САРЫСУҒА ЕЛ АНАСЫ СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ ІССАПАРМЕН КЕЛДІ
Бүгін халықаралық «QAZAQSTAN DAUIRI» газетінің Бас редакторы, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы ауданға жұмыс сапарымен келді.
Ақжаулықты ана әуелі аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевтің қабылдауында болып, жыл басынан бері өңірде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Осы ретте өз тарапынан әрдайым ақпараттық және рухани қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, ұлағатты ұстаз аудан активімен кездесу өткізіп, барша сарысулықтарды алдағы саяси науқанға белсенді атсалысуға шақырды.
— Референдум — «Жаңа Қазақстанды» құрудағы ең маңызды алғышарттардың бірі. Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы Конститутциямыздың 33 бабына түзету енгізілгелі отыр. Бұл саяси маңызы бар мемлекеттік құжаттың 3/1 бөлігі өзгереді деген сөз. Сол себепті ел ертеңіне алаңдаушылық білдірген әрбір қазақстандықты, сарысулықты саяси науқанның басынан табылуға шақырамын, — деді қоғам қайраткері өз сөзінде.
Жиын соңында ел анасы осы өңірден шыққан талай талант иелерінің үздік шығармаларынан үзінді келтіре отырып, ауданның мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін күні ертеңгі кәсіби мерекелерімен құттықтады.
☑️Сарысу ауданы әкімдігінің Баспасөз қызметі