Анам жоқ қой сүрінбейін, сүрінбе.
Кеше солай ойлап шыққам үйімнен,
Құлағымды тосып шыққам бір үнге.
…Сүрінбе!
Əкем барда еркелігім қалмапты.
Анам барда тілегімен бал қатты.
Қос тірегім қайда менің, қос арыс,
Ажал келіп екеуін де жалмапты.
Əкем барда алтын тұғыр хан екем,
Тал бойыма қорған болды жан əкем.
Анам менің ақ бесігім əлдиім,
Күміс сəуле күлім қаққан таң екен.
Жетім жанның енді білдім телмеңін,
Шүкір Алла, елдемін.
Күрсінейін, жыр тілейін, жазайын,
Көз жасымды сүртпе жаным сен менің.
Құлазыған дала сынды санамыз,
Келді, міне, жаңа күз.
Анау жолы əкем кеткен аттанып,
Қош айтысты енді, міне, анамыз.
Əкем жоқ қой сүрінбейін, сүрінбе.
Анам жоқ қой сүрінбейін, сүрінбе.
Кеше солай ойлап шыққам үйімнен,
Құлағымды тосып шыққам бір үнге.
…Сүрінбе!
Сабыр Адай
» Алтынзер» кітабы.