Жанды жадыратар жақсылық жаса
Қайырымдылық – Қазақстан халқы ассамблеясы жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі. ҚХА мүшелері, Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен өкілдері арасында өмірлік мұқтаж жандарға көмек көрсетуге әрдайым дайын меценаттар аз емес. Қазір қасиетті Рамазан айы — адамдар игі істер жасауға ұмтылатын уақыт. Арғы жағында Пасха мерекесінің де ауылы алыс емес. Діні мен ділі мықты жандар үшін қайырымдылықпен жақысылық жасау бірінші орында.
Діни мерекелерге байланысты ҚХА мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов пен Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің төрағасы Айша Идыбо мен дүнген кәсіпкерлері 250 адамға арналған қайырымдылық түскі ас ұйымдастырып, 50 адамға азық-түлік салынған себеттер таратты. Сонымен қатар, аз қамтылған көп балалы 38 отбасына да көмек көрсетілді. Жамбыл облысы Қордай ауданында 300 адам, бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдар: аудандық полиция бөлімі, аудандық орталық аурухана, ардагерлер кеңесі қайырымдылық акциясымен қамтылды.
Сондай-ақ, «Ахыска «түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалынан Шу, Меркі, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласының 100 аз қамтылған отбасы азық-түлік себеттерін алды.
Бұған қоса, Жамбыл облысының «Немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері аз қамтылған 60 отбасыға азық-түлік таратып, дәрі-дәрмек берді.
Сонымен бірге, Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесі де белсенді түрде қайырымдылық көмек көрсетуде. Оның төрайымы Мухаббат Миражапова мен мүшелері қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 40 тәрбиеленушісіне азық-түлік тапсырды.
Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ
Қоғамдық келісім «КММ
Баспасөз қызметі орталығы