Сүті мен құрт-майы ауыл ішінде үлкен сұранысқа ие

Сүті мен құрт-майы ауыл ішінде үлкен сұранысқа ие
Кез-келген елдің экономикалық дамуында шағын және орта кәсіпкерліктің алар орны ерекше. Бұл сала дамыса ел де дамиды, өсіп-өркендейді. Сондықтан да кәсіпкерлікті қолдау – біздің елдің басымдық берген негізгі салаларының бірі.
Бүгінде мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасалуда. Өйткені қандай да бір кәсіп басталса, адамдар жұмыспен қамтылады. Кәсіп жүрген соң адамның табысы артады. Бұл өз кезегінде ел, оның ішінде аймақ, өңірлердің экономикасына оң әсер етеді. Сәйкесінше әлеуметтің әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Қараша халықтың табысы көбейіп, жағдайы жақсарып, тұрмысы түзеледі.
Осы күнге дейін өз кәсібін ашып, еңсесін тіктеуге бетбұрыс жасағандарға мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары бизнес негіздерін меңгеріп, грант алғандардың қатары айтарлықтай көбейді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша кәсіпкерлікпен айналысуға ниет еткендердің қарасы көп болды.
Бағдарлама аясында «Бастау бизнес» жобасы сәтімен жүзеге асырылып, оған жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және жастар қатысты. Жеке кәсібін ашуға ниеттенгендерге көрсетілген бұл қолдау соңғы 2-3 жылда көптеген ауыл тұрғынының тірлігін тіктеуге септігін тигізді. Жобаның тиімді тұстарының бірі – бір айлық оқуға қатысқандарға шәкіртақы төленді. Олар білікті бизнес-тренерлерден дәріс алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді.
Жоба бойынша бір айлық оқуды тәмамдап, қолына алған қаржысына бес заненский сауынды ешкі сатып алған Аса ауылының тұрғыны Нұрила Исабекова бұл күнде ешкісін түлетіп, мал басын көбейтіп отыр.
– «Бастау бизнес» жобасы кәсіппен айналысамын деген жұмыссыз адамдарға арналған өте пайдалы әрі тиімді жоба екен. Жоба бойынша бір ай оқып, білікті бизнес-тренерлерден тәлім алып, бизнес-жоспарды қалай жазу керектігін үйрендім. Оқу курсы аяқталған соң қолыма сертификат алдым. Одан кейін бизнес-жоспарымды сәтті қорғап, 583400 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып алдым. Сол кезде қолдау білдіріп, барынша көмектескен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының қызметкерлеріне алғысым шексіз.
Бүгінде емлекеттік бағдарлама арқылы берілген көмектің арқасында кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Қазір бағып отырған он бес сауынды ешкімнің сүті, май-құрты ел-жұрт ішінде үлкен сұранысқа ие. Басты тұтынушыларым – ауылдастарым. Кейде көршілерімнен артылмай қалады. Қаладан да тапсырыс берушілердің қатары күн санап артып келеді. Сүттің бір литрі – 500 теңге. Төлі, яғни лақтары 25000 теңге тұрады. Бүгінге дейін 12 лақтың 5-еуі сатылып кетті.
Кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы мен талабы бар кез келген адам қабілетті. 21 күндік курс кезінде осыны ұғындым. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалардың елге берері көп екенін түсіндім. Тек бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ерінбей еңбек ете беру керек, – деді бізбен болған әңгімесінде мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған Нұрила Әбенқызы.
Расында, шағын және орта бизнесті дамыту үлкен маңызға ие. Әсіресе, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, жұмыссыздар санын азайту маңызды. Келелі іске мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы сеп болады. Бұл – жақсы үрдіс. Мұндай үрдістің жалғасын табуына атқарушы биліктің шағын және орта бизнеске қолдау жасауы жақсы әсер етіп жатыр.
Ильяс Қалыбекұлы, Жамбыл ауданы