Жеңіс Қасымбек Нұра ауданының тұрғындарымен кездесті
Тұрғын үй, су, абаттандыру, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі – бұл мәселелерді Нұра ауданының тұрғындары Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуде көтерді. Ауыл тұрғындарына жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды. Олар өз сұрақтарының бір бөлігіне бірден жауап ала алды.
Өңір басшысына нұралықтар электр энергиясының тарифі жоғары екенін айтып шағымданды. Облыс әкімі бұл мәселе жайлы білетінін және оны шешудің мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Ауданда электрмен жабдықтау қызметтерін бірнеше компания ұсынады. Тұтынушылар тобы үшін тарифтерді саралауға өтінім беру тапсырылды. Бұл қызмет құнын төмендетеді.
Шұбаркөл кентінің тұрғындары көп қабатты үйлердің шатырын жөндеу туралы өтініш білдірді. Оларға аталмыш мәселені шешуге «Шұбаркөл көмір» жүйе құраушы кәсіпорны жұмылдырылатыны мәлімделді. Ал бюджет қаражаты есебінен бұл кентте мектеп ғимаратының шатыры ауыстырылады. Сондай-ақ, жылыту жүйесін жөндеу жоспарлануда.
Аудан әкімі Аян Шалмағанбетовтың айтуынша, әлеуметтік сала мен ТКШ саласында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Нұра кенті мен Шахтерское ауылында жабық хоккей корттары пайда болады – нысандар құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, орталық кітапхана күрделі жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, жеті ауылдық мәдениет үйін жөндеу жоспарланған.
Жанбөбек ауылында сумен жабдықтау желілері жаңартылады, оларды қайта құру биыл аяқталады. Нұра ауданында төрт балалар алаңы абаттандырылады.
– Бұл кездесу жаңа форматта өтуде. Тұрғындар өзекті мәселелерді айтты. Бірқатар сұрақтарға бірден жауап берілді. Қалған мәселелер шешімін табады деп ойлаймын, – деді «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп.
– Сұрақтардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Келесі кездесуде сіздер айтқан мәселелердің шешімі туралы айтып береміз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкімі сондай-ақ жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізді. Өтініштердің көпшілігі жолдарды жөндеуге байланысты болды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары ауыз су, интернеттің жоқтығы және жер мәселесі бойынша жүгінді.
Жомарт Шаймұрат