Жамбыл жаңалықтары Жамбыл облысында көктемгі егіс жұмыстары 80 пайызға аяқталды – Ербол Қарашөкеев
Сапар бағдарламасы аясында ведомство басшысы Шу ауданына барып, жаңа қант зауытының құрылысын қарап, жұмысшылармен кездесті.
Министр бұдан әрі жаңбырлататын және тамшылататын жүйелерді зерделеп, суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру перспективалары суды үнемдейтін суару технологияларын кеңінен қолданумен тығыз байланысты екенін, бұл суды тұтынуды азайтуға және суды дәлдеп беру, қоректік заттармен қамтамасыз ету арқылы егін өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің көлемі ұлғайды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы аясында олардың аумағын 450 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда, – деді Ербол Қарашөкеев.
Қордай ауданында ведомства басшысы «GreenWill» жылыжай кешенімен танысып, бірегей аквапоникалық жылыжайды аралады.
Министрге аквапоника әдісі бір уақытта балық өсіруге және қоректік ерітінділерде топырақсыз өсімдіктер өсіруге негізделгені туралы хабарлады. Тыңайтқыш ретінде өсімдіктерге органикалық еритін тыңайтқышты синтездеудің табиғи бактериялық процесі қолданылады, яғни, бұл толығымен табиғи процесс.
Ведомство басшысы көктемгі дала жұмыстарының барысын бақылап, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізуге және фермерлерді қажетті құралдармен қамтамасыз етуге ерекше назар аударғанын атап өтті.
Егіс алқаптарын аралау барысында, ведомство басшысы облыстағы көктемгі дала жұмыстарының қарқынына, топырақтың ылғалдануының жақсы деңгейін атап өтті. Өңірде тұқым, арзандатылған дизельдік отын, тыңайтқыш және басқа да егіс егу үшін қажетті құралдар жеткілікті. Бүгінгі таңда облыста көктемгі егіс жұмыстары 80 пайызға орындалды.
Одан әрі Е.Қарашөкеев қант қызылшасын өңдейтін Меркі қант зауытына барып, өндірісті іске қосуға дайындығын тексеріп, шығарылатын өнімнің импортты алмастыруға қол жеткізу үшін маңыздылығын атап өтті.
Жамбыл облысының қызылша өсірушілерімен кездесуде қатысушылар саланы дамыту мәселелері мен проблемалық мәселелерді талқылады. Ербол Қарашөкеев саланы қолдаудың мемлекет қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.
Ведомство басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұқым, тыңайтқыш және гербицид, техника сатып алуға кеткен шығындарды өтеу, инвестициялық субсидиялар, айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие беру қарастырылған.
Министр, сондай-ақ тыңайтқыштардың құнын төмендету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, министрлік аммиак селитрасының бағасын төмендетті, «Қазфосфат» ЖШС-мен аммофос бағасын төмендету туралы келіссөздер жүргізілуде.
Өз кезегінде, қызылша өсірушілер өндіріс құралдарына бағаның өсуіне, субсидиялау, сумен жабдықтау және жер пайдалану жүйесінің ережелерін өзгертуге қатысты бірқатар сұрақтар қойды.
Кеңес қорытындысы бойынша, ведомство басшысы Жамбыл облысы қызылша өсірушілер қауымдастығының өкілдерін субсидиялау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобына қосуды тапсырды.
Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарының бірінші күнін мал шаруашылығымен, атап айтқанда, асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен, қымыз өндірумен айналысатын «Ар-Ас» ШҚ жұмысымен танысумен аяқтады.
Бүгін Министрдің жұмыс сапары жалғасады. Бағдарлама бойынша Жамбыл ауданындағы көктемгі дала жұмыстарының барысын тексеру, жайылымдық жерлерді тексеру, сондай-ақ облыстың тауар өндірушілерімен кездесу жоспарлануда.