Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді

Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді,
Осылай шежіреден көрінеді.
Саны көп, сапасы жоқ һәммеден бос,
Ғылымға мойынсұнбай ерінеді.
Шет шығып сахарадан баспас қадам,
Болады бүйтіп жүріп қашан адам?
Бейхабар ғаламдағы хикматтан,
Тұтқындай қапастағы күні қараң.
Болмайды кемшіліксіз ешбір халық,
Бәрінен кейін қалған қазақ анық.
Басқа жұрт біз секілді жалқау емес,
Ғылыммен қараңғыны етер жарық.
Шығып жүр әр халықтың талаптысы,
Болмай ма талаптанған әлі-ақ кісі.
Қазақта жазылмайтын бір ауру бар —
Келмейді мінін айтсаң жаратқысы.
Кеудесін мырза десең көтереді,
Бардай-ақ құрт ауруы жөтеледі.
Шегінер халық пайдасы деген іске,
Деп айтшы осы сөзді бекер еді?!
Міржақып Дулатұлы