Алып облыстың Арқадағы мәдени күндері

ӘСЕМ ӘУЕН АЯСЫНДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕ

Өткен сенбінің таңы ата салысымен «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы жанындағы үлкен алаңда жәрмеңкенің көрігі қызды. Соның алдында ғана елордалықтарды әбігерге салған ауа-райы да бірден өзгеріп, шырайлы оңтүстіктің азаматтарын жылы шыраймен қарсы алдық. Алла сәтін салып, «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» жобасы аясындағы Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері мизам шуақ болмаса да, миға суық тимейтін жақсы уақытқа дөп келді.

       Өздерінің айтуына қарағанда, облыстарынан шыға бергенде Оңтүстік Қазақстанға да қараша келмей қар жауыпты. Жүз жылдан бері болмаған қыс келеді деген синоптиктердің болжамына пысқырып қараған қазақ %d0%b6%d3%99%d1%80%d0%bc%d0%b5%d2%a3%d0%ba%d0%b5жоқ. Артынып-тартынып, таудан тас арқалағандай 300 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін ала келген шымкенттіктердің жәрмеңкесіне біз де бас сұқтық. Кіре бергеннен-ақ, қазандағы палау мен түтіндеп жатқан кәуәптің исі мұрын жарды. Әкім болғанына он күн ғана болған Жансейіт Түймебаев Астана қаласының басшысы Әсет Исекешовке мақтасымен мақтанатын Мақтаралдан бастап, саудасы қызған Созақ ауданына дейінгі барлық шаруа қожалықтары мен кәсіпорын өнімдерімен жеке-жеке таныстырып шықты. ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің мәлімдемесінде айтылған ресми деректерге сүйенсек, биылғы жыл оңтүстік халқы үшін есте қаларлықтай өтті. Себебі, олар Тәуелсіздік жылдарында алғашқы рет астық өнімдері бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, атап айтқанда, әр гектардан 22 центнер өнім алынып, 470 мың тонна астық жиналды. Егемендік алған жылы халқының саны 1 миллион болған облыста бүгінгі таңда 3 миллионға жуық тұрғын өмір сүріп жатыр. Алып өңірде 462,6 мың гектар суармалы жер бар болса, оның 94 пайызы игерілген. Жылыжайлардың да көлемі артқаны байқалады. 1112 гектарға жеткен оның республикадағы үлесі – 87%. Бұл оңтүстік өңірінің ауыл шаруашылығы саласында басқа облыстармен терезесі тең екенін дәлелдесе керек.

   %d0%b6%d3%99%d1%80%d0%bc%d0%b5%d2%a3%d0%ba%d0%b52   %d0%b6%d3%99%d1%80%d0%bc%d0%b5%d2%a3%d0%ba%d0%b54

%d0%b6%d3%99%d1%80%d0%bc%d0%b5%d2%a3%d0%ba%d0%b53   %d0%b6%d3%99%d1%80%d0%bc%d0%b5%d2%a3%d0%ba%d0%b57

      Сонымен, ашық аспан астында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қайта келейік. Негізінен, классикалық музыканың адам психологиясына ерекше әсер етіп, әсіресе, шопингте саудагерге көп көмегі тиеді екен. Яғни, құлағына әуезді әуен жеткен тұтынушы бар ақшасына осыншама зат алып қойғанын үйіне барғанда бір-ақ біледі. Осыны ескерген оңтүстіктен келген ағайындар ортада құрылған сахнада өнерпаздарына ән салдырып, күй ойнатты. Киіз жанында сырнайлатып, кернейлеткен өзбек ұлтының өкілдерінің де өнері көпшілікті тәнті етіп, бес күн жұмыстан басы ауырған жандардың көңілін бір көтеріп тастады. Десе де, риза еместігін анық білдірген адамдар да қарашаның ішінен табылды. Жібек Бектемірова есімді астаналық бұл жәрмеңкенің бұған дейін болғандарға қарағанда нашар өтіп жатқанын айтып, жар салды. Оның пікірінше, азық-түлік бағаларында қымбатшылық бар және жеміс-жидектер мен көкөністердің сапасы сын көтермейді. Елордалық азаматша бұлай дегенімен ОҚО-ның ауыл шаруашылығы өнімдерінің жартысынан көбі алғашқы күннен-ақ түске дейін тегіс сатылды.   

«ШЫРАЙЛЫ ОҢТҮСТІК ШЕЖІРЕСІ»

Қазақ руханиятының түп-тамыры, қазығы болған, дін мен ділдің, салт-дәстүрдің, өнердің отаны Оңтүстіктен жалынды сәлемнің өлең-жырсыз келмейтіні баршаға мәлім. Мәдени күндер деп айдар тағылмаған күннің өзінде жылы жақтан бір кітап болса да жыр жинағының жәрмеңкеге жағаласып келетініне ешкім күмәндана қоймас.

%d0%ba%d3%a9%d1%80%d0%bc%d0%b52

    15 қазан күні «ОҚО-ның мәдени күндері» аясында екі бірдей ауқымды рухани шараның куәсі болдық. Бірі Ұлттық музейде өтсе, екіншісі алғашқының жалғасы есебінде Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Жалғасы дейтін себебіміз, музейдегі өткен іс-шара көрме болып ашылса, кітапханадағы басқосу еркін әңгімедүкен құрудың ортасына айналып шыға келді. Алдымен, Дархан Мыңбай басқаратын ҚР Ұлттық музейінде өткен көрмеге аз-маз тоқтала кетейік. Оңтүстік Қазақстан облысы Бейнелеу өнері музейінің «Шырайлы Оңтүстік шежіресі» атты жылжымалы көрмесінде негізінен ел тарихындағы елеулі кезеңдердің қамтылғанын байқау қиын емес. Оның ашылу салтанатынан Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтен бөлек депутаттар мен қоғам қайраткерлерін де көзіміз шалды.

%d0%ba%d3%a9%d1%80%d0%bc%d0%b5

     Көрмеге хандық дәуір, Қазақстандағы 1916 жылғы Ұлт-Азаттық көтеріліс, ІІ Дүниежүзілік соғыс, өндірістік даму, әлеуметтік тұрмыстың көтерілуі, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері бейнеленген картиналар, графика және гобелендер қойылыпты. Сонымен бірге, Қазақстанның графикасын қалыптастырған суретшілер В.А.Оленовтің «Кеңестік бейбіт аспан күзетінде», Е.Сидоркиннің «Қыз Жібек», «Ақсақал», А.П.Дроздовтың «Іле өзенінің жаңа арнасы», Менгазитовтың «Пулеметші қыз», Н.С.Гаевтің «Ақын О.Сүлейменов» сынды графикалары, Оңтүстікте алғашқы кәсіпқой гобеленнің негізін қалаған Қ.Тыныбековтың «Домалақ ана», «Туған өлке», Б.Өтеповтың «Бәйтерек» сынды гобелендері көзі түскен адамды тұңғиық ойға жетелердей тамаша туындылар екен. Салтанатты рәсімде сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков:

 -Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» деген атаумен Астана қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облысының күндерін өткізіп жатырмыз. 25 жылда Қазақстанның бағындырған белесін көрсету мақсатында әр өңір өзінің жеткен жетістіктерін Елорда тұрғындарының назарына ұсынып келеді. Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет пен өнерге де қосқан үлесі аз емес. Соның бір дәлелі осы көрме болып отыр,-деп ағынан жарылса, Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай:

-Бұл шараның ел үшін де маңызы мол. Елбасының бастамасымен салынғын Ұлттық музей барлық экпонаттарды, картиналарды елдік деңгейде түзуді көздейді. Сондықтан да біз осыған дейін Маңғыстаудың, Тараздың, Шығыс Қазақстанның көрмелерін ұйымдастырған болатынбыз. Сол көрмелердің әрқайсысы өз алдына үйлесім тауып Тәуелсіздіктің 25 жылдығына үлкен тарту боп отыр. Ал бүгінгі Оңтүстіктің әкелген көрмесі де сол бастаманың игі жалғасы деп айтуға болады,-деп оңтүстіктің шежіресінен сыр шертетін көрмені алып келген Шымкент шаһарының азаматтарына алғысын жаудырды. Кейін көрме музейдің концерт залында өткен белгілі ақын Ханбибі Есенғарақызымен кездесуге ұласты.

ҰЛЫСЫМНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ – ОҢТҮСТІК

          ОҚО-ның мәдени күндері аясында өткен шаралардың бірегейі деп айтсақ қателеспеспіз, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында рухани кеш өтті. Ұлттық музейде Х.Есенғарақызымен өткен кездесу тағы бір мәні зор жиынға жалғасып, ардақты ақынмен бірге ұлы дала өлеңі өрісіндегі оғлан Нармахан Бегалы, белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, «Қазығұрт.kz» журналының бас редакторы, танымал ақын Бақытжан Алдияр, прозашы-ғалым Зылиха Жантасова мен «жас Мұқағали», аты да танылып, өлеңдері де енді көрініп келе жатқан жас ақын Мұқағали Кенжетайлар төрден орын алыпты. Әдемі де әсерлі кешке жас оқырмандардан өзге зиялы қауым өкілдері қатысып, әзіл-шыны аралас сұхбат пен мәнерлеп оқылған өлеңге тамсанып отырды. Аталмыш кеш басталмай тұрып оңтүстіктен келген ағайындарды жылы қарсы алып, зыр жүгіріп жүрген «Шалқар» радиосының бас редакторы, ақын Серік Сейтманмен тілдескен болатынбыз.

 -Егемендігіміздің 20 жылдық мерейтойында Тәуелсіздік сарайында Елбасының баяндамасынан кейін сөз алған сол кездегі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов:

«Еділді келіп алғаны,

Етекке қолды салғаны,

Жайықты келіп алғаны

Жағаға қолды салғаны,-деп бабалардың күңіренгені де, «Қаратаудың басынан көш келеді» деп ақтабан халықтың зарлағаны да әлі күнге есімізде. Осыдан үш ғасыр өткеннен кейін халқымыздың басына тағы да сын сағаты туды. Егер тәуелсіздік жылдарында елбасы астананы Алатаудан Арқаға көшірмегенде ел Еділді емес, Есілді жоқтап қалар еді. Осы ерлігі үшін ғана қазақ халқы елбасыға мәңгілік қарыздар» деген болатын. Бұдан біз нені аңғарамыз? Біз әрдайым бір нәрсеге баға беру үшін оның тарихына үңілуіміз қажет. Мысалы, кешегі Кеңес дәуірінде Жұмабек Тәшеновтің қорғап қалған бес аймағының бірі осы Ақмола облысы еді. Астананың Алатаудан Арқаға көшірілуі көптеген шешімі табылмай жатқан саяси мәселелердің өз орнын табуына септігін тигізді. Мінеки, қазақтың рухы Елордамызға өлеңмен, поэзия, прозамен оралып жатыр. Оның оқырмандарға, қазақ руханиятына берері көп деп ойлаймын. Оңтүстіктен шыққан қабырғалы қаламгерлерді білесіздер. Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, кешегі өмірден өткен Әшірбек Сығай және басқа да көптеген ақын-жазушылар оңтүстіктен шыққан. Ал, бүгінгі кештің бір ерекшелігі – кездесуге келген ақын-жазушылардың бәрі Оңтүстік Қазақстанда туып, сол өңірде қызмет етіп, ғұмыр кешіп жатқан жандар. Сондықтан, бұны оңтүстіктің Астанаға сыйы деп қабылдаған жөн,-дейді өзі де ОҚО-да туып-өскен С.Сейтман.

      Кездесу кешіне келсек, зиялы қауым қатысқан жиынға «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деген атау беріліпті. Елдікті жырлайтын талай ақын-жазушының, әдебиетсүйер оқырманның афоризмге айналып кеткен халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың осы бір сөзін білмеуі мүмкін емес. Мүйізі қарағайдай қаламгер Мархабат Байғұт кездесу кешінің тақырыбы өзіміз өтініш жасап жүріп жаздырған Қ.Мұхамеджановтың бір кездері шымкенттіктерді елімізден бөлектеп, қоғамда алауыздық туған сәтте жазған мақаласының аты еді дейді…

    Мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүретін ОҚО әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков бірінші болып сөз алып, шырайлы өңірден шыққан түрлі кітаптарды Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаеваға өз қолымен табыстады.

-Қап түбінде жата ма

Болаттың асыл сынығы?

Халқың тозып, кем болмас,

Әділ болса ұлығы,-деп Ақтамберді бабамыз айтқандай, ердің басын, елдің басын біріктіріп, күнделікті болып жатқан оқиғаларды зерделеп отыратын зиялы қауым өкілдерінің шындығында қоғамда атқаратын рөлі орасан, мойнындағы міндеті де ауыр. Сол себепті, арнайылап Астанаға келгенде оңтүстіктен шыққан ақын-жазушылардың басқосуын ұйымдастыруды жөн санадық. Құр қол келмей, өңірімізден шыққан ақын-жазушылардың еңбектерін ала келдік. «Қазыналы Оңтүстік» сериясымен 500 томдық кітап шығарып жатқанымызды жақсы білесіздер. Бүгінде оның 311 томы жарық көрді. Одан бөлек тағы да 100 томдық шығармалар жинағын оқырманға ұсыну ойда бар,-дейді Ұ.Сәдібеков.

%d0%be%d2%a3%d1%82%d2%af%d1%81%d1%82%d1%96%d0%ba-%d0%ba%d1%96%d1%82%d0%b0%d0%bf2

     Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар Одағы ОҚО-дағы филиалының директоры, ақын Бақытжан Алдияр бүгінгі зиялы қауымның жағдайына қысқаша тоқталып, өзінің жыр қоржынынан өлең оқыды.

 -Қазақстанның Жазушылар Одағына облысымыздан алпыс ақын-жазушымыз мүшелікке қабылданған. Өзіміз жылына бір рет Алматыдан арнайы өкіл шақырып, есеп ретінде бас қосып жиын өткізіп тұрамыз. Одан бөлек, ақын-жазушыларымыздың мерейтойларын, кездесу кештерін өткізіп тұрамыз. Жыл сайын облыс әкімінің «Үздік ақын», «Үздік жазушы» атты арнайы сыйлығы табысталып тұрады. Мархабат ағамыз прокуратурада өткен жиынды тілге тиек етті. Біз қайбір жылдары 31-ші түрмеде кездесу өткізген болатынбыз. Оған осы Ханбибі апамыз, Нармахан, Мархабат ағаларымыз қатысты. Бір айта кететіні, бұған дейін одақ мемлекеттік ұйым немесе кәсіппен айналысатын орын болмағандықтан біздің филиалдың белгілі бір офисі болмады. Бақилық болып кеткен бұрынғы дирекотырымыздың үйінде болмаса басқа жерлерде жүздесіп тұратынбыз. Былтыр облыс әкімдігінің қолдауымен филиалға арнайы нысан беріліп, Құдайға шүкір, өкілдігіміз жұмысын жалғастырып отыр. Алдағы уақытта Шымкентте «Ақын-жазушылардың» аллеясы ашылады деген үміт бар. Сондай-ақ, республикамызда бұрын-соңды болмаған «Әдебиетшілер үйін» облыс орталығында ашуды жоспарлап жатырмыз,-дейді ол.

%d0%be%d2%a3%d1%82%d2%af%d1%81%d1%82%d1%96%d0%ba-%d0%ba%d1%96%d1%82%d0%b0%d0%bf

      Осылайша, өлең-жырмен өрнектелген рухани кешке «Жақсымен өткен жарты сағат – жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген баға бердік. Расында, ұлтымыздың ұйытқысы болған шырайлы оңтүстіктен шыққан зиялы қауым өкілдерінің шоқтығы қашан да биік бола бермек.

ӨНЕРІ ӨРГЕ ЖҮЗГЕН ОБЛЫС

      ОҚО-ның мәдени күндері аясындағы іс-шараларды 16 қазан күні өңірдің өнерпаздары қорытындылады. Оның алдында екі күн қатарынан  Астана қаласының мектептері мен бала бақшаларында, қарттар үйінде, Қазақ Ұлттық Өнер университетінде Оңтүстікте түсірілген анимациялық фильмдер мен қысқаметражды фильмдердің («Қазақ елі», «Толағай», «Түлкі, кене және тасбақа», «Маймақ қаз», «Қошқар мен теке», «Қазақстан барысы», «Қазақстан бренді», «Қанатты барыс», «Өтелмес борыш», «Майдангерлер») көрсетілімі ұйымдастырылды. Балаларға базарлық ретінде ұсынған оңтүстік аниматорларының туындылары кішкентай көрермендерді отансүйгіштікке, имандылыққа баулитынын жақсы білеміз. Сондай-ақ, Астана Жастар театрында Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры С.Досановтың «Тозақ шеңбері» қойылымын, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында облыстық орыс драма театры Ю.Поляковтың «Одноклассники» қойылымын көрермен назарына ұсынды. Қазақ қоғамында «КВН» ұғымы пайда болғалы бері кішкене сахнадан талай тарланды түлеткен оңтүстіктің әзілкештері де мәдени күндерден қалыс қалмады. Елордадағы «Жастар» сарайында «Оңтүстік жайдарманшылары» көрерменді күлкіге қарық қылып, қалжың-қалталарының қомақты екенін байқатты.

    Бұдан кейін жоғары айтып өткеніміздей, 300 тонна өнім әкелген оңтүстікқазақстандықтар 350 өнер ұжымы мен әншілерін, ақын-жазушылары мен жайдарманшыларының басын қосып, «Конгресс Холл» сарайында  «Ән – шашуым өзіңе, мерейлі Астанам!» атты гала-концертін өткізді. Салтанатты кеш басталмай тұрып «Конгресс-Холдың» фойесінде «Нұрын шашқан – Оңтүстік» фотокөрмесі ұйымдастырылғанын айта кетейік. Салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, қазақылықтан айнымай келе жатқан бір өңір осы Оңтүстік Қазақстан болса, өнері өрге жүзген облыстың мерекелік концертін көргенде арманда, көрмегенде арманда…

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ

Сурет авторы: ©Ержан ЖАУБАЙ