Қарағандыда актриса Шолпан Жандарбекованың 100 жылдық мерейтойы атап өтілуде
Биыл Қазақстанның театр әлемі ерекше күн – белгілі актриса, талантты педагог Шолпан Жандарбекованың туғанына 100 жыл толуын атап өтеді. Қарағанды облысында мерейтойға арналған іс-шаралар өтуде.
С. Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театрында баспасөз конференциясы, көрменің ашылуы, «Шолпан жұлдыз» кітабының тұсаукесері өтті, сондай-ақ көрермендердің назарына М. Әуезов атындағы ұлттық қазақ драма театрының «Отыз ұлың болғаншп» спектаклі ұсынылды, онда Қарқаралы ауданының тумасы болып келетін актриса өмір бойы қызмет етті.
– Шолпан Жандарбекова – «КСРО Халық әртісі» жоғары атағына қол жеткізген бірегей адам. Өмір бойы М. Әуезов театрында актриса болып жұмыс істеп, көптеген дарынды оқушыларды тәрбиеледі. Шолпан Жандарбекованың даналығы мен сұлулығы біз үшін, соның ішінде өскелең ұрпақ үшін де үлгі, – дейді М. Әуезов атындағы Қазақ драма театрының директоры Еркін Жуасбек.
Баспасөз мәслихатында әріптестері мен шәкірттері актриса туралы естеліктерімен бөлісті.
– Шолпан апа ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Мен 1959 жылы театрға келгенде, ол мені бірден жылы қабылдады және көмектесті. Мен оны көргеніме, қасында отырғаныма, онымен бірге сахнада ойнағаныма қуаныштымын. Ол өмірінің соңына дейін, 83 жасқа келгенше сахнада ойнады, – деді Қазақстанның Халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Нүкетай Мышбаева.
Шолпан Жандарбекованың шығармашылығына арналған көрмеге М.Әуезов атындағы ұлттық қазақ драма театры мұражайы қорынан жүзден астам экспонат әкелінді. Олардың ішінде фотосуреттер, плакаттар, құжаттар, актрисаның костюмдері және басқалары бар.
– Қарағандыға КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шолпан Жандарбекованың шығармашылық өмірі туралы көрме әкелдік. Оның ерекшелігі – экспонаттар Шолпан апаның 40-шы жылдардан бастап атқарған барлық рөлдері туралы баяндайды, – деп атап өтті мұражай меңгерушісі Наргиз Тамабекқызы. – Сахналық костюмдердің бірі 1958 жылы Мәскеуде көрсетілген Шәкен Аймановтың қойылымындағы «Ақын трагедиясы» («Ақан сері-Ақтоқты») спектакліне тігілді. Біз оны шет елдерге және бүкіл Қазақстан бойынша көрмелерге апарамыз. Біздің мұражайдың қорында 200 мыңға жуық экспонат бар.
С. Сейфуллин атындағы театрда «Шолпан жұлдыз» кітабының тұсаукесері өтті. Оған актрисаның өзі туралы мақалалар және замандастары мен театр сыншыларының естеліктері енген. Жинақты құрастырушы – Ерғазы Төлеу. Кітап «Кәусар» баспасынан жарық көрді.
Бұдан әрі көрермендер назарына «Отыз ұлың болғанша» спектаклі ұсынылды.
– Шолпан Жандарбекованың мерейтойы Қарағандыда атап өтетінін білгенде, «Отыз ұлың болғанша» терең комедиясын әкелуді жөн көрдік, өйткені бұл спектакль Шолпан апаның соңғы қойылымы болды. Ол оны қатты жақсы көрді, – деп бөлісті Еркін Жуасбек. – Режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахымов.
Актриса Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған іс-шара театр ұжымының жастармен кездесуімен және «Сарыжайлау» кинотеатрында «Ақтоқтыдай аңыз тұлға» фильмінің тұсаукесерімен жалғасты.
Жомарт Шаймұрат