Жуалы жерінде батыр даңқы ұлықталды
2022 жылдың 5 мамыр күні «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Қайрат ауылында орналасқан Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы болған, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейінде «Ерлік даңқы-мәңгілік» атты жастармен әскери-патриоттық кездесу өткізілді.
Батырдың өмір жолдары, ерлік күресі, халқына сіңірген еңбегі жайлы таныстыра отырып, келешек ұрпақты өз Отанын сүюге, оның намысы мен абыройын қорғауға даяр болуға, елінің болашағы үшін тер төккен тұлғаларды ұмытпауға тәрбиелеу мақсатында өткізілген кездесуге журналист, қаламгер, Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Таутен Айбек Қанатұлы, аудандық мәслихат депутаты,«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Телеушов Мейіржан Бегасылұлы және «Жаңа өмір – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Перизат Шымыртайқызы қатысты.
Қаламгер, журналистика саласының ардегері Бекет Момынқұл өз сөзінде батыр жайлы тарихи мағұлматтармен бөлісе отырып, ерлігі туралы жазылған маңызды құжаттардың қыр-сырынан сыр шертіп, жастардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.
Тағылымды кездесу ұлтымыздың ұлы перзенті, батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған жері «Момыш бұлағы» мемориалды кешенінде жас талдардың көшеттерін отырғызумен жалғасты.
Бауыржан Момышұлы есімін ұлықтау мұнымен тоқтап қалмайтыны анық. Аты ғасырдан ғасырға жалғаса беретін тұлғаның тағылымды ғұмыры ұрпақтың есінде мәңгілікке сақталады.
Жуалы ауданы