Алтын орда және Сұлтан Бейбарыс

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» демекші, Бейбарыс сұлтан өмір бойы туған жерін аңсап өтті. Өкінішке орай ол ынтызар тілегі орындалмады.
Ұлы Шыңғыс хан тұсында басталған ағайын арасындағы ішараздық ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бітпейтін қанды соғысқа айналған. Әкесінің көзі тірісінде жер дүниенің жартысын жаулап алған ұлы хан ұрпағы туған жері Моңғолияға оралды. Тек Жошы хан ғана Ертіс бойына хан ордасын тігіп, қалып қойды. Баласының алған бетінен қайтпайтын басбұзар мінезі ханның ашу-ызасын тудыратын.
Ел аузындағы аңыз-әңгіме бойынша, Темучин (Шыңғыс хан) енді ес жиып, қол жинап, нығайып келе жатқан шақта көршілес меркіттер шабуыл жасап, қалыңдығы Бөртені тартып әкетеді. Ішкі дүниесін кек бунаған Шыңғыс хан шайқастарға қатысып, оларды жеңіп, күш жинап хан атанады. Меркіттерден Бөртені өз ордасына қайтарады. Хан әйелі тұтқыннан аяғы ауыр болып оралған еді. Мұны хан сезгенімен Бөртені жазаламайды. Арада күндер өтіп, дүниеге Жошы келеді. Шыңғыс ханның өле-өлгенше осы ұлына аса ықыласты болмауының сыры сол еді. Жаулап алған жерлерден үлесін кем беріп, олжадан да қақты. Осы себептен Жошының баласы Бату мен Шыңғыс хан ұрпақтарының арасындағы араздық шиеленісіп, көбінесе соғыс жағдайында өтіпті. Бейбарыстың Мысыр сұлтаны атанған уақыты Алтын Орда мемлекетінде Батудың бауыры Берке ханның таққа отыруымен тұспа-тұс келеді.
Бұл кезде ұлы жиһангерді тағы бір ұрпағы Хулагу Алтын Орда әміршісі Берке ханмен бітіспестей өш еді. Ол «Берке хан отбасының үлкені болғанымен ұят, ынсап дегенді білмейді, тым дөрекі» десе , ал Берке хан да Хулагуге «Ол барлық мұсылман қалаларын қиратып, жау мен досты ажыратпай, мұсылман патшалардың отбасы мүшелерін түгел қырды. Шыңғыс хан тұқымдарымен ақылдаспай, халифті өлтірді. Тәңірі қолдау білдірсе, одан күнәсіз жандардың қаны үшін құн сұраймын» — деп қаһарын төгіпті. Олар мұсылмандарды сақтау үшін емес, негізінен жер үшін талас-тартысқа барды. Өйткені Хулагу Алтын Орда жерін бөлшектеп билеген басқыншы еді. Деректерге қарағанда, Хулагу христиан дінін қабылдап, мұсылмандарға жойқын шабуылдар жасап отырды. Бұл империяға қауіп төндірді. Хулагу Бейбарыстың да жауы болатын. Әмір кезінде Хулагуге қарсы соғысты. Моңғол әскерлерін Кетбұқа басқарды. Кетбұқаны Бейбарыс табандылығының арқасында мәмлүктер қолының күшімен жеңіп, сол кездегі Каир билеушісі мәмлүк Құтыз сұлтанның алдына жеткізеді. Құтыздың әмірімен оның басы найзаға шаншылып, Каир көшелерінде ілініп тұрды. Кетбұқа моңғол нояндарының ішіндегі ақылды әрі тіжрибелі қолбасшы болғанымен, оның әскерлері мұсылмандарға қауіп төндірген. Осылай моңғолдардың біршама күші мұсылмандарға деген қаупін бәсеңдетті. Кетбұқаның қолы зардап шегіп, шығынға ұшырайды. Билікке масайраған Құтыз ата-бабасын қырып, халқын құлдыққа сатқан моңғолдардан кек алуды ұмытып, ойламады. Керісінше, Бейбарыстың барлық өтініштерін жүре тыңдап, мәмлүктерді олжадан қалдырып отырды. Ақыр соңында Құтыздан билікті алған Бейбарыс көздеген мақсатына мықтап бекінеді (Құтыз Бейбарыс жақтастарының қолынан қаза тапты деген деректер бар). Хулагу әскерлерінің Мысырға шабуылы сәтсіз аяқталды. 1261 жылы Бейбарыс Сарай-Беркеге елшілер жібереді. Беркеден оң жауап келген соң, Бейбарыс Алтын Ордамен тығыз қарым-қатынас орнатып, дипломатиялық байланыстарды күшейтуді жолға қояды. 1263 жылы Берке елшілері Мысырға келіп, екі-жақты келісім орнайды. Хулагуге қарсы күш біріктіріу көзделеді. Ол алтынордалық елшілерге сый-құрметтің бәрін жасады. Елшілер Мекке, Мәдина қалаларында құлшылықтарын өтеді. Ордалық елшілерді қайтар жолға қамдай отырып, Беркеге деген құрметіне венециандық маталар, левкандтық кілемдер, франктердің дулығалары, бағалы киім-кешектер, ыдыстар мен шырағдандар, қару-жарақтар мен сырты қызыл атласпен қапталған тері қорапшаға салынған Құран кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар, кездесе бермейтін бағалы сый-сыяпаттарға қоса, нубия түйесі, таңсық аңдар, жүйрік аттар, аспаздар, жануарларды күтіп-баптауға арналған қызметшілер де жіберілді. Бірақ елшілердің басшысы Аққұстың қателігінен ханға тарту еткен сұлтанның тартуларының біразы бүлініп, кейбір хайуандар өліп қалды. Бірақ Берке қатты ренжісе де, оны жазаламай, еліне қайтарады. Өз кінәсін өз сұлтанына өзінің айтуын ескертеді. Бірақ Аққұстың қателігі Каир мен Сарай Беркенің арасына сызат түсірмеді. Тіпті қыз берісіп, ағайындасуға дейін жетті. Бейбарыс Беркенің қызына үйленді. Сөйтіп Алтын Ордаға күйеу бала болды. Ұлының есімін Берке ханның құрметіне Берке қойды. Тек Бейбарыс қана емес, ордалықтар мен мәмлүктер қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болды.
Бейбарыс пен Берке Ніл мен Еділдің арасына алтын көпір тұрғызды. Қыпшақ даласынан араб даласына ел азуында аңыз болып таралып кеткен қыпшақ тұлпарлары жеткізілді. Қару-жарақтар да келді. Мысырлықтар үстеріне қыпшақ шекпенін, бастарына тақия киетін болды. Елде шығыс маталары көбірек көрініс тапты. Хулагуден қысым көрген қыпшақтар Мысырда тұрып, саны артты. Оларға пана тауып, жылы құшағын жайғызған сұлтанның ықпалы болатын. Сұлтан өз билігі тұсында қыпшақтардың өмір салтына, тәртібіне, тұрмысына жіті назар аударып, қадағалап отырды. Мысырдың мемлекеттік тілі араб емес, қыпшақ тілі болды. Биліктен дәмеленген арабтардың өзі қыпшақ тілін үйренуге ұмтылды. Тіпті, Қалауын сұлтан араб тілін білмеді.
Қыпшақтар арқылы араб даласына Йасы, яғни Жасақ заңы келді. Себебі, бұрын мұнда тек шариғат заңы ғана бар болатын. Бейбарыс осы жасақ пен шариғат заңдарын қатар ұстанды. Шариғатта әскери нормалар аз болғандықтан, жасақ заңын әскери қатынаста басшылыққа алды. Мысырға қыпшақтар арқылы ұлттық өрнектер барды. Атап айтқанда, мешіттер мен ғимараттар қабырғасынан көшпелілердің қошқар мүйіз оюы көрініс тапты.
Бейбарыспен одақтасу Берке үшін де пайдалы болды. Алтын Орда жұрты мұсылманданды. Беркенің кезінде ел түгелдей ислам дініне көше бастады. Бірақ Алтын Ордада Беркеге дейін де исламды қабылдаған жұрттардың болғаны көптеген деректерде жазылған. Алайда Берке ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жоғары көтерді. Ислам стилі бойынша Са¬рай қаласын салдырып, ол қалада көптеген мешіттер мен моншалар тұрғызу жалғасын тапты.
Бейбарыс пен Берке Құлағу қолын жеңгеннен кейін, Ніл мен Еділ арасы одан сайын жақындай түсті. 1266 жылы Берке қайтыс болғаннан кейін, өзінен тараған мұрагер болмағандықтан, тақ мұрагері болып, Батудың немересі Мөңке (Меңгу) Темір отырады. Берке өмірден өткеннен кейін де Алтын Орда мен Мысырдың арасы алшақтаған жоқ. Мөңке Темір де Беркенің ізін жалғады. 1273 жылы Мысыр елшілері Сарайшыққа (Мөңке тұсында Сарай-жұқ деп аталды) келеді.
1277 жылы Бейбарыс қайтыс болып, орнына Берке сұлтан отырады. Ол да Мөңкемен байланысты үзбеді. 1280 жылы Берке сұлтан да өз елшілерін жібереді. Елшілерден Мөңкемен қатар, Ноғайға да зор құрмет танытылады. Өйткені Ноғай қолбасшы Бейбарыс пен Беркенің арасындағы достықты нығайтуда айтарлықтай үлес қосты. Ол Беркенің жолымен ислам дінін қабылдаған. Төде-Меңгу хан болып тұрғанда Ноғай орданың Мысырдағы елшісі болады. Олардың жолын кейін Алтын хандары болған Тоқта мен оның немересі Өзбек хан да жалғастырды. Өзбек хан тұсында ислам діні мемлекеттік ресми дін болып қабылданды. Өзбек ханның ұлы Жәнібектің кезінде бұл байланыс әлсіреп, Бердібектің кезінде үзілді. Ол кезде Мысырда да, Алтын Ордада да таққа-талас күшейіп, төңкерістер көбейіп кеткен болатын. Тек Тоқтамыстың кезінде байланыс қайта гүлденіп, 1438 жылы қайта үзілді. Бұл байланыс араб елдерінде дала заңдары мен дәстүрінің енгізілуіне, ал ордаға мұсылмандықпен қатар, дала салтының сақталып қалуына ықпал етіп, маңызды роль атқарды.
Осылайша, Жошы ұрпақтары Алтын Орданың берік іргетасын қалап, Қазақ мемлекетінің пайда болуына негіз болады. Ал дала мәдениетінің, дәстүрінің сақталуына, Бейбарыс пен Берке салған сара жол маңызды сипатқа ие болды. Мұсылман дініне шартараптан төнген қауіпті сейілтіп, оның орнықты дамуында, сақталуында, өмір сүруінде Ұлы Дала ұрпақтарының өлшеусіз ерлігі таусылмас әңгіме, шежірелі тарих, ақиқатқа үндеген аңыз, халық жадындағы жыр болып сақталды.
«Мен дүние жүзінің бәрін араладым. Сол аралаған қалаларымның ішінде Сарайшық қаласы – Бағдат сынды дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі. Бағдаттағыдай мұнда да қайықтардан жасалған көпір көрдім. Қалада ханның сарайы, төрт мешіт, өте көп қонақүй бар екен. Бірақ мен оларды көріп таңғалған жоқпын, менің таңғалғаным, Жер шарын шарлап жүргенде көрмеген бір қызықты Сарайшықтан көрдім, мына жақсылық адам баласының бәріне бітсе, бақыт. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен».
Ибн Баттута,
Ежелгі араб ғалымы және саяхатшысы, 1334 жыл
(«Өмірлік саяхат» атты кітабынан)
Нет описания фото.
Биби Аргынбаевна Скакова, Жандарбек Смагулов и ещё 11
Поделились: 2
Нравится

Комментировать
Поделиться