«Бірліктен асқан береке жоқ»
Жуырда республикамыздың әр өңірі қыркүйектің 22 сі Тілдер күні мерекесін ерекше атап өтті. Айтулы күнді жыл сайын айрықша тойлаудан Алматы шаһары көш бастап тұр.
Сол күні қаламыздағы қазақ-түрік қыз балалар лицейінде қонақта болып, «Тіл мерекесі-ел мерекесі» атты фестивальге қатысып қайтқан болатынбыз. Мерекелік кеште мемлекеттік тілге деген құрмет пен патриоттық сезімді бәрінен биік қоятын аталмыш мектептің оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, сан қырлы қабілеттерімен ерекшелене білді.
Барша ұлт тілдеріне құрмет көрсетілетін бұл ортақ мерекенің басқа мейрамдардан өзгешелігі − тіл қадірін білу мен маңызын ұғуға, тазалығын сақтау мен мәдениетті сөйлеуге сондай-ақ бір−біріне деген сүйіспеншілікті арттыра түсуінде еді.
Лицейде төрт тілді еркін меңгеруге басымдық берілгендіктен, қыздар Шекспир, Байрон, Чарльз Диккенс сынды ұлы тұлғалардың ағылшын тіліндегі өлең -жырын жатқа оқып, түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрінен хабар беретін қойылымдар көрсетуді де назардан тыс қалдырмады.
«Бірліктен асқан береке жоқ» дейді дана халқымыз. Достығымызды нығайтып, ынтымағымызды жарастырған «Тілдер» мерекесі бірлікті нығайтуға мұрындық болып отыр. Лицей оқушыларының бұл күні жұдырықтай жұмылып, кештің өз деңгейінде өтуіне ұйытқы болғандары көңіл қуантты.
Татулық пен ынтымақты сөз еткен оларға қарап, тілдің қасиеті мен нәрін бойына сіңірген, мәдениет пен өнердің ортақтығын түсінген өркениетініміздің шамшырағы осылар деп мақтанышпен айта аласың.
Жұлдыз Әбіл