Жамбыл жеріндегі жылы жүздесу

Әулиеата өңіріне арнайы іссапармен келген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы,  «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы бүгін облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен кездесті. 

 

Кездесуде негізінен халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен облыс халқының және әкімдігі арасындағы өзара байланысы мәселелері сөз болды. 

Сонымен қатар аймақ басшысы әкімдіктің алдағы жоспар-жобаларын таныстырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелерін ортаға салды. 

Сәуле Мешітбайқызы Нұржан Молдиярұлына тәуелсіздігімізбен түйдей құрдас «Qazaqstan dauiri» газетінің 30 жылдық және  республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының 20 жылдық мерейтойы жайлы хабардар етті. Газеттің еліміздің өзге өңірлері сияқты Жамбыл жұртшылығымен де жақсы қарым-қатынаста екенін атап өтіп, облыстың алдағы тыныс-тіршілігіне табыс тіледі.

Бұдан кейін С.Мешітбайқызы Тараз қаласындағы «Достық үйінде» өткен «Береке көзі — бірлікте» атты дүнген қауымдастығының Жамбыл жеріндегі жүздесуіне қонақ ретінде қатысты. Сондай-ақ жиында облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев, облыстық «Қоғамдық кеңес» мекемесінің директоры Парида Мамедова да болды.

Дүнген ағайындардың азаматтық қоғамдағы ұйымдарының өзекті мәселелері қаралған тарихи кездесуде Қазақ елінің ынтымақ-бірлігі де әңгімеге арқау болды.

Еліміздің 9 аймағынан келген дүнген этносының өкілдері қатысқан кездесудің негізгі тақырыбына келсек, мұнда елімізде өткелі жатқан референдум, Конституцияға енгізілетін өзгерістер, республикадағы дүнген этномәдени бірлестіктерін біріктіру туралы меморандум қабылдау, «Дүнген республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жарғысын бекіту, осы қоғамдық бірлестіктің төрағасын сайлау мәселелері қаралды.

 

Жиынның кіріспе сөзінде облыс әкімінің орынбасары Р.Дәулет референдум өткізудің жұмыс жоспарына тоқталып, дүнген ұлты өкілдерінің қоғамдағы белсенділігіне тоқталды.

Оның айтуынша, Жамбыл жеріндегі дүнген ағайындардың жалпы саны 60 мыңға жуықтайды. Бұл еліміздегі дүнгендердің 80 пайызын құрайды.

Жалпы, былтыр дүнген ағайындар 44 миллион теңгеден астам қайырымдылық іс атқарса, биыл 20 миллион теңге қайырымдылық іс-шараларына үлес қосыпты.

Ал Мәжіліс депутаты Ілияс Буларов республикалық масштабтағы мұндай жиынның елімізде көптен бері өтпегенін сөз етіп, киелі Әулиеата жерінде бас қосып отырғанына ризашылық білдірді.

Сондай-ақ Сәуле Мешітбайқызы да жиында сөз сөйлеп, елдің бірлігіне, ынтымағының артуына қатысты кесек-кесек ойын ортаға салды. Жалпыхалықтық референдумның ел дамуындағы, жаңа Қазақстанды құрудағы маңызына мән берді.

Айта кетсек, бұл жиынға Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызының арнайы шақырылуы да тегін емес.

Осыдан екі жыл бұрын болған Масаншы оқиғасынан кейін «Qazaqstan dauiri» газеті Қордай ауданына бірнеше рет ат басын бұрып, елге басу айтып, екі тараптың да талап-тілегін, өтінішін тыңдап, ел басшылығына жеткізіп отырды.

Ал жиынның қорытындысына келсек, елдегі дүнген этномәдени орталықтары бір жерге, яғни «Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігіне бірігіп, Жарғысы, мүшелері, тексеру комиссиясы бекітіліп, ал төрағасы болып тараздық Зайнутдин Махусеев бірауыздан сайланды.

Жалпы, «Qazaqstan dauiri» халықаралық газеті Жамбыл облысының Қордай ауданымен де Масаншы оқиғасынан кейін тығыз байланыс орнатқан.

Кішігірім экспедициямыздың бүгінгі сапары осы ауданда, Қаракемер ауылында түйінделмек.

Алдағы уақытта сапарымыз Мойынқұм, Шу аудандары мен өңірдің өзге де аудандарында жалғаса бермек.

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы