“ОҚУШЫ АРЛАНЫ” АНЫҚТАЛДЫ

“Балалар жылы” аясында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» ұйымдастыруымен «Оқушы арланы» және «Оқушы қыраны» турнирі өткізілді.
60-қа жуық балуан қатысқан республикалық жарыста жоғары дәрежедегі ұлттық төреші Мухаметқалиев Руслан төрелік етті.
Бұл жолғы бәсекеде Тараз қаласы, 54 орта мектептің 11-сынып оқушысы Темірлан Рысмахан ешкімге дес бермей, «Оқушы Арланы» атанды. Ал ақтық айналымда осы мектептің оқушысы Жалғас Жоспар екінші орыннан көрініп, бір мектептен келген балуандар екі жүлдені қанжығасына байлады. Үздік үштікті Түркістан облысы, Бәйдібек ауданынан келген Ақылжан Тұрсынбек түйіндеді.

Ал қыздар арасында өткізілген “Оқушы қыраны” жарысында бас жүлде Сарысу ауданы, Адамбаев орта мектебінің 11-сынып оқушысы Аяулым Балғабаеваға бұйырды. Тараз қаласы, 5 мектеп-гимназиясының оқушысы Айлун Балмаханбетке екінші орын бұйырса, Меркі ауданы, 39 жалпы білім беретін мектептен келген Зейнеп Тұрсынбек үшінші орынға ие болды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін диплом, кубок және медальдармен бірге 1 орын — 100% (Халықаралық Тараз инновациялық институты ректор гранты), 2 орын — 75%, 3- орын 50% оқу төлем ақысына жеңілдіктермен марапатталды. Осы орайда аталған оқу орнына көрсетілген қолдау үшін алғысымызды білдіреміз.

Жамбыл облысының білім басқармасы