Қарағанды облысындағы «Жасыл ел» жасақтарына екі мыңнан астам жауынгер алынды

Биыл облыстағы «Жасыл ел» жасақтарында 14 пен 16 жас аралығындағы 2211 жасөспірім еңбек етеді. Тағы 60-ы қосымша күш ретінде белгіленген.

Жастардың маусымдық жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету – кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысында қаралған маңызды мәселелердің бірі болды. Ағымдағы жылы жауынгерлерді уақытылы қабылдау үшін наурыздың 1-і мен 31-і аралығында бір реттік құжат қабылдау ұйымдастырылды. Барлығы 2,5 мыңнан астам өтініш түскен.

– «Жасыл ел» қатарына қабылдауда халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдерге басымдық берілді. Жаңа маусымда қатысушылардың 39 пайызға жуығын көп балалы, толық емес, аз қамтылған отбасылардан шыққан жасөспірімдер, сондай-ақ «қандастар» санатына жататындар мен жетім балалар құрайды, – дейді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов.

Жұмыс маусымына қатысушылардың барлығы «Жасыл ел» фирмалық киімімен қамтамасыз етіледі. Киім 25 мамырға дейін дайын болады.

 

Жомарт Шаймұрат