Форум мұнай-химия саласына арналды
Атырау «Мұнайлы астана» атанғаннан бері халықарарлық деңгейдегі ауқымды іс-шарарлардың белсенді орталығына айналды. Өткен аптаның соңында мұнда «АTЫРAU CHEMICAL DAY PETRO INVEST — 2016» халықаралық инвестициялық форумы өткізілді. Биыл форум өңірде үшінші рет жалауын желбіретті. Шартараптан шақырылғандар арасында Ресей, Израиль, Франция, Хорватия, Иран сияқты мемлекеттерден қонақтар бар.
Биылғы жиын алғаш рет мұнайхимия саласы өкілдерінің басын қосуымен ерекшеленді. Бір алаңда аталмыш саланың кәсіби қызметкерлері, сарапшылары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілерінің өкілдері бас қосты. Сондай-ақ осы іс-шара бағдарламасы инвестиция салу үшін тартымды жоба іздеп жүрген шетелдік инвесторлардың бір тобының қызығушылығын оятып, жерімізге аяқ бастырды.
Форумды ұйымдастырушылар – Атырау облысының әкімдігі мен «Біріккен химиялық компания» ЖШС.
Салтанатта Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарға облыс экономикасын таныстырды.
— Атырау облысы еліміздің өндірісі дамыған аймағы ретінде 50-ден аса елмен тұрақты байланыста. Инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарындамыз. Биылғы 8 айда негізгі капиталға салынған инвестиция 4,0 млрд. АҚШ долларына жетті. Аймақта 600-ден астам өнеркәсіп жұмыс жасайды, 120 мың кәсіпкер өз шаруаларын дөңгелетуде. Жалпы өңірлік өнім мен орташа жалақы бойынша республикада алдыңғы орындамыз. Шетелден капитал тартуға облыста айтарлықтай қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі кезде аймақта 700-ге жуық бірлескен кәсіпорындар мен шетелдік компаниялар жұмыс жасауда. АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция. Канада, Жапон, Қытай елдері инвестиция салып, ашқан бірлескен кәсіпорындар өлкенің дамуына әсерін тигізуде. Осының бәрі Елбасы саясатының арқасында жүзеге асуда Бұл форум іскерлік алаңы ретінде баршаңызға пайдалы болмақ. Жаңа байланыстар орнатып, өз бизнестеріңізді дамытуға зор мүмкіндіктер бар. Жетістікке жету тәсілдеріңізді ортаға салып, ой бөлісесіздер деп ойлаймын. Инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті жоғары еңбек қарқынымен дамытуға, заманауи технологиялардың өмірге дендеп енуіне ұмтылуға тиіспіз деген аймақ басшысы қонақтарды Атырау облысына инвестиция салуға және қазақстандық серіктестермен бірлесіп кәсіпорындар ашуға, жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Осыдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтаб Дамирчилу бүгінгі бас қосудың өз елі үшін маңыздылығын айтып, байланыс орнатуға мүдделігін танытып, алғысын білдірді.
Құрметті қонақтар мен белсенді қатысушылар ретінде Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының Президенті Раушан Сарсембаева, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Төлеушин өз сөздерінде орта және шағын бизнесті дамыту мен инвестиция салу, табысқа жету жолындағы бірлескен іс-әрекеттер жайында, жасалатын жеңілдіктер мен тиімді жолдар туралы қызықтыра, нақты әңгімеледі. Жиында алыс-жақыннан келген қонақтардың біразы өз ойларын ашық айтып, пікірлерімен бөлісті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев өңірдің инвестициялық әлеуетімен таныстырып, даму жағдайын толық мәлімдеді.
Форумды ұйымдастырушылардың негізгі міндеті – Атырау облысында орналасқан «Ұлттық индустрияландыру мұнайхимия технопаркі» арнайы экономикалық аймағына жаңа өндіріс орындарын ашып жұмыс істеу үшін мұнайхимия саласына бизнесмендер мен ШОБ субъектілерін тарту болатын. Қатысушылар «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «KAZNEX INVEST» Ұлттық экспорт және инвестициялар агенттігі, Ұлттық технологиялық даму агенттігі, Қазақстан мемлекеттік-жеке серіктестік орталығы сияқты қазақстандық даму институттары ұсынатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы жеткілікті ақпаратты Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыровтың баяндамасынан тыңдап білді.
«Біріккен химия компаниясы» ЖШС басқарма төрағасы Жеңіс Өсербай еліміздегі аталмыш саланың даму әлеуетімен таныстырды. «Базалық мұнайхимия өнімдер өндірісін құруға бағытталған жобаларды іске асырумен айналысатын «Біріккен химия компаниясы» ЖШС-нің қызметі арқасында өңірдің мұнайхимия орталығы дамып, шағын және орта кәсіпкерліктің қаулап өсуіне өркен болады», — деді ол.
«Біріккен химиялық компания» ЖШС Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобының құрамында 2009 жылы құрылған-ды. Серіктестік – инвестициялар тарту және шағын және орта бизнесті қолдау арқылы елдің мұнай-химия және химия секторын әртараптандыру, жаңғырту, орнықты дамытуды қамтамасыз ету үшін Қазақстанның мұнайхимия саласын дамытудағы оператор болып табылады. Компания жобаларының жалпы пұлы шамамен 11,2 млрд АҚШ доллары шамасында.
Форумға қатысушыларға «Ұлттық индустриалдық мұнайхимия технопаркі» арнайы экономикалық аймақ аумағында алғашқы іске қосылған полимер өнімдерін өндіретін «PolymerProduction» ЖШС-гі кәсіпорнының бизнес-кейсі таныстырылды. Компания іске қосылған 2015 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді және Қазақстанда алғашқы биаксиалды-бейімделген полипропилен үлдірін (ББП-үлдір), сондай-ақ полипропилен қапшықтар мен полиэтилен түйіршіктерін шығарады. Бұл кәсіпорын баспасөз туры шеңберінде форум алдында журналистерге таныстырылған болатын.
«Полимер Продакшн» ЖШС 2013-2015 жылдар аралығына жобаланған жергілікті кәсіпорын. 2014 жылдың үшінші тоқсанында құрылысы басталып, өткен жылдың соңында іске қосылды. Жобалық толық қуатына 2017 жылы жетеді. Жоба құны 16,8 млрд тенге. Бұл жобаның мақсаты шетел инвестициясын тарту арқылы өнім өндіріп, өз рыногімізді қажетті шикізат көзімен қамту. Мұнда өндірілетін полипропилен пленка, полиэтилен пленка, полипропилен қапшықтар осы кезге дейін сырттан тасымалданып келсе, енді өзімізден шығарылуда. Бұл өнімдер тамақ өнеркәсібі, құрылыс, ауылшаруашылығы, түрлі өндірістерде, кәсіпорындарда қолданылатын күнделікті қажетті тауар. Әзірге өнім өндіруге қажетті шикізат Ресей, Сауд Аравиясы, Башқұртстан, Түркменстан, Белгия, Татарстан елдерінен жеткізілуде. Кәсіпорын директоры Асқар Құрманов журналистерге цехтарды аралатып, өндіріспен таныстырды, сұрақтарға жауап берді.
Тур кезіндегі баспасөз мәслихатында «ҰИМТ» АЭА орналасқан кәсіпорында полипропилен өндіретін газ-химиялық кешеннің (өндіріс көлемі – шамамен жылына 500 мың тонна), (толық іске асыру мерзімі 2020 жылға дейін) құрылысы басталғаны, Газ турбиналық электр стансасы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Қыркүйек айының басында полипропилен өндіру бойынша жоба операторы болып табылатын «Kazakhstan Petrochemical IndustriesInc» ЖШС мен Қытай мемлекеттік даму банкі арасында 2 млрд. АҚШ долларына несие келісіміне қол қойылған болатын.
Форум жұмысының маңызды бөлігі ынтымақтастық байланыстар орнатуға арналған бірнеше Меморандумға қол қойылу сәті болды.
Форум бағдарламасына орай кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысы ұйымдастырылды, онда қатысушылар «ОХК» ЖШС; «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «KAZNEX INVEST» Ұлттық экспорт және инвестициялар агенттігі, Ұлттық технологиялық даму агенттігі, Қазақстан мемлекеттік-жеке серіктестік орталығы, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы мен NADLОC Ұлттық жергілікті қамтуды дамыту агенттігі өкілдерінен кеңестер алады.
Атырау облысының әкімдігі Қазақстан әйелдерінің іскерлік белсенділігін қолдау мақсатында «Бизнестегі әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырды. Форумда панельдік сессиялар, тақырыптық кезесулер мен тұсаукесерлер өз деңгейінде өтіп, қатысушылар көңілінен шықты. Іс-шара барысында Атыраудың әлем елдерімен экономикалық байланысы нығайып, инвестиция тарту мүмкіндігі жаңа деңгейге көтеріле түсті.
Светлана Муньянова