МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРГЕ ҚАРАЖАТ ЖИНАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ – ДӘМЕШ ШАЙХЫҚЫЗЫ
Мектеп бітіру іс-шаралары міндетті түрде мектеп қабырғасында және аумағында өткізіледі. Түлектер қайырымдылық мақсатта «Мектепке кітап сыйла» акциясы, «Мектепке сый» ағаш отырғызу, «Туған жерге тағзым» бастамаларын жасауы қолдау табады. Ал педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мектеп басшылары мен педагогтары, бітіруші түлектер және олардың ата-аналары тарапынан мерекелік дастархан ұйымдастыруға, автокөліктермен серуен өткізуге, әртістер шақыруға, педагогтарға сыйлық алуға қаржы-қаражат жинауға қатаң тыйым салынады.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дамеш Шайхықызы айтты. Оның сөзінше, қамқоршылық кеңес орынсыз шығындарды болдырмау туралы түлектердің ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуі міндетті.
«Биыл консультативтік-кеңесші орган 1 отырыс өткізіп, 3 мәселе қаралды. Нәтижесінде, аудандық 1 орта білім беру ұйымының басшысына қатысты шара қабылдау ұсынылды. Сонымен қатар, 16 балабақшаға мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп, 13 балабақшаның қызметі жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес келмеуіне байланысты аттестатталмады. Ол мекемелерден 11 балабақшаға қайта аттестаттау жүргізіліп, кемшіліктер жойылды. Қайта аттестаттау белгіленген мерзіммен жалғасуда», — деп атап өтті спикер.
Департамент басшысының мәліметінше, 31 мектепте мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп, 29-ы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына толық сәйкес келмеуіне байланысты аттестатталмаған. Аталған мекемелерден 10 мектепке қайта аттестаттау жүргізіліп, кемшіліктер жойылды. Сонымен қатар, 4 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталды. Бүгінгі күні, 1 колледж қайта аттестаттаудан өткізілді.