Зауыт құрылысы 2023 жылы аяқталады
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Жамбыл облысындағы сапары Шу ауданында салынып жатқан «QYZYLSHA» ЖШС қант зауытының құрылыс жұмысымен танысудан басталды.
Бүгінгі күні зауыт алаңы дайындалып, жол жабыны төселіп, құрылысшыларға арналып жатақхана мен құрылыс-жабдықтарын сақтайтын қоймалар салынғанын айтқан жоба жетекшілері зауыт құрылысы 2023 жылы аяқталатынын жеткізді.
Сонымен бірге, министр «Химпарк Тараз» АЭА аумағында жұмыс істеп жатқан каучук содасы мен хлор өндірісі цехының да жұмысымен танысып, оны жолға қою үшін инвестор тарту керектігін айтты.
Бұдан кейін министр «Шыған» шаруа қожалығының көктемгі дала жұмыстарының барысын бағдарлады. Негізінен көкөніс өсіретін қожалықтың агрономы Лугмар Сандуровтың айтуынша, 13 мың гектар алқапқа көкөніс орналастырылуда. Басым бөлігіне пияз себілуде.
Оған тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Өткен жылдары қожалық əрбір гектарынан 80-100 тоннадан өнім алып, еліміздің солтүстік өңірлеріне және Ресей федерациясының Омск, Томск, Новосибирск қалаларына өткерген.
Министр шаруашылық жұмысына қызығушылық таныта отырып, көкөніс сақтайтын қойма салып, өнімді күзде емес баға біршама көтерілгенде өткеруге және егістік дақылына берілетін мемлекетік субсидияны алып, оны мақсатты жұмсауға кеңес берді.
Сондай-ақ, ол «QYZYLSHA» ЖШС-нің егістік алқабында болып, жаңбырлату және тамшылату жүйесі жобасымен танысып, отандық қант өндірісін дамытуға үлес қосып отырған шаруашылық жұмысына сəттілік тіледі.
http://Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы