КЕДЕЙ БЕС ТҮРЛІ САДАҚА БЕРЕДІ!
Бір күні жоқшылықтан жадап-жүдеген бір кедей көпті көрген дана қартты жолықтырып:
— Айтыңызшы, мен неге осындай кедей болып туылдым екен? – деп налиды.
Данышпан оған:
— Себебі, сен адамдарға жомарттық танытпайсың, өте сараңсың, — деп жауап береді.
Бұл жауапқа таң қалған кедей:
— Қолымда беретін ештеңем жоқ, тапқаным өзімнен артылмаса, қалай жомарттық танытамын? – дейді.
Сонда қария:
— Негізі сенің адамдарға жақсылық жасауға мүмкіндік беретін 5 қабілетің бар. Сол мүмкіндіктеріңді оятып, жүзеге асырғаныңда бұлай демес едің, — дейді.
Таң қалған кедей оның қандай қабілет екенін сұрайды.
Сонда данышпан:
✓ Біріншіден, өзгелерге жымиып қара, күлімдеп жүр. Алла қаласа, осы арқылы да садақа жасап, сауапқа кенелуіңе мүмкіндік бар;
✓ Екіншіден, айналаңа мейірленіп қара. Олар сенің көзіңнен тек жанашырлық пен жақсылық көретін болсын;
✓ Үшіншіден, сен мылқау емессің, сөйлей аласың. Ендеше, адамдардан жақсы сөзіңді аяма;
✓ Төртіншіден, жүрегің тоқтаусыз соғып тұр. Ендеше, бар ықыласыңмен, жан-тәніңмен беріліп тұрып басқаларға жақсылық тіле.
Олардың өмірінің берекелі, тұрмыстарының шырайлы болуы үшін дұға жаса;
✓ Бесінші, аяқ-қолың сау. Ендеше, денсаулығыңды пайдаланып, жұртқа пайдалы істерді атқар. Көмектес, — дейді.
Қарттың бұл әңгімесі кедейді қатты ойландырады. Иә, адамды бай қылатын — дүние-мүлкі мен ақшасы емес, қардай аппақ пейілі мен адал, таза көңілі екен!
Сондықтан бір бірімізден жақсы сөзімізді аямайық! Қасиетті Рамазан айында мейлінше көп дұға жасайық! Басқа адамға жасалған дұға өзіне бірнеше есе болып қайтады екен, жақын туыстар мен достарыңыздың мұң мұқтажын білесіз, соны дұғаға қосып тілеңіз!
Алла әрбір қазақтың бай қуатты ғұмыр сүруін нәсіп етсін! Әмин!