«Бірінші болып жетуіміз керек»: Рақымжан Қошқарбаев рейхстагқа қалай ту тіккен
Бұл туралы Ресей федерациясының Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті.
Көрші мемлекеттің СІМ таратқан ақпаратқа сәйкес, Кеңес одағының неміс парламенті ғимаратын басып алудағы жауынгерлік операциясы 1945 жылдың 28 сәуірінен 2 мамырына дейін созылған.
«Рейхстагты басып алу ең маңызды стратегиялық міндет болды: Германия астанасының орталығында орналасқан ғимарат фашистік Германияның басты символдарының бірі еді», – делінген желідегі жазбада.
Ведомстоның хабарлауынша, қызыл ту барлық шабуылдаушы топтарда болған. Ту екі тәулік ішінде жасалған. Рейхстагқа ту тігу әр жауынгердің арманы болған.
«30 сәуір күні таңертең 150-ші және 171-ші атқыштар дивизиясы бөлімдері Шпре өзенінен өтіп, рейхстагқа жақындады. Саперлар күндіз өзен арқылы өтетін көпірді тазалап, оны мықтап бекіттік, өз кезегінде бұл ғимаратқа танктер мен артиллерияны тартуға мүмкіндік берді. Пулемет пен артиллерияның тоқтаусыз атқылауына қарамастан ғимаратқа өтуге тырысқан батылдардың арасында 20 жастағы лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен 19 жастағы жауынгер Григорий Булатов болды. Жауынгерлер өздерімен бірге қолдан жасалған қарапайым қызыл кенеп туын алып жүрген еді. 150-ші дивизияның жауынгерлік журналындағы жазбаға сәйкес, сағат 14:25-те Булатов пен Қошқарбаев «ғимараттың орталық бөлігіне бауырмен жорғалап өтіп, басты кіреберістің баспалдағына қызыл туды тіккен. Бұл рейхстагқа көтерілген тулардың алғашқысы болды», – делінген РФ СІМ жазбасында.
Кейінірек Қошқарбаев бұл оқиға туралы өз естелігінде айтқан.
«Рейхстагқа жақындап қалғанда мен тудың төменгі бір бұрышына аты-жөнімізді – Булатов, Қошқарбаев деп жазып қалдырдым. Жанымда отырған Гриша (Григорий Булатов) маған:«Жолдас лейтенат, жазғаның дұрыс болды, алда-жалда бізді өлтіріп кетсе, біздің кім, қайдан екенімізді ешкім білмейді», деді. Мен оған:«Жоқ, Гриша, өлуге уақытымыз жоқ. Біз қандай жағдай болса да, мына қызыл туды Рейхстагқа жеткізуіміз керек. Және оған ең бірінші болып жетуіміз керек екенін айттым», – дейді Қошқарбаев.
Рейхстагды алуда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Қызыл ту орденімен марапатталған. Екі жауынгерге де туған елдерінде ескерткіш орнатылған. Қошқарбаевтың Нұр-сұлтан қаласында, Булатовтың Киров қаласында ескерткіштері бар.