ЕЛДІКТІҢ АСЫЛ МҰРАТЫ — БІРЛІК

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі, ынтымағы күні.
Бұл мерекенің жалпыхалықтық сипатта тойланатыны баршамызға белгілі. Таңертеңнен орталық алаңда әуелеген ән қойылып, балалардың шат күлкісі сыңғырлап естіліп жатты. Жалпы, мерекеге жиналған көпшіліктің қарасы мол болды.
Елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің тұрмысы – халқымыздың кеңпейілділігінің айқын көрінісі. Көпұлттылық біздің ауданға да тән.
«Елдіктің асыл мұраты – бірлік!» атты мерекелік шарада қазақ, славян, украин, өзбек, шешен, әзірбайжан, кәріс халықтарының ұлттық билері биленіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекеде алғашқы құттықтау сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаевқа берілді.
— Еліміздің бүгінгі таңдаған басты жолы – бейбітшілік пен келісім жолы. Тұрақтылық пен келісім – біздің басты жетістігіміз. Қазақ халқы қашанда жесірін жылатпаған, жетімін сыртқа теппеген халық. Ата-бабаларымыз сонау қиын-қыстау шақтарда жер ауып келген өзге ұлт өкілдерін бөлектемей, керісінше бауырына басты.
 Осылайша, олар өзге елді жатсынбай тамыр жайды. Еліміздегі бүгінде салтанат құрған ұлтаралық келісім, азаматтық татулық соның мәуелі жемісі. Олардың әрқайсысы қазақ топырағын өзінің екінші Отаным деп түсінеді, — деген Сейітхан Шерелханұлы және Әбдікерім Үркімбаев мерекеге орай ізгі тілектерін жеткізді.
Мерекеге орай Алматы қаласынан арнайы қонаққа келген Жуалы ауданының тумасы Күміс Пармашқызы бастаған «Әжелер» ансамблі де өз өнерлерін аудан тұрғындарына паш етті.
Жуалы ауданы әкімдігі