МЕРКІДЕГІ КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ
Меркі ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің негізі ауыл шаруашылығы болып саналады. Мұны жақсы сезінген аудан шаруалары күн жылыған бойы көктемгі дала жұмыстарына белсене кірісті.
Осы орайда, «Аспара» өндірістік кооперативі де көктемгі егін науқанын байыппен бастады.
Өткен жылы қуаңшылықтан қиындық көрген шаруашылық биыл 300 гектарға күздік бидай мен 180 гектарға жоңышқа еккен.
Қазіргі уақытта 300 гектар алқапқа жаздық арпа себіліп, аяқталуға шақ қалды.
Сонымен қатар, кооператив меншігінде 100 жылқы мен 4000 бас меринос қойы өсірілуде. Оның 2700-і аналық бас қой, қазіргі уақытта төлдеп жатыр. Кооператив төрағасы Қалдыбай Алмабаевтың айтуынша 100 басқа 85 төлден алу жоспарлануда.
Кооперативке Аспара ауылынан 60 үй мүше болып табылады. Кооператив қазіргі таңда ұжым мүшелерін жұмыспен қамтып, ұжымдық пай үлестерін уақтылы бөліп беруде. Сондай-ақ, қойлардың төлдеу маусымында аудандық №9 колледжіне студенттер келісім-шарт бойынша, тәжірибе ретінде қосымша жұмысқа тартылған.
Өндірістік кооперативте жалпы техника саны – 5 МТЗ тракторы, 1 К700, 3 комбайн бар болса, оның ішінде екі тракторды 25 пайыз субсидиямен алған.
Сондай-ақ, аналық қойлардың әрбір басына мемлекет тарапынан 4000 теңгеден субсидия беріледі екен.
Меркі ауданы