Талас аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен кезекті отырыс өткізілді

Күн тәртібінде 2021 жылы бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілуі, индикатор көрсеткіштерінің орындалуы, Қаратау қалалық әкімі аппаратының тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету стандартының сапасы мен қолжетімділігі және білім бөліміне қарасты мектеп асханаларының жұмысы, мұғалімдердің еңбекақыларын тарифтеу және тағы басқа мәселелер қаралды.

Аталған есептік кездесуге қоғамдық кеңес мүшелерінен бөлек, аудан басшысы Қанатбек Мәдібек, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадірбек Садубаев қатысты.


Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Қайрат Терлікбаев аудан бойынша былтыр бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен игерілуі, сондай-ақ, 2021 жылғы индикатордың орындалуы бойынша баяндама жасады.

Одан кейін есеп беруге Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов шығып, әкім аппараты тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету стандарты мен индикаторлардың орындалуы бойынша қоғамдық кеңес мүшелеріне толық ақпарат ұсынды.

 

Үшінші мәселе бойынша сөз кезегі Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Талас аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғаповқа берілді. Мақсат Арапұлы бөлімге қарасты білім ошақтарындағы жұмыстардың орындалуы, мектеп асханаларындағы тамақтану сапасы, мұғалімдердің еңбекақыларын тарифтеу, жүктемесін сараптау, сондай-ақ, Балалар мен жасөспірімдер орталығының және «Жұлдыз» аула клубының жұмысы туралы баяндады.

Жалпы отырыс барысында қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныстарға спикерлер тарапынан тұщымды жауаптар берілді.

Талас аудан әкімдігі