«Мал баққанға бітеді»
«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай.
Түрлі жеңілдікті жөнімен пайдаланып, бастапқыда жинаған қаржысын салып, кәсібін өркендетіп жүрген шаруа қожалықтардың бірі –Жуалы ауданы Күреңбел ауылындағы «Жанасыл» шаруа қожалығы. Қазіргі таңда, оған Дархан Станбеков жетекшілік етеді. Ол төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Күреңбел ауылының аумағында орналасқан шаруа қожалығы ісін мұнан біршама уақыт бұрын бастаған шаруашылық алғашқыда өз қаражаты негізінде 33 бас жабағы сатып алған кәсіпкер лезде ісін дөңгелетіп әкетті. Қой, жылқы өсіретін шаруа қожалық мал басы төлі есебінен көбейген жеке игіліктің тұрмыс-тіршілігі ойдағыдай десек болады.
Жастайынан мал өсіруге қызығатын Дархан Рахманқұлұлы дегеніне жетіп, бүгінде шаруа қожалықтың иелігінде 40 бас жылқы және 1000-ға жуық қой бағып отыр.
Дарханның ендігі мақсаты – малды асылдандыру, саннан сапаға көшіп, мал етінен өнім шығаруды жоспарлап отыр. Шаруа қожалық иесі тек малмен ғана шектелмей алдағы уақытта алма бақ, балық шаруашылығымен айналысып, ауылдан демалыс орындарын, саябақ ашуды жоспарлауда.