Соқырлықтың таптырмас емі

Дәулеті асқан бір бай өтіпті. Ол бай болумен қатар кеуде керген тәкаппар еді. Үйіне жәрдем сұрап, кедей-кепшік, жарлы-жақыбай келсе, есігін тарс еткізе тура бетіне жауып тастайтын. Сондай жағдайға тап болған бір кедей бір күні шыдай алмай жылап жіберді. Бір шетте отырып көз жасын әбден төкті. Сол кезде оның жылаған дауысын өтіп бара жатқан бір соқыр естіп қалады. Кедей болған істі айтып береді. Екеуі шер тарқатып болған соң, әлгі зағип кісі кедейді үйіне шақырып, бірге тұруды ұсынып, сорпа-суын теңдей бөліп ішетінін айтады. Барар жер, басар тауы қалмаған кедей амалсыз келіседі.
Соқыр кісі кедейді бүкіл ынта-жігерімен барын салып күтіп алады. Сары майдай сақтаған жылы-жұмсағының бәрін жаңа бауырының алдына жайып салады. Кедейдің көңілі шалқып, бір жасап қалады. Сөйтіп қуанып отырып:
— Бауырым, сен маған үйіңді аштың, көңілің мен жүрегіңді аштың. Барлық нәрсеге құдіреті жетуші Алла Тағалам да сенің жанарыңды ашсын, деп дұға жасайды.
Құдайдың құдіретін қараңыз, сол түні әлгі көзі көрмейтін адамның көзі бір түрлі ауырсына бастайды да, бір кезде көздерінен бірнеше тамшы жас шығады. Сосын жанары шайдай ашылып, көзі көріп кетеді.
Жаңа хабар жатсын ба, лезде қала ішінде «тас қараңғы соқырдың көзі бір түнде ашылып кетіпті» деген сөз лаулап жайылып кетеді. Бұл хабар есігіне келген кедейлерді қуып жіберетін байға да келіп жетеді. Ол да шыдай алмай, соқырға барып:
— Айтшы қалай болды? Көзің қалай ашылды? Кім ашты? — деп сұрақ астына алады. Байды таныған адам: «Қап, неткен ғапыл, неткен бейбақ едің? Сондай ұлы адамды сен үйіңнен қуып, жылатып жібердің. Көңілін қалдырдың. Басыңа қонғалы тұрған бақ құсын өзің ұшырып алдың-ау! Менің көзім сен есігіңді бетіне тарс еткізіп жапқан кедей ашты» — деп жауап қайырды.
Бай жасаған ісіне өкініп: «Әттең-ай! Қонғалы-ақ тұрған екен-ау. Қадірін біле алмадым. Бірақ ол саған нәсіп болыпты…» деп бармағын шайнапты. Алайда бәрі кеш еді.
ТҰЖЫРЫМ: Жақсылардың басқан ізі дертке ем болады. Бірақ оның қадірін көңілі соқырлар сезе де алмайды.
«Гүлістаннан» үзінді
Возможно, это изображение человек и ребенок
Карлыгаш Тайжанова, Рахима Абдуллаева и ещё 339
Комментарии: 30
Поделились: 52
Нравится

Комментировать
Поделиться