12 сәуір — Ғылым қызметкерлерінің күні және академик Қаныш Сәтбаевтың туған күні
Ақжан Машановтың сұхбатынан:
«Қаныш қазақтың өте бекзат тумасы еді ғой, жарықтық. Халқын өте жақсы көрді, мәдениеті өте жоғары болатын.
Егер дәл Қаныштай – қазақтың елдігін, әдет-ғұрпын етене біліп, жоғары бағалай білсек, біз қазір қандай деңгейге жетер едік, шіркін!
Осы күні бағзы бір надандар орыстың, не болмаса Еуропа елінің бірер жетістігін тіліне тиек етіп, мәдениетті бола қалады…
Домбырамен әнді қалай салар еді ол. Мақал-мәтелдердің мағынасын тебірене отырып айтатын-ды. Ұлттық ғұрыптың тарихын тамырлап талдайтындығын айтсайшы. Қаныш, бірақ, еліне деген сүйіспеншілігін ашып айтуға келгенде жасқаншақтай беретін. Сондай адамның бойындағы құдай берген табиғи талантын толық аша алмай кеткендігі өлшенбес өкініш туғызады…
Ол өне бойы өзін қатігез жезтырнақтың уысында тұрғандай сезініп, жасқанумен жүрді, өмірін үнемі үреймен өткізді десем қателеспеймін. Ол өзін қоршағандардан, жанында жүргендерден қорқатын еді…
Ағасы Әбікей ұсталып кетті, маңындағылардың дені Кенесарыны айтқаны үшін «халық жауы» болып кете барды. Сол кездегі үкімет ашық айтпаса да, «сенің жағдайың бізге мәлім, айтқанымызды атқарасың, көнесің, әйтпесе күнің не болады» деген сияқты зілді үнемі аңғартатын-ды. Осы жағынан ол қымсынған, қорланған күйде жүріп, өзін толық аша алмай кетті ғой, сабаз. Бірақ ой түбіндегі шерін оңашада бізге сездіретін еді..».
Естелік пен сурет Шәмшиден Әбдірамановтың “Ақжан Машани” атты кітабынан.