ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯМЫЗ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ БОЛУЫ КЕРЕК! — «Ақ жол»

-МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЕСІКТЕН КІРЕ АЛМАЙ ЖЫЛАП ТҰРСА, БІЗ ҚАЛАЙ ТӨРДЕ ОТЫРАМЫЗ?! — Қазыбек Иса (толық видео)
-ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯМЫЗ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ БОЛУЫ КЕРЕК!
-МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС!
-ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ — МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ!
Ал бізде 30 жылдан бері МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОҚ!
-Конституцияның тіл туралы бабының бірінші тармағын орындамай, оған қарсы екінші тармағын орындайтын ел әлемде тағы да жалғыз Қазақстан!
-Мемлекеттік тілімізді міндеттейтін заң қабылдау үшін енді тағы 30 жыл үшінші президентті күтуіміз керек пе?!
-МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАТПАУ — МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫНАН БАСТАП, БӘРІМІЗДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ БОЛУЫ ТИІС!
-Елбасы енгізген Конституция мен заңдарымыздағы мемлекеттік тілдің бейшаралығын білдіретін баптардың бәрін де зейнетке шығарып жіберу керек.
-Ұлттық намысы жоқтардың: “Бәріне түсінікті тілмен сөйлейін”-дегені — МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАУЫ және бізде 30 жылда да МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БОЛМАҒАНЫН МОЙЫНДАУЫ!
-Ел біртұтас бірігу үшін барлық ұлт мемлекеттік тілде сөйлеуі керек!
-АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІМІЗ ДАБЫЛ ҚАҒАР ЖАҒДАЙДА!?.
-ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫН АЛУ ҮШІН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН СЫНАҚ ТАПСЫРУЫ ТИІС!
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса «Ақ жол» фракциясы атынан ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, шұғыл Ұлттық идеология концепциясын қабылдау қажет екенін айтты.
«Қазақ үні» депутаттық сауалдың толық мәтінін ұсынады.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал
ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯМЫЗ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ БОЛУЫ КЕРЕК!
1.ОТАНШЫЛДЫҚ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯДАН БАСТАЛАДЫ
Мемлекеттің жаңа дәуірін бастап берген қанды қаңтар қасіреті еліміздегі 30 жылдағы барлық қателіктерімізді әлемге әйгілеп берді. Алдымен экономика, содан соң саясат деген ұстаным өзін ешқандай ақтамады. Тұралап қалған экономикамыз өз алдына, саясатымыз жаңармағасын сасыған судай жарамсыз, зиянды болып қалғанына көзіміз жетті. Сондықтан да Президент Қ.Тоқаев бастаған түбегейлі саяси реформаны халық қолдауда.
Қаңтардағы қасірет ең алдымен елімізде 30 жылдан бері Ұлттық идеологияның ұшқыны да болмағанын әшкере етті.
Енді саяси реформамен бірге шұғыл Ұлттық идеологиямыздың концепциясын қабылдап, заңды бекіту керек.
«Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді»-деді мемлекет басшысы Жолдауда. Иә, Отаншылдық Ұлттық идеологиядан басталады.
Ұлттық идеологияның жоқтығы көзге ұрып тұрған біздің Тәуелсіз Қазақ Елінде Ұлттық рухты көтеру бүгінгі күннің ең маңызды талабы!
2. ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ – ЕҢ АЛДЫМЕН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ!
Қазір халықты біртұтас етіп біріктіруші ұлттық идеологиямыз — Мемлекеттік тіліміз болуы керек!
Бұны еліміздегі этностардың бәрі де қолдауда. Қазақстан Халқы ассамблеясы 2020 жылы мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау туралы Үндеу жасады.
Сыртқы жаудан қорғану үшін алдымен елдің ішінде өз түтіні түзу ұшу керек! Бұл — бір тілге бірігу деген сөз!
Ал бірігу Тілден басталатыны тірі адамға белгілі!
Тілі бірдің – тілегі де бір, тірегі де бір, яғни, қаруы да, әскері де бір!
Бұндай ел болып, бір тілге бірігуге кім қарсы — сол елдің жауы!
Түрік Республикасының тұңғыш президенті Кемал Ататүрік сайлана салысымен алғашқы жылы-ақ: «Түркия мемлекеті мықты болуы үшін еліміздегі 78 ұлт бүгіннен бастап бәріміз бір тілде -түрік сөйлейтін бір ұлтпыз!» -деп жариялады. Осындай қазақ ұлты алдындағы тарихи жауапкершілік пен ұлы аманат бізде де орындалуы тиіс еді…
Өйткені, Президенттің өзі Жолдауында айтқандай, «Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.»
Сондықтан, елді біріктіріп, топтастыру үшін барлық ұлт мемлекеттік тілде сөйлеуі керек!
Менің әкемнің кезінде Қазақстанда бәрі орысша болды…
Мен 1979 жылы Алматыға оқуға келгенде де барлық жерде орыс тілі үстем еді. Жауап түсінікті – өйткені біз Кеңес Одағының боданы, отар ел едік.
Ал 1999 жылы ұлым: «Әке, неге барлығы орыс тілінде?» деді. «Тәуелсіздікті алғанымызға көп болған жоқ, алда бәрі қазақ тілінде болады, ұлым» деп жұбаттым. Оған өзім де сенген едім.
Биыл 2022 жылы енді немерем: «Неге барлық жерде орыс тілінде?»-деп сұрады… Ал бұл кезде Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып кеткен еді?І.
Бұған мен не деп жауап беремін?!.
Бұған біз не деп жауап береміз?
Бұған кім жауап береді?
Төрт ұрпақ ауысқанша төрден кетпейтін, ауыспайтын ол қандай тіл?!.
ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАУ — МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ!
Ал бізде 30 жылдан бері МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОҚ!
Ендеше, Қазақстан Президенті айтқандай, «Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін барлығымыз жұмыла әрекет етіп», мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз керек!
3.МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНУІ ТИІС!
Дәл қазір Конституцияға саяси өзгеріс енгізіліп жатқан кезде, 30 жылдан бері өз тіліміз емес, өгей тілдің күйін кешіп келе жатқан Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде жеке дара айқындау мәселесін шешіп алуымыз керек! Өйткені, Президент Тоқаев айтқандай: «Мемлекеттік тіл мәселесі – үлкен саясат!». Ендеше неге үлкен саясатымыз — Мемлекеттік тіліміз саяси өзгерістерден қалып қалуы керек?!
Бұл қазір елді алаңдатып отырған ең басты мәселелердің бірегейі!
Мысалы, «Ақ жол» фракциясы 2012 жылы Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру бойынша заң жобасын жасағанда үкімет өткізбей тастады. «Қазақ тіліне қазақ үкіметі қарсы шықты» деп жаздық біз.
Конституция мен заңдарымызда Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау – еліміздегі ең басты мәселе болып тұр қазір. Осы мақсатта «Қазақ үні» ұлттық порталында Конституциясындағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Ашық хат үш рет жарияланды. Үшіншісі 2020 жылы қайта жарияланған «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНСІН!» атты Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа жазылған Ашық хатқа еліміздің әлемге әйгілі тарландары бастап, 126 215 адам қол қойып, қолдады. Бұл бұрынғы межелерден мың еседей асып түсіп, тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті.
«Еститін мемлекетке» миллиондардың үнін естірткен, бір жарым айда 126 мыңнан аса Ашық хатқа қол қойған петиция Президентке тапсырылғанына да екі жыл болады жақында.
2021 жылы «Ақ жол» фракциясының Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен депутаттық сауалында айтылғандай ҚР Премьер-Министріне, үкіметке тапсырылған Мемлекеттік тіл туралы заң Концепциясы жобасына да 2 жыл болды…
ҚР Президенті Қ.Тоқаев басқаратын Ұлттық кеңестің 2019 жылғы бірінші отырысында «Конституциядан орыс тілі туралы бапты алатын кез жетті» деп ұсыныс жасағанымызға да үш жылға жуық уақытқа жақындады.
Әлемде бар елде Мемлекеттің азаматы азаматтық парызы мен міндетін орындауы бұлжымас заң! Ол заңға мемлекеттік тілді білу міндеті де кіреді. Бұл міндетін азаматтары да, тіпті мемлекеттік тілді білуі міндетті болуы тиіс мемлекеттік қызметкерлері де орындамайтын әлемде жалғыз ел Қазақстан! Өйткені біздің елдің Констииуциясында ғана мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті екенін әдейі жазбай кеткен… Бұл Конституция талабы мен атына сай емес заңсыздық! Осы заңсыздықты Тәуелсіздіктің 30 жылынан асқанда Жаңа Қазақстан, екінші Республикада түзелуі тиіс!
«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады.»-деген мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сөзі енді іске айналып, Атазаңға жазылуы керек.
Конституцияның тіл туралы бабының бірінші тармағын орындамай, сызып тастап, оған қарсы екінші тармағын орындайтын ел әлемде тағы да жалғыз тек Қазақстан!
4.МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЕСІКТЕН КІРЕ АЛМАЙ ТҰРСА, БІЗ ҚАЛАЙ ТӨРДЕ ОТЫРАМЫЗ?!
Ұлттық идеологиямыз — Мемлекеттік тілдің ауыр халі қазір дабыл қағар жағдайда!
Қалай дабыл қақпаймыз, Тәуелсіздік алған 30 жылда өз тілін білмейтін ұрпақ өсіп шықса?!. Сонда біз қай елде, қандай Тәуелсіздікте өмір сүргенбіз?
Қайда біздің Ұлттық идеологиямыз? Астанадан бастап, қалалардың көбісінде үлкендер де, аулада ойнап жүрген балалар да шет тілінде – Ресей тілінде сөйлесе, Ақорда, Үкімет, Парламент, әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелердің, ұлттық компаниялардың бәрінде Мемлекеттік тілді есіктен сығалатып, орыс тілінде сөйлесе, сонда қайдағы, қандай Тәуелсіздік?!.
Мемлекекеттік тіл есіктен кіре алмай жылап тұрса, біз неге жетісіп, қалай төрде отырамыз, мырзалар?!. Қалай ел боламыз?
Мемлекеттік тілімізді міндеттейтін заң шығара алмасақ, бұл жерде неге отырмыз? Онда біздің азаматтығымыз, партиоттығымыз, ел алдында уәде берген, орындауға тиіс Аманатымыздың барлығы көзбояушылық, өтірік болғаны ғой!
Міне, 30 жыл Ұлтшылдықпен күрескен Ұлтсыздық идеологияның жеткізген жері осы!
Өзге елдердің бәрінде мемлекеттік тілді көтерсең — патриотсың, ал бізде ғана — жаусың!
Еститін мемлекет халықты қалай түсінеді, егер екеуі екі тілде сөйлессе?!.
Біз Мемлекеттік тілімізді міндеттейтін заң қабылдау үшін енді тағы 30 жыл үшінші президентті күтуіміз керек пе?!
“Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз! Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын.”-деп мәлімдеген ҚР Президент Тоқаев осы киелі парызын ертең емес, бүгін өзі орындауы тиіс!
Жалпы билік, мемлекет ұлтпен бірге болғысы келе ме? Ендеше ұлттың тілінде сөйлесін! Тәуелсіздік алған Мемлекет басшысынан бастап, мемлекеттік қызметкерлердің бәрінің шет тілінде, отарлаушы ел Ресей тілінде сөйлегенін ел көрмеу керек! Отарлаушы елдің тілінде сөйлеп тұрып, Тәуелсіз елдің мүддесін қорғаймын деп елді алдау — бос сөз! Бүгінде оған ешкім сенбейді!
Елбасы енгізген Конституция мен заңдарымыздағы мемлекеттік тілдің бейшаралығын білдіретін баптардың бәрін де зейнетке шығарып жіберу керек.
Болмаса, «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» дегеннің бәрі алдамшы, елді алдаған көзбояушылық болып шығады!
Біз Тәуелсіздікті кімнен алдық? Арысы патшалы Ресейден, берісі коммунистер билеген Кеңес одағынан алдық! Ендеше Азаттық алған ел 30 жылдан астам өзін отарлаушы елдің тілінде сөйлеп келе жатқаны, ол тілді Конституциясы мен заңдарына бекітіп қойғаны қандай масқарашылық?!. Әлемде қандай ел бар мұндай қорлыққа көніп келе жатқан?!.
Салық төлеу қандай міндет болса, мемлекеттік тілді білу де сондай міндет болуы тиіс.
«Екі тілге бірдей жағдай жасау керек» деген — екіжүзділік. Ол аштан өлгелі жатқанның аузынан асты жұлып ап, тоқтықтан жарыла жаздап жатқанның аузына тығумен тең.
Мемлекет пен үкімет басшыларының, министрлер мен әкімдердің, депутаттардың, саясаткерлер мен қайраткерлердің, жалпы Ұлттық намысы жоқтардың бірден Ресей тіліне ауысып кетіп: «Бәріне түсінікті тілмен сөйлейін”-дегені — МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАУЫ және бізде 30 жылда да МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БОЛМАҒАНЫН МОЙЫНДАУЫ!
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОРЛАТПАУ — МЕМЛЕКЕТ БАСШЫЛАРЫНАН БАСТАП, БӘРІМІЗДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІМІЗ БОЛУЫ ТИІС!
5. АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІМІЗ ДАБЫЛ ҚАҒАР ЖАҒДАЙДА!?.
Жақында MediaNet халықаралық журналистік орталығының «Demoscope» сауалнама бюросы жүргізген сауалнама нәтижесін көрсеңіз, шошисыз. Сауалнама анықтауынша біздің елді Ресей БАҚ-тары жаулап алған! Осыдан-ақ қауіптің қай жақтан келіп жатқанын білуге болады!
Ал біз неге бұлай қатерлі жағдайға жеткенбіз? Басында айтқанымыздай, тағы да, бәрі де Тілге келіп тіреледі. Өйткені, сауалнамаға қатысқандардың 77 пайызы орыстілділер. Сауалнамаға жауап берген 23 пайыз қазақ тілділердің өзінің де 13 пайызы Ресей ақпаратын тыңдайтындар болып шыққан. Осыдан-ақ үлкен қауіптің қай жақтан келіп жатқанын білуге болады!
Тілді түземей, ел түзелмейді! «Мемлекеттік тіл — Ұлттық қауіпсіздік мәселесі» деп Президент турасын тауып айтқан. Енді сөзден іске көшетін уақыт жетті!
Сондықтан, еліміздегі шетел ақпаратын шұғыл тоқтату керек!
6. АЗАМАТТЫҚ АЛУ ҮШІН ТІЛДЕН СЫНАҚ ТАПСЫРУЫ ТИІС
Қазір геосаяси жағдайларға байланысты біздің елге басқа елдерден қоныс аударушылар ағылып жатқандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2019 жылы «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен ел тарихынан емтихан тапсыруы тапсыруы тиістігін заңмен бекітуіміз керек.
Ресейде азаматтық алу үшін ғана емес, жәй жұмысқа тұру үшін алдымен мемлекеттік тілді білуің керек! Мысалы, Ресейдің мемлекеттік тілін білуі тиіс аула сыпырушысының азаматтық құқы мен құны біздің мемлекеттік тілді білуі тиіс емес, білмейтін министрлерден, әкімдерден, депутаттардан жоғары тұр!
«Ақ жол» фракциясының ұсыныстары.
1.Ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада заңды түрде бекіту қажет!,
2. Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек!
3. Конституциядағы тіл туралы 7-ші бапқа өзгеріс енгізіп, Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде жеке дара статусын айқындау керек!
.
4.Мемлекеттік тілдің дамуы мен тиісті заңды қадағалау үшін тікелей Президентке қарайтын Тіл агенттігін құру қажет.
5.Қазақстанның ұлттық ақпараттық қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналар мен басылымдардың таралуын шұғыл тоқтату қажет!
6.Біздің елге көршілес елдерден қоныс аударушылар ағылып жатқандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2019 жылы «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен ел тарихынан емтихан тапсыруы тиіс.
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының мүшелері:
Қ. Иса,
А. Перуашев,
Д. Еспаева,
А. Әбілдаев,
Е. Барлыбаев,
Б. Дүйсембинов,
С. Ерубаев,
А. Жұмабаева,
А. Линник,
Е. Өмірғали,
М. Раманқұлов,
Ғ. Хамзин.
«Amanat» фракциясы мүшелері
Геннадий Шиповских
Артур Платонов
Екатерина Смышлияева
Фахриддин Қаратаев
Мақпал Тәжмағамбетова
Әлия Әбсеметова
Ләззат Рамазанова
Жұлдыз Сүлейменова
Гүлдара Нұрымова
Елнұр Бейсенбаев
Самат Мұсабаев
Еділ Жаңбыршин
Саясат Нұрбек
Сырым Ертаев
Аманжол Әлтаев
Жанарбек Әшімжанов
Сырым Адамбаев
Бақытбек Смағұл
Ғани Ташқараев
Берік Бекжанов
Зарина Камасова
Айгүл Құспан
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы мүшелері:
Гауһар Нұғманова
Айбек Паяев
Ғабдул-Ғазиз Құлахмет
Қазақстан халқы Ассамблеясы фракциясы мүшелері:
Ильяс Буларов
Абилфас Хамедов
Барлығы Парламент Мәжілісінің 39 депутаты қол қойды.