Жамбылда 500 мыңға тарта төл бірдейлендірілді
Жамбыл облысы аумағындағы 11 ветеринариялық станция, 160 ветеринариялық пунктте 1314 қызметкер жұмыс атқарады.
Бруцеллезге шалдыққан мал саны соңғы жылдары біршама азайған, атап айтқанда ірі қара 12 пайызға, қой-ешкі 43 пайызға төмендеген. Осының әсерінен адамдар арасында да бруцеллезге шалдығу 23 пайызға кеміп отыр.
Бұл туралы әкімдіктің ветеринария басқармасының басшысы Құрмантаев Нұржас айтты.
Ол 2019 жылы — 22, 2020 жылы — 11, былтыр 6 ауру ошағы тіркелгенін жеткізді. Оларда қажетті ветеринариялық іс-шаралар толық атқарылып, шектеу шаралары тоқтатылды. Жыл басынан бері анықталған 6 ошаққа қатысты да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Биыл 473 975 бас төл бірдейлендіріліп, арнайы дерек қорға тіркелді. Ветеринариялық станциялар шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын болуына байланысты, ақылы қызмет аясын кеңейту үшін аудандарда ветеринариялық клиникалар мен дәріханалар ұйымдастырылуда. Мәселен, шалғай орналасқан елді мекендерінде 139 ветеринариялық дәріхана, 11 клиника халыққа қызмет көрсетеді. Оларда жануарлардың жұқпалы емес, инвазиялық және мемлекеттік тапсырыс тізіміне енбеген ауруларды емдеу, хирургиялық көмек көрсету сияқты қызметтер атқарылады», — деп түсіндірді спикер.
Нұржас Нұржанұлы былтыр 2 ветстанция, 17 пункт қолданысқа беріліп, барлығы 10 ветстанция, 124 ветпункт қызметтік ғимаратпен қамтылғанын атап өтті.